Сұхбат • 10 Қараша, 2022

Бақытжан Ордабаев: Елдік істің өлшемі – парасат

594 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Бақытжан Ордабаев: Елдік істің өлшемі – парасат

– Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін білім саласында тер төккен екенсіз. Қа­зақстанда, шетелде оқытушы, про­фес­­сор дәрежесінде еңбек етіпсіз. Көзі­қа­­рақты азамат ретінде егемендік деген ұғымды қалай қабылдадыңыздар сол кезде?

– Егемен ел болу мемлекеттік саясаттан бастап барлық саланы дербес құру деген сөз. Әрине, біз тәуелсіздік алғанға дейін Мәскеудің билігімен жүріп келдік. Сондықтан сол кездегі көшбасшыларға оңайға соққан жоқ. КСРО конституциясында одақ құ­ра­­мындағы республикалар жеке дер­бес­тігін сақтайды дегенімен, іс жүзінде олай болмады. Есесіне алып империя құлағанда егемен ел ретінде өз жолымызды табуға тырыстық және соған күш салған азаматтармен етене еңбек еткенімді мақтанышпен еске аламын. Тәуелсіздік, елдік жолында тер төгу қасиетті іс деп білемін. Мысалы, өзім көрген сондай мемлекетшіл әрі елшіл азаматтың бірі – елдің ар­дақ­тысы Әбіш Кекілбайұлы еді. Ол кісінің қасында жүргенімде әлгіндей қасиеттеріне көзім әбден жетті. Айтулы қаламгер қызметте елдік, мемлекеттік мәселелердің шешу жолдарын парасатпен қарайтын.

Сонымен қатар сол кездегі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Сыртқы істер және басқа да министрліктердегі әріптестермен бірге қоян-қолтық жұмыс атқарғанымызды ризашылықпен атап өткім келеді.

– Мәселен, бастапқыда қандай іс­терге ден қойылды? Сіз Президент ап­паратында болдыңыз ғой?

– Ең бірінші, саяси тәуелсіздік. Өз алдына ел болу мәселесі тұрды. Әлем­ге Қазақстан Республикасын таныту мәселесі бірінші күннен бас­тап алға қойылды. Ол кезде Үкімет пен Президент аппараты бірге болды. Өйткені жаңадан құрылып жат­қан­дықтан, барлық мәселені бөлек-бөлек қарау мүмкін емес еді. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін бәрі бірге жұмылып жұмыс атқаруға тура келді. Мәселен, 1992 жылы Президент аппаратында жаңадан бөлімдер ашылды. Мен осы уақытта Сыртқы байланыстар бөліміне қабылдандым. Мұнда әр мемлекетпен біздің елге тиімді болатын келісімшарттар жасау жағына баса мән берілді. Бір елмен ынтымақтастық жасассақ, барлық сала бүге-шігесіне дейін қарастырылуы керек еді. Кең ауқымда. Және бәрі бірдей болмайды. Әр елмен әртүрлі салада қарым-қатынас орнатқан сайын келісімшарттар да өзгеріп тұрады ғой.

– 1990 жылдардың басында тә­уел­сіздіктің іргетасы қалана бастады. Сыртқы саясаттағы шешімдер қан­ша­лықты нәтижелі шықты?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған келісімшарттар мен шешімдер Қазақстанның дамуына қызмет етті. Мен, әрине, сыртқы саясат бойынша айтып отырмын. Және әуелгіде жасалған келісімшарттар екі тараптан да жылдар бойы жетілдіріліп отыратынын ескерген жөн.

Биылдан бастап шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас ор­нат­қанымыздың 30 жылдықтары өтіп жатқаны соның дәлелі. Бүгін­де Қа­­зақстан әлем елдерімен жан-жақты қарым-қатынаста бет-бейнесі қа­лып­та­сып, жаһанға танылғанын кім де болсын жоққа шығара алмайды.

– Барлық елмен бүкіл салада жақ­сы болу мүмкін бе?

– Әрине, барлық салада жақсы болу мүмкін емес. Мысалы, кейбір ке­ліс­сөздерге тікелей қатыспасам да, олардың өте шиеленісті өтіп жатқанын білетінбіз. Ол жақ келіспей, біз келіспей біраз әуреленіп, ұзаққа созылып жатқан жағдайлар да болды. Әрине, ол жерде әр сөйлем, сөз, цифр жіті қаралады. Екі тарап та тиімді жағын көздеп, келісім жасайды.

– 1992 жылы Президент аппаратына жетекші қызметке келгенше, Алматы энергетика институтында оқы­тушы, Мозамбиктегі Эдуардо Мондлан университетінде профессор болыпсыз. Білім жолынан бірден саясатқа келу қиындық тудырған жоқ па?

