– Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін білім саласында тер төккен екенсіз. Қазақстанда, шетелде оқытушы, профессор дәрежесінде еңбек етіпсіз. Көзіқарақты азамат ретінде егемендік деген ұғымды қалай қабылдадыңыздар сол кезде?
– Егемен ел болу мемлекеттік саясаттан бастап барлық саланы дербес құру деген сөз. Әрине, біз тәуелсіздік алғанға дейін Мәскеудің билігімен жүріп келдік. Сондықтан сол кездегі көшбасшыларға оңайға соққан жоқ. КСРО конституциясында одақ құрамындағы республикалар жеке дербестігін сақтайды дегенімен, іс жүзінде олай болмады. Есесіне алып империя құлағанда егемен ел ретінде өз жолымызды табуға тырыстық және соған күш салған азаматтармен етене еңбек еткенімді мақтанышпен еске аламын. Тәуелсіздік, елдік жолында тер төгу қасиетті іс деп білемін. Мысалы, өзім көрген сондай мемлекетшіл әрі елшіл азаматтың бірі – елдің ардақтысы Әбіш Кекілбайұлы еді. Ол кісінің қасында жүргенімде әлгіндей қасиеттеріне көзім әбден жетті. Айтулы қаламгер қызметте елдік, мемлекеттік мәселелердің шешу жолдарын парасатпен қарайтын.
Сонымен қатар сол кездегі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Сыртқы істер және басқа да министрліктердегі әріптестермен бірге қоян-қолтық жұмыс атқарғанымызды ризашылықпен атап өткім келеді.
– Мәселен, бастапқыда қандай істерге ден қойылды? Сіз Президент аппаратында болдыңыз ғой?
– Ең бірінші, саяси тәуелсіздік. Өз алдына ел болу мәселесі тұрды. Әлемге Қазақстан Республикасын таныту мәселесі бірінші күннен бастап алға қойылды. Ол кезде Үкімет пен Президент аппараты бірге болды. Өйткені жаңадан құрылып жатқандықтан, барлық мәселені бөлек-бөлек қарау мүмкін емес еді. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін бәрі бірге жұмылып жұмыс атқаруға тура келді. Мәселен, 1992 жылы Президент аппаратында жаңадан бөлімдер ашылды. Мен осы уақытта Сыртқы байланыстар бөліміне қабылдандым. Мұнда әр мемлекетпен біздің елге тиімді болатын келісімшарттар жасау жағына баса мән берілді. Бір елмен ынтымақтастық жасассақ, барлық сала бүге-шігесіне дейін қарастырылуы керек еді. Кең ауқымда. Және бәрі бірдей болмайды. Әр елмен әртүрлі салада қарым-қатынас орнатқан сайын келісімшарттар да өзгеріп тұрады ғой.
– 1990 жылдардың басында тәуелсіздіктің іргетасы қалана бастады. Сыртқы саясаттағы шешімдер қаншалықты нәтижелі шықты?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған келісімшарттар мен шешімдер Қазақстанның дамуына қызмет етті. Мен, әрине, сыртқы саясат бойынша айтып отырмын. Және әуелгіде жасалған келісімшарттар екі тараптан да жылдар бойы жетілдіріліп отыратынын ескерген жөн.
Биылдан бастап шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымыздың 30 жылдықтары өтіп жатқаны соның дәлелі. Бүгінде Қазақстан әлем елдерімен жан-жақты қарым-қатынаста бет-бейнесі қалыптасып, жаһанға танылғанын кім де болсын жоққа шығара алмайды.
– Барлық елмен бүкіл салада жақсы болу мүмкін бе?
– Әрине, барлық салада жақсы болу мүмкін емес. Мысалы, кейбір келіссөздерге тікелей қатыспасам да, олардың өте шиеленісті өтіп жатқанын білетінбіз. Ол жақ келіспей, біз келіспей біраз әуреленіп, ұзаққа созылып жатқан жағдайлар да болды. Әрине, ол жерде әр сөйлем, сөз, цифр жіті қаралады. Екі тарап та тиімді жағын көздеп, келісім жасайды.
– 1992 жылы Президент аппаратына жетекші қызметке келгенше, Алматы энергетика институтында оқытушы, Мозамбиктегі Эдуардо Мондлан университетінде профессор болыпсыз. Білім жолынан бірден саясатқа келу қиындық тудырған жоқ па?
