Өнер • 10 Қараша, 2022

Моцарт пен Сальери

786 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Толстой: «Музыка ақылды топастандырады» деген пікір айтты. Бірақ бұл олпы-солпы, өнер санатына енбейтін арзан әуенге қатысты айтылған. Мәселен, Моцарт шығармалары жаңа ой тудырып, ақылдың сергуіне, жан дүниенің жоғарғы бөлігінде қиялмен қанат қағуға ықпал етеді.

Моцарт пен Сальери

Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» трагедиясы дарынды мен дарынсыздың күресін бейнелейтін шығарма ретінде тарих қойнауына енді. Пьесада италиялық композитор Сальеридің ішкі драмалық тартысты сезімі суреттеледі. «Қолөнер жасадым өнердің тұғырына» деген Сальери өзінің талантсыз өнеріне берілер «жәдігөй атақты» көксейді. Ал вундеркинд ретінде сәби жасында-ақ атағы жер жарған Моцарт емін-еркін жүріп-ақ өзінің «Құдай ұшқынынан» жаралған баға жетпес туындыларын дүниеге әкеледі. «Сен Моцарт Тәңірсің, бірақ тек білмейсің мұны» деген Сальери композиторды күндеп, «Сен өз-өзіңе лайық емессің» деп қаралауға көшеді. Көреалмаушылыққа тұншыққан жан азабына қамалған ол «аспанның қателігін түзеймін» деп, соңында Моцартқа у беріп өлтіреді.

 Небәрі отыз бес жасында көз жұмған Моцарттың өлімі жайлы аңыздар сан-сақты нұсқайды. Бірі «Моцарттың талантын қызғанып, күндеген Сальери у беріп, өлтірді» десе, енді бірі ұлы композитордың өз ажалымен өлгенін, Сальериге жала жабылғанын айғақтайды. Жазушы Аягүл Мантай: «Музыкатанушылар Бетховен Сальеридің сүйікті шәкірті болғанын, Бетховен ұстазына үлкен құрметпен қарағанын жазады. Құлағы мүлдем естімей қалғаннан кейін Бетховен достарымен сөйлесуге дәптер арнайды. Мэтр дәптерге айтатын сөзін жазып, достарына көрсетіп, олар астына жауап жазған. Бетховеннің бір дәптерінде «Қазір Сальери қатты ауырып жатыр. Ол мүлдем есін жоғалтты. Ол өзін Моцарттың өліміне кінәлі санайды. У бергенін айтады» деген жазу бар. Бірақ бұл жазу нақты Бетховенге тиесілі ме, жоқ па, бұл да әлі күнге дейін зерттеушілер арасында пікірталас тудырып келеді», деген дәйек келтіреді.

Кім айтар Сальери тәкаппар кейпінде,

Жалмауыз қызғаныш отына күйгенін?

Тапталып қарасұр табанға бір күнде,

Дәрменсіз тозаңның қамытын кигенін?

Жо-жо-жоқ! Алайда дәл қазір мен деген,

өзімін жымысқы қызылкөз пенденің.

 О, аспан, сенде әлде әділдік кем бе екен,

Киелі сыйыңды неге мол бермедің?

Шығармада Сальери «данышпандық пен жауыздық бір жолға сыймайды» дейді. Иә, шынында, ақ пен қара, жоғары мен биік, жақсы мен жаман бір үйшікке орныға алмас. Сол үшін де тарих Пушкин мен Дантес, Лермонтов пен Мартынов, Махамбет пен Баймағамбет, Есенин мен Троцкий, Мандельштам мен Сталин, Шәкәрім мен Қарасартов, Пастернак пен Хрущев, Бродский мен Брежнев, Құлагер мен Батыраштарды екіге бөліп қарайды. Бұлар ешқашан да түйісе алмақ емес.

Данышпандық пен жауыздық –

сия алмас біртұтас өлшемге,

Бонаротти ше? Ол қалай?

әлде бұл тобырлық өсек пен кемсең бе?

Бұл Сальеридің ақырғы сөзі. Бәлкім өзін жұбат­­қан, жауыздығын ақтап алған сөзі. Мұндағы Бонаротти дегеніңіз әйгілі суретші – Микеланджело Бонаротти. Микеланджело күңгірт әлемінде өмір сүріп, ұлы өнер тудыру жолында жан аямай еңбек еткен адуын талант. Деректерде оның өте аз күлгенін, тіпті күлмегені жөнінде айтылады. «Бүкіл әлем өксікке толып тұрғанда, адам күлуге тиіс емес» дейтін ол. Дүниеге аспан мен жерді мүсіндеу үшін ғана келгендей алғырлықпен асыға өнер жасайтын. Бір күні Христостың қаза болған сәтіндегі бейнесін шынайы суреттеу үшін алдында тұрған адамды өлтіріп, мақсатын жүзеге асырады. Міне, Сальеридің зұлымдығын ақтап, данышпандық пен жауыздықтың бір арнаға тоғысатыны жөніндегі мысал еткен дәлелі осы еді.

Біздіңше, «үлкен адамның қателігі де үлкен болады» деген сөз рас. Бірақ кіші адамның үл­кен қателігін ақтап алуға болмайды. Моцарт пен Сальери күресі – мәңгілік күрес. Бұл күрес Абыл мен Қабыл кезінен-ақ бастау алған. Шексіз майданда тек мықтыларға ғана орын бар. Тайпалық өрке­ниеттен бері қалыптасқан қағидат та осыған саяды.