– Мен 1969 жылы Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы орта мектепті алтын медальға тәмамдағаннан кейін Мәскеу энергетикалық институтының Автоматика және есептеу техника фа­куль­тетінің «Инженерлік электрофизика» мамандығына түсіп, 1975 жылы бітірдім. 1983 жылы аталған институттың аспирантурасын тәмамдағаннан кейін диссертация қорғап, техника ғылым­дарының кандидаты атандым. Ғылыми жұмысымның нәтижесі бүгінге дейін арнайы техникалық құралдарда қол­данылады. Сөйтіп жүргенде, 1986 жылдан 1990 жылға дейін кеңес одағының Мозамбиктегі елшілігінде, мұғалімдер тобында еңбек еттім. Астанасы Мапу­тудағы Эдуардо Мондлане уни­верситетінде оқытушы, профессор болдым. Бүкілодақтық байқауда жеңім­паздардың қатарында болып, оған солай қабылданған едім. Мозам­бикке Мәскеуден 1986 жылы дәл 16 желтоқсанда ұштық. Таңертең мені шығарып салған достарым: «Орталық Комитеттің пленумы өтті, Қазақстанның бірінші хатшысы ауысты», деп айтты. 17-сі күні Мапутуға түссем, Қазақстанда болып жатқан жағдайды қарсы алған кісілер біліп отыр. «Алматыда не болып жатыр?» деп сұрап қоймайды. Сөйтсем, біздегі Желтоқсан көтерілісі туралы Мапутудағы Оңтүстік Африка (Мозамбикке көрші мемлекет) телеарнасынан хабарланыпты. Мен таңғалдым. Біразға дейін менің елге жазған хаттарым ол жаққа жетпей, олардың жазған хаттары маған жетпей, әбігерге салды.

Тәуелсіздікті енді алған соң Прези­дент аппаратында жаңа бөлімдер жасақ­тала бастағанда, жаңадан ашылған Сырт­қы байланыстар бөліміне шет тілін білетін, өзге мемлекеттерде жұмыс істе­ген мамандарды тарту қарастырылып жат­қан екен. Осы бөлімнің сол кездегі меңгерушісі Сержан Қанапиянов деген кісі аз-кем әңгімеден соң, «бізге келуің керек» деді. Ол уақыт өзге шет мемлекеттерде елшіліктер ашылып жатқан кез еді. Жұмыс жалғыз бағытта емес қой. Дипломатияның ішінде барлық сала қамтылады. Экономика, сауда, мәдениет, спорт, тағысын тағылар.

– Әбіш Кекілбайұлындай ірі тұлға­ның кеңсесінде қызмет істедіңіз. Көр­нек­ті қайраткер-қаламгерді қалай си­пат­тар едіңіз? 

 – Әбіш ағаның бір ерекшелігі, жазып берген дүниені бір қарап шығады да, қандай кездесу болсын қағазға қарамай сөйлейтін. Тіпті шетелдік елшілермен де солай сөйлесе беретін. 2002 жылы Әбекеңнің «Үркер», «Елең-алаң» кітаптары түрік тіліне аударылып, Түркияда тұсаукесер рәсімі өтті. Бірнеше қаласын аралап, ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи орындарды тамашаладық. Әбіш аға әлгі жерлердегі ескерткіштер туралы, оған қатысты тарихи оқиғалар мен сол тұстағы тұлғалар төңірегінде сөйлегенде түріктер аузын ашып, көзін жұмды. Өздері біле бермейтін деректерді келтірді. Кейіннен олар кітаптан қарап, анық солай екеніне көз жеткізіпті. Сол сияқты Венгрияға барғанда да, мажар­лар­дың тарихын түгендеп айтқаны бар. Мажарлар Қарсақ деген қаласында бізге көкпар, қыз қуу ойындарын көрсетті. Біз­дікіндей киіз үй, садақ, көшпелі өр­кениетке тән ортақ дүниелерін әйгі­леді. Будапештегі атты ескерткіштер кешені олардың түпкі тарихынан сыр шертеді. Әбекең шетелдіктердің тарихын өздеріне түсіндіріп берген мұндай жағдайлар көп кездесті. Сұхбаттасушы тараптар Әбекеңнің кемел ақыл-ой иесі екендігін бірден сезетін. Бұл ретте бірнеше мемлекетаралық маңызды келіссөзге қатысқанын айтса да жеткі­лікті. Қазақстанға қоса тіркелген шетел елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады. Шетелдік сапарлары кезінде елдің атынан келіссөз жүргізді.

– 1999 жылдан бастап Түркияда ел­шілікте кеңесші-уәкіл болыпсыз. Қа­зақ-түрік қатынасына тоқта­лайықшы?

– Қазақ-түрік қатынасы өте жақсы, оның үстіне бауырлас елміз. Екі ел бір-біріне о бастан тілеулес. Сауда, эконо­микалық байланыстарды айт­пағанда, білім беру саласының өзі кеңірек тоқталуды қажет етеді. Алғашқы жылдары Түркия Қазақстан жастарына жоғары оқу орындарынан жыл сайын бір мың грант бөліп, шәкіртақы тағайындап отырды. Бұл – үлкен көрсеткіш. Келе-келе бұл сан ептеп азайды. Кейбір мамандықтар біздің елдікімен сәйкеспей қалуына байланыс­ты ең қажет дегендерін ғана қалдырдық. Сонымен қатар қазақ-түрік лицейлерінің де өзіндік ерекшеліктері бар.

