Пікір • 10 Қараша, 2022

Конституциялық соттың пәрмені зор

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жақында үш негізгі және үш қосымша заңға жария түрде қол қойды. Алғашқысы құжаттың бірі – «Конституциялық сот туралы» заң. Конституциялық сот – Конституциялық кеңестің орнына құрылатын құзыретті орган. Оның құрамына 11 адам енеді, төрт судьясын Президент тағайындаса, Парламент Палаталары төрағаларының ұсынуымен үш судьядан Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.

Конституциялық соттың пәрмені зор

Жалпы, халықтың арасында «Конституциялық сот неге керек?» деген сұрақ туындап жатқаны белгілі. Ел­дің әрбір азаматының құ­қығын қорғайтын мұн­дай сот халыққа қажет. Қарапайым жұрт енді заң­ға қатысты қандай да бір мәселе туындаса Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкіл ар­қылы Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ азамат өздігінен де осы соттың қызметіне арқа сүйей алады. Егер сотта ісі қаралып, өзіне қатысты қолданылған сот шешімін Конституцияға қайшы келеді деп санаса, бұл іс аудандық, облыстық, Жоғарғы соттан өтіп, түйіні тарқалмаған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіне алады. Өз кезе­гі­нде Конституциялық сот өзге соттарға тікелей бұйрық бере алмайды. Себебі бұл сот жүйесіне кірмейді. Судья­лар­дың құзыреті – сегіз жыл, олар бір реттен сайланады. Конституциялық сот пен оның судьялары ешкімге тәуел­ді болмайды, өз алдары­на қыз­мет етеді.

Қолданыстағы заңдарды халыққа түсіндіру бүгінде үл­кен мәселеге айналып отыр. Бұл бағыттағы жұмыста қолға алған бірде-бір құзырлы мекеме жоқ. Жоғарғы сот та, Конституциялық кеңес те заң нормаларын түсіндіре ал­м­айды, Парламент мұн­дай құқыққа ие емес. Ал Конституциялық сот заң­дарды ресми түрде түсін­діріп береді. Мысалы, Пре­зи­дент, Бас прокуратура, Пар­ламенттен осындай ұсы­ныс түссе, аталған сот міндетті түрде қай заңды болмасын түсіндіруге міндетті.

Ал Адам құқықтары жө­ніндегі уәкілдің қызметі Конс­титуция арқылы реттеліп, конс­титуциялық заңмен бе­кі­тіл­ді. Яғни омбудс­мен де тә­уел­сіз, ешкімге бағы­ныш­ты болмайды. Егер адам құқығы тапталып жат­қан жағдайлар болса, уә­кіл Конституциялық сотқа жүгініп, қажет жағдайда құзырлы органдарға тек­серіс те жүргізе алады. Адам құ­қық­тары жөніндегі уә­кіл – конституциялық құ­қығы бар жоғары тұлға. Оның әр аймақта өкілдері тағайындалады. Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл­дің мұндай құқығы әлем елдерінің тәжірибесінде бұ­рыннан бар, әрі сәтті жүзеге асырылып келеді. Қол қо­йыл­­ған заңдардың ішінде про­куратураның да құзыреті күшейтілді. Заң бұзылса, аза­мат­тардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғылса, прокурорлар да Кон­с­ти­­туциялық сотқа тікелей жү­­гіне алады. Ал қосымша қа­былданған заң­дар негізгі үш заң­ды орын­дауға бағытталған.

 

Серік АҚЫЛБАЙ,

Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы