Саясат • 10 Қараша, 2022

Бітімгерлік миссиясы

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Бітімгерлік дайындық орталығына Канада дипломаттары келді. Жұмыс сапары барысында Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алан Хэмсон мен әскери атташе екінші дәрежелі капитан Рональд Готье бітімгерлік миссияларға қатысу мақсатында әскери қызметшілерді дайындайтын орталықтың қызметімен танысты.

Бітімгерлік миссиясы

Бітімгерлік дайындық орталығының бастығы, полковник Бауыржан Нығметуллин Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшесінің құрылу тарихы мен атқаратын қызметінің басты бағыттары тура­лы айтып берді.

Дипломаттар сондай-ақ оқу бағдарламаларымен, соның ішінде БҰҰ-ның бітімгерлік миссиялары шеңберінде тілдерді қарқынды даярлау және бейбіт тұрғындарды қорғау курстарымен танысты.

Кездесу барысында тарап­тар бітімгерлік қызметтегі гендер­лік аспектілерді талқылады. Канада – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің «Әйелдер. Әлем. Қауіпсіздік» 1325 Резолюциясын белсенді қозға­ған ел. Биыл маусым айын­да Канада елшілігінің қол­дауымен Астана мен Нью-Йорктегі «БҰҰ – әйелдер» құры­лымымен бірлесіп, осы тақы­рып төңірегінде курс өткізді.

Кездесу соңында Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алан Хэмсон қазақстандық тарапқа жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, ынты­мақ­тастыққа дайын екенін жеткізді.