Саясат • 11 Қараша, 2022

Жигули Дайрабаев: Менің мақсатым – Қазақстанды аграрлық державаға айналдыру

209 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстандағы ең маңызды саяси дода – Президент сайлауына 6 кандидат қатысып жатыр. Қазір олардың бәрі ел өңірлерін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп жүр. Сәті келгенде біз Қазақстан Республикасының президенттігіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаевпен әңгіме өрбіттік.

Жигули Дайрабаев: Менің мақсатым – Қазақстанды аграрлық державаға айналдыру

– Әуелі Сіздің сайлауалды бағдар­ламаңыз жайлы әңгіме өрбітсек. Оның қай бағытына баса назар аударып отырсыз?

– Қазақстандағы қазіргі сайлау науқаны елімізде өріс алған қоғам­дық саясат дәуіріне тұспа-тұс келді. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы қоғамымыз бен мемлекетімізді одан әрі дамыту үшін уақтылы және қажетті шешім болғаны сөзсіз. Соңғы онжылдықтарда республиканың сая­си, әлеуметтік және экономикалық өмірінде жинақталған өзекті мәселелерді шешетін кез келді. Менің де кандидатурамды ұсынған «Ауыл» партиясының да мақсаты – осы тарихи мүмкіндікті барынша пайдалану.

Сайлауалды бағдарламама келсем, ол дала демократиясының принциптері; жоғары рухани-адами мәдениет; қуат­ты аграрлық сала және бақуатты өңір­лер тәрізді біздің басты ұлттық артық­шы­лықт­арымызды барынша іске асыруға негіз­делген жаңа Қазақстанды құруға бағыт­талған. Менің бастамаларымды ұлт құн­дылықтарын қастерлейтін және оның болашағы үшін алаңдайтын әрбір қазақстандықтың қолдайтынына және олар­­дың Қазақстан Республикасын одан әрі дамыту жолындағы ортақ істе қоз­ғаушы күшке айналатынына сенім­дімін.

– Дала демократиясының прин­циптері жайлы нақтырақ айтсаңыз?

– Дала демократиясы дегеніміз – әділетті Қазақстанның алтын діңгегі. Қазақстан – адам құқықтары мен бос­тандықтарын қамтамасыз етудің бірегей және өзіне ғана тән жүйесі бар көшпелі өркениеттің тарихи орталығы. Демократия қағидаттары, бергісін айтсақ, көшбасшылар сайлауы ашық, бейбіт және жоғары бәсекелестік жағдайында өткен қазақ хандығы кезеңінде басталды. Қазіргі жағдайда бұл саясаттың негізгі үш компоненті – мемлекет басшы­сының прагматизмі; оны қоршаған орта­ның дана­лығы; азаматтық қоғамдағы әділет­ті­лік үстемдігі сақталуы керек.  Ең бастысы – осыларды сауатты үйлестіру қажет.

Биылғы қаңтардағы қайғылы оқи­ғалар жалпыға ортақ игіліктерді бөлудегі әділетсіздікке, билікке жақын байлар және кедейлер мен қарапайым ха­лық, қала мен ауыл арасында орасан алшақ­тықтың орнауына байланысты болғанын білеміз. Авторитарлық жүйе қоғамда мемлекетті басқарудың мүлдем жаңа формациясын құруға деген ұмтылысты оятты. Менің мақсатым – Ата Заңда жа­зылған «билік халыққа тиесілі» деген сөзді өмірде жүзеге асыру, еңбек адамы­ның рөлі мен дәрежесін арттыру, мұғалім, дәрігер және Отан қор­ғаушы мамандығын қастерлеу, қызмет­керлердің осы санаттарының еңбекақы деңгейінің қазіргі қажеттілікке сай болуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар мемлекетті басқару ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық пікір көшбасшыларының, қоғам, мәдениет, ғылым және білім қайраткерлерінің ықпал ету саласын кеңейту және мәр­тебесін арттыру.

– Кандидат куәлігін қолыңызға алған сәтте қандай әсерде болдыңыз?

– Мен өзімнің қоғам, мемлекет және сайлаушылар алдындағы жауап­кершілігімді кандидат ретінде ұсыныл­ған сәттен бастап өте терең сезіндім. Мемлекет басшысы лауазымына үміткер болу, халық үмітін ақтау, сенім үдесінен шығу – түсінген, түйсінген жанға зіл батпан жауапкершілік артады.

– Партияның қолдауын сезінесіз бе?

