29 Мамыр, 2014

Өмірі өнермен өзектес

562 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақсылық Мағзымұлы туралы бір үзік сыр docs.mail.ru-1Жақсылық Мағзымұлының есімі, «Өнері бар ел сұлу, аққуы бар көл сұлу» делінгендей, Жаңаарқа топырағында қанаттанған бұл азаматтың өмір жолы жақсылықтар мен ізгіліктерге толы екенін, өсіп-өнген ортасына бойындағы дарыны мен қабілетін барынша төгіп қана қоймай, өңір өркениетін өрлетудің нағыз үлгісі деуімізге болады. Ән мен күйдің Арқадағы дәстүрін жаңаша жаңғыртып, жалғастырушы тұрғысындағы еңбегі бүгінде замандастары арасында әрдайым зор ілтипатпен айтылады. Тағдыр осындай халықтық асыл қазына үшін арман-мұратын ту еткен Жақсылық Мағзымұлы сынды тұрғыласыммен табыстырғанына  ризалығым шексіз. Ол туралы өнер майталмандары Қайрат Байбосынов, Қорабай Есенов, Бекболат Тілеухан, Серік Оспанов, Ғалым Мұхамедин, Мағ­жан Садыханов, Абылай Шу­лан­­­­баев  өз пікірлерін білдірген болатын. Жақсылықпен алғашқы танысуым өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басы болатын. Сол шақта Жезқазған облысында жастар арасындағы сан-салалы қызметтермен бірге, ел ішінде өнер мен мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөлінген-ді. Міне, осынау шараларды атқару кезінде ол көзге оқшау түсіп, жанына сүйікті іске белсене араласа бізге үлкен ақылшы әрі көмекші болды. Бұдан кейін Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалғанымда ниет-мүддеміз одан сайын жақын тоғысып, аудан мәдени өмірін қоян-қолтықтаса түрлендіріп, түлетуге ұмтылдық. Менің өтінішім бойынша жезтаңдай әншілер Игілік Омаров пен Көл­ма­ғанбет Нұрмағамбетовты бас­тап басқа да ауылдарды аралатуға құлшынып тұратын. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, Балмағамбеттің Байжұманы, Төлепбергеннің Нұрғазысы, Бей­сектің Шабалы, Омардың Игілігі, Сайдалы Сары Тоқа, Тілеуханның Мұхаметжаны сияқты үлгілі әншілер мен күйшілер жаңа ұрпақ өнерін өрге жүздіруге бас-көз болған Жақсылықтың арқасында ата-баба үрдісі аса жарқырап сала бергені қалайша ұмытылсын. Жүрегінің оты жанған, талабы қайралған, еліміз мақтанышына айналған жоғарыда аталған саңлақтардай жан сарайын ашқан, шабыттарына шабыт қосқан дүлдүлдер аз болмады. Олардың бәрі де Жақсылық ағаларының ұстаздық та, ұйытқылық та іс-қызметін ұмытқан емес. Мектепте мұғалім, мәдениет үйінің директоры, мәдениет бөлі­мінің меңгерушісі тәрізді негізгі қызметтерін атқара жүріп – «Жас әуен», «Сарыарқа», «Жаңа­арқа», «Арқа сазы» ән-би және ұлт аспаптары ансамбльдерін ұйым­дас­тыру­шысы болды. Күйші демекші, Ж.Мағзымұлының орындауындағы күй­лер Қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынған. Сон­дай-ақ, өзі шығарған «Қуаныш», «Жұ­баныш» күйлері мен «Ақтау», «Жа­­ңаарқа» әндері көпшілікке белгілі. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дегендей, замандасымыз жергілікті өнер тарихын зерттеуде де қабі­летін таныта білді. Өңір рухани құндылықтарын жаңғыртушы, сақтаушы, насихаттаушы ретіндегі бұған дейін белгісіз болып келген әндер мен күйлер, өнер иелері туралы «Жаңаарқа әншілері» атты кітабы – мәдениет саласында көп жылдар бойғы тынымсыз еңбегі мен жемісінің нәтижесі. Бұл көлемді де мазмұнды еңбекте туған аймағынан шыққан бұрынғы және кейінгі толқын өнерпаздар жұртшылыққа таныстырылып, табыстыру арқылы жаңа буынды өнерді қастерлеп, ардақтай білуге тәрбиелейді. Сонымен бірге, онда әр кезеңде өнерге өз үлесін қосқан таланттардың бәрі қамтылғандықтан оның тарихи-танымдық құндылығы да маңызды. Бүгін өмірдің тағы бір асқаралы белесіне көтеріліп, 70 жасқа толып отырған Жақсылық Мағзымұлының қысқаша шолғандағы еңбек жолы осындай. КСРО мәдениет қызметінің үздігі, Қазақстан Рес­публикасының «Мәдениет қайраткері», күйші-сазгер тұрғы­ласыма жаңаарқалықтар атынан зор денсаулық, балалары мен немерелеріне бақытты тұрмыс тілеймін. Бұл күнде Астанада тұр­ғанымен қолы қалт еткенде туған ортасы өнерпаздарымен табысып­ отырады, көргені мен түйгені көп Жақсылық ағаларын олар да са­­ғына күтеді. Өнер деген әсем әлем­де тербеліп, өзгелерді де сонда тер­бетуші жанға бұдан асқан қуаныш жоқтығын білеміз. Мұхамбетқасым Шәкенов.