– Мен 1969 жылы Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы орта мектепті алтын медальға тәмамдағаннан кейін Мәскеу энергетикалық институтының Автоматика және есептеу техника факультетінің «Инженерлік электрофизика» мамандығына түсіп, 1975 жылы бітірдім. 1983 жылы аталған институттың аспирантурасын тәмамдағаннан кейін диссертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атандым. Ғылыми жұмысымның нәтижесі бүгінге дейін арнайы техникалық құралдарда қолданылады. Сөйтіп жүргенде, 1986 жылдан 1990 жылға дейін кеңес одағының Мозамбиктегі елшілігінде, мұғалімдер тобында еңбек еттім. Астанасы Мапутудағы Эдуардо Мондлане университетінде оқытушы, профессор болдым. Бүкілодақтық байқауда жеңімпаздардың қатарында болып, оған солай қабылданған едім. Мозамбикке Мәскеуден 1986 жылы дәл 16 желтоқсанда ұштық. Таңертең мені шығарып салған достарым: «Орталық Комитеттің пленумы өтті, Қазақстанның бірінші хатшысы ауысты», деп айтты. 17-сі күні Мапутуға түссем, Қазақстанда болып жатқан жағдайды қарсы алған кісілер біліп отыр. «Алматыда не болып жатыр?» деп сұрап қоймайды. Сөйтсем, біздегі Желтоқсан көтерілісі туралы Мапутудағы Оңтүстік Африка (Мозамбикке көрші мемлекет) телеарнасынан хабарланыпты. Мен таңғалдым. Біразға дейін менің елге жазған хаттарым ол жаққа жетпей, олардың жазған хаттары маған жетпей, әбігерге салды.
Тәуелсіздікті енді алған соң Президент аппаратында жаңа бөлімдер жасақтала бастағанда, жаңадан ашылған Сыртқы байланыстар бөліміне шет тілін білетін, өзге мемлекеттерде жұмыс істеген мамандарды тарту қарастырылып жатқан екен. Осы бөлімнің сол кездегі меңгерушісі Сержан Қанапиянов деген кісі аз-кем әңгімеден соң, «бізге келуің керек» деді. Ол уақыт өзге шет мемлекеттерде елшіліктер ашылып жатқан кез еді. Жұмыс жалғыз бағытта емес қой. Дипломатияның ішінде барлық сала қамтылады. Экономика, сауда, мәдениет, спорт, тағысын тағылар.
– Әбіш Кекілбайұлындай ірі тұлғаның кеңсесінде қызмет істедіңіз. Көрнекті қайраткер-қаламгерді қалай сипаттар едіңіз?
– Әбіш ағаның бір ерекшелігі, жазып берген дүниені бір қарап шығады да, қандай кездесу болсын қағазға қарамай сөйлейтін. Тіпті шетелдік елшілермен де солай сөйлесе беретін. 2002 жылы Әбекеңнің «Үркер», «Елең-алаң» кітаптары түрік тіліне аударылып, Түркияда тұсаукесер рәсімі өтті. Бірнеше қаласын аралап, ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи орындарды тамашаладық. Әбіш аға әлгі жерлердегі ескерткіштер туралы, оған қатысты тарихи оқиғалар мен сол тұстағы тұлғалар төңірегінде сөйлегенде түріктер аузын ашып, көзін жұмды. Өздері біле бермейтін деректерді келтірді. Кейіннен олар кітаптан қарап, анық солай екеніне көз жеткізіпті. Сол сияқты Венгрияға барғанда да, мажарлардың тарихын түгендеп айтқаны бар. Мажарлар Қарсақ деген қаласында бізге көкпар, қыз қуу ойындарын көрсетті. Біздікіндей киіз үй, садақ, көшпелі өркениетке тән ортақ дүниелерін әйгіледі. Будапештегі атты ескерткіштер кешені олардың түпкі тарихынан сыр шертеді. Әбекең шетелдіктердің тарихын өздеріне түсіндіріп берген мұндай жағдайлар көп кездесті. Сұхбаттасушы тараптар Әбекеңнің кемел ақыл-ой иесі екендігін бірден сезетін. Бұл ретте бірнеше мемлекетаралық маңызды келіссөзге қатысқанын айтса да жеткілікті. Қазақстанға қоса тіркелген шетел елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады. Шетелдік сапарлары кезінде елдің атынан келіссөз жүргізді.
– 1999 жылдан бастап Түркияда елшілікте кеңесші-уәкіл болыпсыз. Қазақ-түрік қатынасына тоқталайықшы?
– Қазақ-түрік қатынасы өте жақсы, оның үстіне бауырлас елміз. Екі ел бір-біріне о бастан тілеулес. Сауда, экономикалық байланыстарды айтпағанда, білім беру саласының өзі кеңірек тоқталуды қажет етеді. Алғашқы жылдары Түркия Қазақстан жастарына жоғары оқу орындарынан жыл сайын бір мың грант бөліп, шәкіртақы тағайындап отырды. Бұл – үлкен көрсеткіш. Келе-келе бұл сан ептеп азайды. Кейбір мамандықтар біздің елдікімен сәйкеспей қалуына байланысты ең қажет дегендерін ғана қалдырдық. Сонымен қатар қазақ-түрік лицейлерінің де өзіндік ерекшеліктері бар.
