Әдебиет • 10 Қараша, 2022

Әдебиеттанудың ар-ожданы

496 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері, филология ғылым­дарының докторы, профессор, Тұрсынбек Кәкішұлы – әдебиеттану мен сынның ауыр жүгін көтерген, кер замандағы кереғар қағидалардың тая­ғын жей жүрсе де ұлттық ғылыми-зерт­теушілік және сыншылдық-эстетикалық ой-пікірдің қалыптасуы мен даму тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеуге мол үлес қосқан тұлға. Ұлт зия­лылары ұстазымызды әдебиеттану ғылымының ар-ожданын жоғары ұстаған абыз дәрежесінде бағалайды.

Әдебиеттанудың ар-ожданы

Т.Кәкішұлының өз тұсында ЖОО-ларда арнаулы курс дең­­гейінде ғана оқытылып жүр­ген қазақ әдебиеті сыны тарихын ғы­лыми пән ретінде дербестік алуына сіңірген еңбегі елеулі. Сын үлгілерінің сілем­дерін тарихтағы рухани мұра­лардан тауып, алғашқы қазақ бас­пасөзінде осы жанрдың қалып­тасқанын ыждағатпен зерттеді. Сол ар­­қылы қазақ әдебиеті сынының жеке сала ретінде кәсіби сипат алғаны төң­керіске дейінгі дәуірде жүзеге асқа­нын дәлелдеп, мәдени, әдеби, ғылыми жетіс­тіктеріміздің бәрі де «революция жемісі» деп есепте­ле­тін қасаң қағиданың тас-талқанын шығарды. 

Т.Кәкішұлы сын мен әдебиеттану ғылымының тарихын зерттеуге бел бу­ғанда, бұрынғы таптаурын болған жолдан өзгеше бағытты бастап, көп ғылым докторының бірі болу үшін емес, өз ұлтының әлемдік өркениетке қосқан үлес-салмағын дәлелдеуді мақсат еткені анық. Оған қоса сындарлы да мазмұнды сын жолына түспестен бұрын әдебиет зерттеушісіне ең негізгі керек болатын қасиеттерді меңгеру жолынан өтті. Олар тек ғылыми табандылық пен логикалық тұрғыдан зерделей білу, мұрағаттарда шаң басып жатқан жәдігерлерді іздеп табу ғана емес, өз зерттеулерінің басты бағытын ұлттық мүдде тұрғысы­нан пайымдай білуді де қажет ететінін ғалым өз шығармашылығының басты кредосына айналдырды.

Ғалымның бойындағы туабіткен «сын­шы, филолог, анти­кварлық» мінез бен қадір-қасиет тотали­тарлық кезең­дегі маркстік-лениндік әдіснама қағида­ларының қамытын киіп алып тарта беруден сақтап қалды.

Ұстазымыз қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеуге кіріскенге дейін ұлттық әдебиет туралы ғылым тарихы, ондағы әдеби-теориялық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің даму үдерісін, әдіснамалық мәселелерін ғылыми тұрғыда жүйелі тексерген күрделі ғылыми зерттеу бол­ған жоқ. Әдебиеттану ғылымның туу, қалыптасу, даму жолдары мен тари­хының көптеген мәселелері туралы келешек зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беретін соны көзқарастарды «Сын сапары» мен «Оңаша отау» атты монографияларында алғаш ғылыми айналымға енгізді. Өзінің қалыптасу тарихындағы жетістіктер мен қателіктерді ғылыми тұрғыда зерделеп алмай тұрып, қандай да болсын ғылым саласының өсіп-өркен­демейтінін өзінің «әсіре лениншіл» замандастарынан бұрын сезіне білді. Әсіресе, маркстік-лениндік әдіснама­ның сталиндік билік кезіндегі артық-кем айтылып, енді қағидаға айналып бара жаздаған қателіктердің орын алу себеп-салдарларын таразылау әдебиеттану мен сын үшін ғана емес, халық болашағы үшін де қажеттігін алғашқы болып тани алды.