– Әрине. Мұндай жолда жалғыз адам нәти­жеге жете алмайды. Партиялас­тары­ма алғысым шексіз. Олар үгіт-насихат жұ­мыс­тарында зор көмек көрсетіп жатыр. Бұл маған қосымша күш-қуат береді.

– Партияластардың қолдауы өте маңызды дейсіз ғой?

– Иә. 52 мыңнан астам мүшесі бар Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы да қолдау көрсетіп жатыр.

– Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының прези­денттігіне 6 кандидатты тіркеді.  Саяси дода қаншалықты тартысты болады?

– Бұл ең жоғарғы мемлекеттік лауа­зымға сайлау науқаны болған­дықтан, бәсекелестік болады. Алдын ала болжам жасай алмаймын. Оның барлығын сайлаушылар шешеді. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде штабым құрған жоспарға қарай біз өз міндетімізді орындап жатырмыз. Сайлаушылар­мен кездесулер өткізудеміз. Біздің негізгі бағытымыз – жаңа, әділетті Қазақстан құру. Оның ішінде ауыл шаруашылығына, ауылдың тыныс-тіршілігіне басымдық беріп отырмыз. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешпей, мемлекеттің жағдайы ешқа­шан жақсармайды. Ауыл мен ауыл шаруашылығының жағдайын  бөліп қарауға еш болмайды.

– Өңірлердегі кездесулерде Сіз өзіңіздің сайлауалды бағдарла­маңызбен шектелесіз. Неге өзіңіздің кәсіби жолыңыз туралы айтпайсыз?

– Кездескен жерде сайлаушылар бұл туралы сауал қойса,  жауап беруге әрдайым әзірмін.

– Оқырмандар Сізді президенттікке кандидат ретінде ғана емес, ауыл ша­руашылығымен, елді мекендердің ты­ныс-тіршілігімен етене жақын таныс азамат ретінде біледі. Өзіңіздің кәсіби жолыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Ауылдан шықтым. Қарапайым отбасында өстім. Еңбекпен тәрбиелендік. Колхоз жұмысын істедік – шөп шаптық, мал бақтық. Комбайн, трактор жүргіздік. Еңбек адамының қадір-қасиетін өте жоғары бағалайтыным – сол қарапайым еңбектің бергені.

Ауыл мен ауыл шаруашылығының басты проблемасы – ауыл шаруашылы­ғын­дағы кірістің төмендігі. Бұл мәселе ауыл шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымының болмауынан туындайды. Ауыл еңбеккерлерінің сервистік-тұтыну кооперациясы негізінде құ­рыл­ған инфрақұрылым шаруалардан өнді­рілген ауыл шаруашылығы өнім­дерін әділ бағамен сатып алуға, оларға агроөнеркәсіп өндірісіне қажетті та­уарларды (ЖЖМ, қосалқы бөлшек­тер, тұқымдар, тыңайтқыштар және т.б.) жеткізуге, ветеринария, механикалан­дыру, өсімдіктерді қорғау бойынша қыз­меттер көрсетуге, фермерлерді оқыту­мен айналысуға және жаңа технология­лар, тұқымдар, ауылдарға мем­лекеттік қол­дау көрсету туралы ақпа­рат­пен қам­тамасыз етуге тиіс.

Екінші мәселе – фермерлердің басым көпшілігі үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімді болмауы. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тек 5-7%-ы ғана субсидиялар мен жеңіл­детілген несиелерді пайдаланады. Мұның бір себебі – субсидия түрлерінің көптігі, сондай-ақ субсидиялар мен несие­лер алу үшін фермерлерге тапсырылуы керек құжаттардың да көптігі.

Үшінші мәселе – ауыл шаруашылы­ғына салық салу жүйесінің оңтайлы жүргізілмеуі. Ең алдымен,  қосылған құн салығының болуы ауыл шаруашылығы өнімі айналымының басым бөлігін көлеңкелі экономикаға итермелейді. Осылайша ауыл шаруашылығы өнімін сатудан түскен табыстың 90%-ына дейін алыпсатарлар алса, тек 10%-ы ғана ауыл еңбеккерлеріне жетеді.

Қоғамда осы қарапайым еңбек адам­дарының әрқайсысының құрметті орны болса деп ойлаймын. Оларды жоғары бағалау керек. Адам бақытын үлкен лауазымнан емес, еңбектен табады.