Біздің елшілік тұңғыш рет Түркияда ашылғанын атап айтқан жөн. Ашылуына Президент келіп қатысты. 2002 жылы Түркияда Астана күндері өтіп, Анкараға ұлттық киім киген қазақ қызының ескерткіші қойылды. Ғажап күндер өтті. Абайдың бюстерін қойдық, түріктер өздері де Абайға бюст орнатты.
2001 жылдары Түркия Қазақстандағы исі түркінің астанасы саналатын Түркістанға мешіт салу мәселесін қолға алды. Бастан-аяқ сол жобаның іске асырылуының басы-қасында жүргенімді мақтанышпен айтқым келеді. Жобасын жасауда, тиісті түрік тараптарымен келіссөздер жүргізуге қатысып, бәрін ретке келтірген соң Қазақстан Президентінің бекітуіне жолданды, ол кісі бекітті. Қазір сол мешіт мұсылмандар ғибадатханасы қызметін атқарып тұр.
– Бұдан кейін де елшілік қызметтерде жемісті еңбек еткеніңізді білеміз. Еліміздегі спорт саласының дамуына да өз үлесіңізді қосқан екенсіз.
– Басынан айтайын, 2005 жылы Румынияда Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясының басшысы қызметін атқарып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға тырыстым. Атап айтқанда, 2006 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай Румынияның атақты, әлемге әйгілі Парламент үйінде бұрын-соңды болмаған мерекелік шара ұйымдастырдық. Онда «Үркер» ансамблінің концерті дүркіреп өтті. 2007 жылы Қазақстан Президентінің Бухарестке алғашқы сапары ұйымдастырылып, нәтижесінде екі ел арасындағы бірнеше маңызды келісімдерге қол қойылса, 2008 жылы Қазақстан Қорғаныс министрінің Бухаресте өткен НАТО Саммитіне қатысуы ұйымдастырылды.
2008-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қауымдастығындағы (ЕурАзЭҚ) тұрақты өкілі қызметін абыроймен атқардым. 2012 жылы шілдеде Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақстанның Бразилиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалсам, 2013 жылы Қазақстан Республикасының Аргентина және Чилидегі елші қызметін қоса атқардым. Бразилияда Латын Америкасындағы барлық елмен қарым-қатынас мәселелерін қарастырып, ыңғайластыруға құзырлы болдым. Мысалы, Қазақстан Республикасы 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болуы үшін, әлемдік деңгейде өткізілетін ЭКСПО-2017-ге Қазақстан үміткерлігіне қолдау алу үшін осы континенттегі барлық елде болып, басшыларымен кездестім. Нәтижесінде, латынамерикалық елдердің басым бөлігі Қазақстанның үміткерлігіне қолдау көрсетті. Сонымен қатар Бразилияда 2014 жылы футболдан әлем біріншілігі шеңберінде өткізілетін шараларға Футбол федерациясы басшылығының қатысуын және 2016 жылы Рио де Жанейрода өтетін жазғы Олимпия ойындарына Қазақстан спортшыларын қатыстыруға байланысты мәселелерді ойдағыдай шештік. Нәтижесінде, қазақстандық спортшылар жалпы көрсеткіштер бойынша ең жоғары орынға (22-ші орын – 3 алтын, 5 күміс, 9 қола) шықты. Осы Рио де Жанейродағы Олимпиада барысында көп еңбек еттік. Баспасөз орталығын жасадық аяқ астынан. Сондағы ұйымдастырушылық қабілетім ұнаса керек, 2016 жылы елге келгенімде Ұлттық олимпиадалық комитет басшылығы маған қызмет ұсынып, жұмысқа шақырды. Міне, бұл жерге осылай тап болдым.
Мына оқиғаларға тоқталмай кетпеуге болмайды. 2007 жылғы екі ел президенттері арасындағы келісімге сәйкес Бразилиядағы футбол академияларында (алдымен «Ботафого», одан кейін «Крузейро» клубтарында) қазақстандық жас футболшылардың үш легі, шамамен 70-ке жуық бала оқып шығып, қазір олардың 30-ға жуығы қазақстандық футболдың премьер-лигасы мен бірінші лигасы клубтарында өнер көрсетіп жүр. Осы жылдары алғаш рет Бразилия қалаларында атақты скрипкашымыз Айман Мұсақожаеваның концерттерін, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік симфониялық оркестрінің Бразилия мен Аргентинадағы гастрольдерін еліміздің мәдени абыройы болды дей аламын. Сол сияқты Жәния Әубәкірованың, Майра Мұхамедқызының Түркиядағы концерттерін табысты өткіздік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»