Қазақ әдебиеттану ғылымының өсіп-өркендеу жолын қоғамдық ой-са­на­­ның жетілуіне орай алғашқы ғылы­ми және теориялық ой-пікірдің ояну, көркем әдебиетке байланысты ұғым-түсініктердің қалыптасуы мен әдеби мұраны жинап жариялау, зерттеу про­цесіне сай кезеңдерге бөле отырып тек­серудің, әдіснамалық тұрғыда толық жетілуін саралаудың практикалық та, теориялық та мәні бар екені тұңғыш рет осылайша пайда болды. Оның ішінде тууы мен қалыптасу дәуірлерін бастан өткерген ХХ ғасырдағы әдеби мұраны игеру жолындағы зерттеуші­лік ізденістерін, ұлттық әдебиеттің ғы­лыми тарихын жасау мен дәуірлеудегі қадамдарын саралаудың маңызы зор екені Т.Кәкішұлының докторлық диссертациясында алғаш айтылды.

Профессор Т.Кәкішұлы қазақ әде­биет­тануы мен сынының туу, қалыптасу жолдарын белгілі бір дәуірлерге бөлген­де, сын мен әдебиеттану ғылымының са­бақ­таса, бір-бірін толықтыра дамиты­нын ескере отырып, үлкен үш кезеңге жіктейді. «Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқаймыз. Бірінші кезең – қазақ әдебиеті сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең – қазақ әдебиеті сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымы­ның туу дәуірі. Бұл процесс 1917-1937 жыл­дардың арасын қамтиды. Үшінші кезең – қазақ әдебиеті сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалып-­­
тасу дәуірі. 1938-1985 жылдар аралығы», – ­деп көрсетеді.

Сын тарихына тән бұл үш кезеңнің қазақ әдебиеттану ғылымының туып, қалыптасу жолына тікелей қатысы бар. Себебі әдебиет сыны өзінің туу дәуірінен бастап-ақ сол әдебиеттің тарихы мен әдеби-теориялық мәселелері жайында пікір білдірмей тұра алмайды. Бұл тұрғыда орыс әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолын зерттеушілердің бірі П.А.Николаев: «Попытка системати­ческого исторического обзора знаний о литературе первоначально осуществлялась на материале критики» дегені дәлел бола алады.

Қандай да болсын ғылым саласы бірден туып, қалыптаса қоймай­ты­­нын ескерсек, онда әдебиет тура­лы ғы­лымының алғашқы адымы қара­па­йым ой-пікірден, алғысөз бен түсіндірмелерден, ғұмырнамалық деректерден, халық тарихына байланысты ақпарлар мен мәлімдемелерден, шығарманың мәнін ұғып, сөзін тамашалаудан басталып, өзінің тууы, қалыптасу процесіне дейін ұзақ жолды бастан өткереді.

Т.Кәкішұлы өзінің 1994 және 2003 жыл­дары жарық көрген «Қазақ әде­биеті сынының тарихы», «Жанр жайлауы» (2007) аталатын еңбектерінде сын­шыл­дық-эстетикалық, ғылыми-зерт­­теу­шілік ой-пікірдің алғашқы қа­дам­дарын ежелгі дәуір мен ортаға­сыр­лар­дағы жазба жәдігерлердің хатқа түсуімен байланыстылықта қарады. Соның нәтижесінде ғалымның ғылыми жетекшілігімен қорғалған Ж.Смағұлов пен С.Жұмағұловтың докторлық диссертацияларында әдебиеттану ғылымы тарихының дәуірлері жаңаша жүйеленді. Тарихи шындыққа сай баға беру бағытын ұстай отырып, маркстік-лениндік әдіс­нама қағидаларына орай жазылған еңбек­тердің жетістіктері мен бүгінгі таңдағы талап-тілек бойынша қателік болып табылатын тұстары таразыға алынды.

Профессор Т.Кәкішұлының бас­шы­лығымен қазіргі таңда ұлттық әде­биет­тану ғылымы тарихы мынандай дәуірлерге бөлініп отыр. Бірінші кезең – қазақ әдебиеттану ғылымының тарихи алғы шарттардан тұратын арғы бастаулары, яғни тарих алдындағы дәуірі. Бұл ежелгі кездегі әдебиетінен бастап XX ғасырға дейінгі уақыт ара­лығына созылды. Екінші кезең – қазақ әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Ол 1900-1940-жылдар арасын­да жүзеге асты. Үшінші кезең – қалыптасу дәуірі. Бұл 1941-1970 жылдар аралығын қам­тиды. Төртінші кезең – даму, өркен­деу дәуірі. Бұл әзірше 1971-2000 жылдар ара­лығындағы уақыт деп танылып отыр.