Біздің елшілік тұңғыш рет Түркияда ашылғанын атап айтқан жөн. Ашылуына Президент келіп қатысты. 2002 жылы Түркияда Астана күндері өтіп, Анкараға ұлттық киім киген қазақ қызының ескерткіші қойылды. Ғажап күндер өтті. Абайдың бюстерін қойдық, түріктер өздері де Абайға бюст орнатты.

2001 жылдары Түркия Қазақстандағы исі түркінің астанасы саналатын Түр­кістанға мешіт салу мәселесін қолға алды. Бастан-аяқ сол жобаның іске асырылуының басы-қасында жүргенімді мақтанышпен айтқым келеді. Жобасын жасауда, тиісті түрік тараптарымен келіссөздер жүргізуге қатысып, бәрін ретке келтірген соң Қазақстан Пре­зидентінің бекітуіне жолданды, ол кісі бекітті. Қазір сол мешіт мұ­сыл­мандар ғибадатханасы қызметін атқарып тұр.

– Бұдан кейін де елшілік қызмет­тер­де жемісті еңбек еткеніңізді білеміз. Еліміздегі спорт саласының дамуына да өз үлесіңізді қосқан екенсіз.      

– Басынан айтайын, 2005 жылы Румынияда Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясының басшысы қызметін атқарып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға тырыстым. Атап айтқанда, 2006 жылы Қазақстан тәуел­сіздігінің 15 жылдығына орай Ру­мынияның атақты, әлемге әйгілі Пар­ламент үйінде бұрын-соңды болмаған мерекелік шара ұйымдастырдық. Онда «Үркер» ансамблінің концерті дүркіреп өтті. 2007 жылы Қазақстан Президентінің Бухарестке алғашқы сапары ұйымдастырылып, нәтижесінде екі ел арасындағы бірнеше маңызды ке­лі­­сімдерге қол қойылса, 2008 жылы Қа­зақстан Қорғаныс министрінің Буха­ресте өткен НАТО Саммитіне қаты­суы ұйым­дастырылды.

2008-2012 жылдары Қазақстан Рес­публикасының Еуразиялық эко­но­­микалық қауымдастығындағы (Еур­АзЭҚ) тұрақты өкілі қызметін абы­­рой­мен атқардым. 2012 жылы шіл­деде Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақстанның Бразилиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне та­ғайын­­далсам, 2013 жылы Қазақстан Республикасының Аргентина және Чи­­лидегі елші қызметін қоса ат­қар­дым. Бразилияда Латын Аме­ри­ка­сын­­дағы барлық елмен қарым-қа­ты­нас мәселелерін қарастырып, ың­­ғай­­ластыруға құзырлы болдым. Мы­­са­­лы, Қазақстан Республикасы 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қауіпсіздік Кеңесінің мү­ше­сі болуы үшін, әлемдік деңгейде өткі­зі­летін ЭКСПО-2017-ге Қазақстан үміт­керлігіне қолдау алу үшін осы кон­ти­ненттегі барлық елде болып, бас­шы­ла­рымен кездестім. Нәтижесінде, ла­тынамерикалық елдердің басым бөлігі Қазақстанның үміткерлігіне қолдау көр­сетті. Сонымен қатар Бразилияда 2014 жылы футболдан әлем біріншілігі шең­берінде өткізілетін шараларға Фут­бол федерациясы басшылығының қа­­тысуын және 2016 жылы Рио де Жанейрода өтетін жазғы Олимпия ойын­дарына Қазақстан спортшыларын қа­тыстыруға байланысты мәселелерді ой­дағыдай шештік. Нәтижесінде, қа­зақстандық спортшылар жалпы көр­сет­кіштер бойынша ең жоғары орынға (22-ші орын – 3 алтын, 5 күміс, 9 қола) шықты. Осы Рио де Жанейродағы Олимпиада барысында көп еңбек еттік. Баспасөз орталығын жасадық аяқ астынан. Сондағы ұйымдастырушылық қабілетім ұнаса керек, 2016 жылы елге келгенімде Ұлттық олимпиадалық комитет басшылығы маған қызмет ұсынып, жұмысқа шақырды. Міне, бұл жерге осылай тап болдым.

Мына оқиғаларға тоқталмай кетпеуге болмайды. 2007 жылғы екі ел пре­зиденттері арасындағы келісімге сәйкес Бразилиядағы футбол академияларында (алдымен «Ботафого», одан кейін «Крузейро» клубтарында) қазақстандық жас футболшылардың үш легі, шамамен 70-ке жуық бала оқып шығып, қазір олардың 30-ға жуығы қазақстандық футболдың премьер-лигасы мен бірінші лигасы клубтарында өнер көрсетіп жүр. Осы жылдары алғаш рет Бразилия қа­лаларында атақты скрипкашымыз Айман Мұса­қожаеваның концерттерін, сон­дай-ақ Қазақстанның мемлекеттік сим­фониялық оркестрінің Бразилия мен Аргентинадағы гастрольдерін еліміздің мәдени абыройы болды дей аламын.  Сол сияқ­ты Жәния Әубәкірованың, Майра Мұхамедқызының Түркиядағы концерттерін табысты өткіздік.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Egemen Qazaqstan»