29 Мамыр, 2014

Мүмкіндіктер молаймақ

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникация­лар қызметінде «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-тың пре­зи­денті Мақсат Мұқанов пен оның орынбасары Әсет Ерғалиев­тің қатысуымен баспасөз мәсли­хаты өтті. Онда Еуразиялық эконо­микалық одақтың тиімді тұстары әңгіме арқауына айналды. Еуразия аймағындағы үш елдің экономикасын өрлетіп, халқының әл-ауқатын көтеруге, қарапайым тұтынушылардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған экономикалық одақ туралы әлем сарапшылары санқилы пікірлер білдіріп отыр. Әйтсе де, «Тонның жылуын киген ғана біледі» демекші, Қазақстанға не жақсы екенін де өз еліміздің экономика, интеграция бойынша сарапшылары сырт ел мамандарынан біршама дұрыс білер. Олардың пайымына зер салсақ, ең басты пайда – тұтынушылар үшін Ресей мен Беларусь елдерінен сапалы әрі арзан тауарлар келеді. Сөйтіп, жергілікті өнімдермен бәсекеге түсіп, тұтынушылардың таңдау мүмкіндігін еселеп арттырады. Нәтижесінде тауарлардың сапасы жақсарып, бағасы арзандайды. Екіншіден, келісімшарт аясында тұтынушылар құқығын қорғауға арналған арнайы келісімге қол қойылатын көрінеді. Бұл дегеніміз, тауардың сапасын арттыруда үлкен жұмыстар атқарылатынын білдіреді. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясында әлеуметтік қамсыздандыру да қамтамасыз етіліп, халық белгілі бір әлеуметтік төлемдер алып тұратын болады. Экономикалық одақ аясында ортақ тауар нарығы құрылмақшы. «Биылғы жыл өңірлік интеграция аясында ерекше жыл болады. Ертең тарихи құжат – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады. Келісім 2015 жылдың қаңтар айынан күшіне енеді. Бұл келісімнің нәтижесінде біздің өңірімізде жаңа сапалы ұйым дүниеге келеді», деп бастады сөзін М.Мұқанов. «Келісім тұрақты экономикалық тұғырнама құруды қамтамасыз ету және үш елдің халқының әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасауға бағытталған. Ол негізгі үш бөлімнен тұрады. Алдымен, институттық бөлімде басқару органдарының құқығы, бюджеттік сұрақтарға қатысты мәселелер қарастырылған. Мазмұнды бөлігі экономиканың маңызды салаларындағы реттеуді қамтиды. Қазіргі уақытта 19 сала бойынша экономикалық қарым-қатынас мәселелері реттеледі. Келісім аясында ортақ тауар нарығы құрылады. Сол арқылы тауарлар, капитал, еңбек ресурстары мен қызметтердің еркін жылжуы реттеледі», деп жалғады сөзін институт басшысы. Сарапшының пікіріне ден қойсақ, қазіргі кезде Қазақстанның экономикасында қызметтер саласы 53 пайызды құраса, жаңа экономикалық одақ шеңберінде бұл сала кеңейе түспек. Оған қоса, институт мамандары 3-4 жылда Кеден одағы елдеріне Қазақстан көрсететін қызметтердің экспортының артқанын байқап отырған көрінеді. Бұл жағдай осы сектордың әлеуетінің зор екенін айғақтаса керек. «Жалпы алғанда, бірнеше ортақ нарық құрылады. Ортақ ауылшаруашылық тауарлары, ортақ еңбек, қаржы нарығы құрылады, сондай-ақ, экономикалық сала, техникалық реттеу, субсидия бөлу, мемлекеттік қолдауда келісілген саясат жүргізіледі. Осылайша, келісім жаңа экономикалық макроаймақ қалыптастыруға жақсы жағдай туғызады», деді М.Мұқанов. Баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде журналистердің қойған сауалдарына жауап берген сарапшы, елдегі кәсіпкерлердің жағдайы мен экономикалық одақтағы туатын мүмкіндіктері туралы да әңгімеледі. Отандық тауар өндірушілерге 180 млн. тұтынушысы бар нарық ашылатынын айтып, бұл мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдалану кәсіпкерлердің қарым-қабілеті мен еңбекқорлығына байланысты болатынын еске салды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».