Көне түркі жазба ескерткіштерін хатқа түсіруден бастап Шоқан, Ыбырай, Абай заманына дейін созылған ұзақ дәуірді қазақ әдебиеттану ғылымының тууына дейінгі тарих алдындағы кезеңі деп атаудың қазіргі әдебиеттанудағы ғылыми айналымға енуі заңды бол­мақ. Бұл проблема қазіргі қазақ әдебиет­тануында Т.Кәкішұлы, Ж.Смағұлов, С.Жұмағұл, Д.Ысқақұлы, А.Ісіма­қо­ва­ның монографиялық еңбектері мен «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» аталатын екі томдық басылымда өз шешімін тапты.

Қазақ әдебиеттану ғылымының тууы мен қалыптасу тарихында ХХ ғасыр­дағы ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікір­ге үлес болып қосылды деп табыл­ған мақалалар мен баяндамалар, зерттеу еңбектер мен оқулықтар, монография­лар кешенді түрде объективті аналити­ка­лық талдау және тарихи-салыстырмалы әдістер арқылы қарастырылып жатыр. Осыған сай замана талабы мен идео­логия қыспағындағы қате теориялар­дағы көзқарасқа («пролеткультшыл­дық», «тұрпайы социологизм», «бірың­ғай ағым») ұшыраған мақалалар мен зерттеулер де саралануда. Ал сол 1970 жылдары «тұрпайы социологизмді» сынауда таяқтың бір ұшы партияның көркемөнер мен ғылым саласындағы саясатына тиіп жататынын ескерсек, ол Т.Кәкішұлының туған әдебиет туралы ғылым болашағы үшін ерлікке пара-пар ғалымдық парасатының арқасында ғана айтылды. Өз ғасырының жүгін әдебиеттің таптығы мен партиялығынан жауыр болған иінінде көтеріп әкеткен ғалым еңбегі халық үшін жасалатын қандай да болсын ұлтжандылыққа тең екенін мақтанышпен айтса да болады.

Тәуелсіздік алғаннан бері басқа қо­ғамдық, гуманитарлық ғылымдар саласы сияқты қазақ әдебиеттану ғылымы өз басынан өткерген тарихи жолын жаңаша көзқараста саралап жатыр. Соның арқа­сында ұлттық әдебиеттануда сара бағыт­тар мен келелі тақырыптағы мәселелерді кешенді түрде зерттеген ғалымдардың да сіңірген еңбегіне баға беру жұмыстары қолға алынуда. Ал бұл болса, біздің әдебиеттануда ғылыми мектептердің қалыптасуы туралы пікірлердің айтылуына себепкер болды.

Академик З.Қабдолов «Әуезов» (1992) атты еңбегінде ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасы туралы мақаласында ұлттық әдебиеттануда үш ғылыми мектеп бар деп жазғанда, әдебиет тарихынан Б.Кенжебаевтың, әдебиет теориясынан З.Қабдоловтың мектептерін атайды. Ол шынына келгенде ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы негізін қалағандықтан, Ахаңның ғылыми мектебі болуы керек. Өз ұлыларымызды мансұқтай бергеннен тапқан пайдамыз шамалы. Айтты-айтпады, ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің барлық бастау көзі болып табылатын «Әдебиет танытқыштың» авторы керек десеңіз ғылым кандидаты да емес. Білімдарлық пен ұлтына қызмет ету үшін ғылыми атақтың қажет те емес екеніне бұл да бір нақты дәлел.