Соңғы уақыттарда еңбек адамын құрметтеу кемшін. Бізде бұрын көп ақша табу керек, экономиканы дамыту керек деген идеология болды. Ал тәрбие мәселесі кенже қалды. Енді жіберілген кемшіліктерден сабақ алып, олқылықтардың орнын толтырумыз керек. Болашақта біз осының төңірегінде жұмыс істейміз. Барлық қошемет-құрмет еңбек адамына жасалуы керек.

– Сайлауалды бағдарламаңыздың аясында ауыл шаруашылығын дамыту үшін қандай бастамалар қолға алынбақ?

– Біздің ел мұнай, металл және басқа да табиғи ресурстарды экспорттай оты­рып, валюта бағамына өте тәуелді «шикізат шылауына» айналды. Жыл са­йын бағасы көтерілген импортпен бірге инфляция да өсіп отыр.

Үкімет аграрлық саланың экономи­каның драйвері бола алатын әлеуетін елемейді. Бізде агроөнеркәсіптік кешен­­нің әлеуетін ашу үшін қажетті бар­лық алғышарттар – тәжірибелі және білікті кадрлар, көлемді ауылшаруа­шылық алқаптары, кен орындары мен су ресурстарының қомақты қоры, экс­порттық нарықтардағы сұраныс бар екенін билік жақсы біледі.

Менің мақсатым – Қазақстанды аграрлық державаға айналдыру. Мен агробизнесті құру және дамыту үшін мем­лекеттік қолдауда, жеңілдетілген кре­диттеуде, фискалдық саясатта, еңбек нарығында, стартаптарды ынталандыруда, сондай-ақ жер, техникалық (отан­дық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау­ды қалпына келтіру) және ақпараттық ресурстарды кедергісіз алуда ең жақсы жағдайлар жасай отырып, АӨК және ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдау­ды ұсынамын. Біз қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мегаполистерде, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғамдары мен кооперативтер желісін құру және дамытуды жоспарлап отырмыз.

Бізде соңғы жылдары масылдық басым болып барады. Барлығын Үкіметтен күтеміз. Біз балаларды еңбекке баулуды ойлауымыз керек. Еңбек қадірін біліп өскен жас отаншыл болады. Өз отбасын қастерлейтін адам қоғамды да, мемлекетті де қастерлейді. Сондықтан біз тәрбие жұмысында ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті алға шығарып, жастарға дұрыс жол сілтеуіміз керек. Бұл – менің пайымым!

– Осы ретте адал, әділ адамды қалыптастыру факторы ретінде отбасы институтының рөлін арттыру қажет деп санайсыз ғой?

– Әрине, бұл – ең басты мәселе. Мен аталған бағытқа өзімнің сайлауалды бағдарламамда ерекше тоқталдым. Соңғы жылдары адамдардың белгілі бір бөлігінің «жеңіл ақшаға» құштарлығы шамадан тыс артқаны байқалып отыр. Соның салдары көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықтың артуына, бағаның негізсіз өсуі мен шенеуніктердің әрекетсіздігіне, тәуелділік пен тұтыну­шылық көзқарастың пайда болуына, жастардың әлеуметтік желілердегі әдепсіз мінез-құлқы және тағы басқа жағымсыздықтарға әкелді. Бұл ретте шешімді күрес жүйесінен немесе тәсілдерінен емес, адамдардың өзінен, олардың рухани-адами тәрбиесінен іздеу керек. Ол, әрине, отбасыдан басталады.

Сол себепті мен еңбекқорлықты, жауапкершілікті, аға буынға құрмет көрсетуді, ойлау еркіндігін, ұлттық дәс­түрлер мен рухани құндылықтарды сақтау­ды жас ұрпақтың бойына сіңіруге баса назар аудара отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен мектепте білім берудегі тұжырымдамалық тәсілдерді түбегейлі өзгертуге бел будым.

Менің мақсатым – мемлекеттік тілдің бүгінгі күн шындығындағы іс қағаздарын жүргізудегі аударма тіл мәртебесін жо­йып, оны қазақстандықтардың басты қарым-қатынас құралына айналдыру. Бұл жағдайда өзім үлгі болуға дайынмын.

 

Әңгімелескен

Әсел ҚАСЫМҚАНОВА

 

Тапсырыс беруші: Ə.Ж.Қасымқанова. Мақала ақысы Қазақстан  Республикасы Президенттігіне кандидат Ж.Дайрабаевтың сайлау қоры қаражатынан төленді. Осы материалды шығарған ұйым, оны басып шығарған жері жəне таралымы туралы мəлімет шығыс деректерінде көрсетілген.