Ал үшінші ғылыми мектепті профессор Т.Кәкішұлының мектебі деп көрсетеді. Оны: «Үшінші сала – әдеби сын. Бұл проблеманы басында профессор Т.Кәкішев бір өзі жеке дара алып зерттеп, талай архивтердің қоңыржай қоймаларын ақтарып-төңкеріп, одан тапқан құжаттар мен жазбаларды жан-жақты пайдалана келе, қазақ әдебиеті сынының оқулығын («Сын сапары») жазып шықты», деп нақтылайды. Қазіргі ұлттық әдебиеттануда қарышты қадамдар жасап отырған бұл ғылыми мектептің негізі профессор Т.Кәкішевтің «Сын сапары» (1972), «Оңаша отау» (1982) атты монографияларынан бастау алды. Ғалым оны «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» (1994), (2003) оқулықтары, «Сандалтқан «Садақ» (2002), «Толғам» (2004), «Жанр жайлауы» (2007) және тағы басқа да аталатын зерттеулерімен толықтыра түсті. Жалпы алғанда Т.Кәкішұлының кез келген зерттеу еңбегі ұлттық әдебиеттану мен сын тарихының келелі мәселелеріне соқпайтыны жоқ десе де болады. Т.Кәкішұлы десе сын мен әдебиеттану, ал олар аталса Т.Кәкішұлынсыз сөйлеуге болмайтыны ғылыми ортада аксиомаға айналып кеткелі қашан.

З.Қабдолов «Арна» (1988) атты ең­бегінде проф. Т.Кәкішұлының ғы­лы­ми мектебі туралы: «Сынның туу, қалып­тасу тарихын зерттеуге Т.Кәкішев өзі­нің саналы ғұмырын түгел арнап ке­леді. Сарыла ізденіп, жалпы жұртқа бей­мәлім көл-көсір көп материалды түп-төркінінен қопарып, қағып-сілкіп, ақтарып-төңкеріп, екшеп-сұрыптап, даму тарихына арна болар өзек жасап, оның кемерін кейде сарғыш, кейде көгілдір (кейде лайсаң, кейде таза) толқынмен толтыруы және сол толқынды көп жағдайда бір өзі білек сыбана жалынан сүйреп, сонау жылап аққан жіңішке бастауынан мынау сарқып құяр кең сағасына қарай жылжытып әкеле жатуы – айтарлықтай үлкен еңбек», деген сипаттағы алғашқы ойды түйіндей жазған болатын.

Ғылым академиясы қазір Т.Кәкіш­ұлының сын мен әдебиеттану саласын­дағы ғылыми мектебінің зерттеу ныса­нының көкейкесті ғана емес, өмір­шеңдігін кеш те болса аңғарып отыр. Ға­лым А.Ісімақованың табандылығы мен біл­гірлік басшылығы арқасында ғана ака­демия «Қазақ әдебиеттану ғылы­мының тарихы» (2008, 2009) атты екі томдық еңбекті жарыққа шығарды. Бұлар тек Т.Кәкішұлының ғылыми мектебінің атақ-абыройы үшін ғана емес, барша қазақ халқының және әде­биет туралы ұлттық ғылымның мерейін өсірген еңбек болды десек, артық айт­қандық емес.

Т.Кәкішұлының ұлттық сын мен әдебиеттанудан ғылыми мектебінің қа­лыптасқаны бүгінде толық мойындалды. Біз академик З.Қабдоловтың осы ғылыми мектептер туралы пікірін ерекше бағалаймыз.

Тарих – жақсы болсын, жаман болсын тарих, ол тек қана шындыққа сай бағалануы керек. Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихын зерт­теуде профессор Т.Кәкішұлы айтқан­дай: «Өнегенің үлгісін көріп тұрып, содан үйренбеуіміз, шыр айналып кеңес әдебиетінің шындығынан канди­даттық, докторлық диссертация қорғап, атақ алуымыз, 1917 жылға дейінгіні былай қойғанда, соғыстан әріге бара алмайтын ғылыми мүсәпірлікті, «социа­листік реализм туы астында» деген ұранмен шапқылай берушілігіміз қа­зақ әдебиеттану ғылымының сорына шық­қанын енді ашық айтайық». Бұл – ғалымның жүрек­жарды пікірі.

Заман өтер, уақыт талабы да өзгерер, ұлттық әдебиеттануға тәуелсіздік рухымен сусындаған асу да арынды басқа ұрпақ келер. Сонда қазақ әдебиеттануы мен сынының абызы атанып отырған Т.Кәкішұлының «ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» (А.Байтұрсынұлы) деп жасаған қыруар еңбегі мен ғылыми мек­теп қалыптастырудағы қайраткерлік тұлғасын терең зерделейді деп сенеміз.

 

Жандос СМАҒҰЛОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор