Ол жергілікті халықты кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Қ.Айтуғанов Қостанай ауданының Заречный кентінде орналасқан «Тэрра» шаруа қожалығының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу кезінде шаруашылық басшысы Владимир Семейкин шаруашылық тауарлық және тұқымдық картоп, сондай-ақ қырыққабат, сәбіз, қызылша, пияз сияқты көкөністер өндірумен айналысатынын айтты. Шаруашылықта көкөністерді өндірудің тұқым отырғызудан бастап, дайын өнімді сатуға дейінгі барлық үдеріс автоматтандырылған. Бұл жұмыстардың барлығы мамандар бақылауымен жүзеге асырылады және жаңа технологиялардың барлық талабына жауап береді.
Бұдан кейін Қайрат Айтуғанов облыс фермерлерімен кездесу өткізді. Ол ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа мемлекеттік аграрлық саясатты әзірлеу қажет екеніне тоқталды. Оны агроөнеркәсіптік кешенді және еліміздің ауылдық аумақтарын дамытудың 2070 жылға дейінгі ұзақмерзімді ұлттық стратегиясын әзірлеу және қабылдау арқылы жасауға болатынына назар аударды. «Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сервистік-тұтыну кооперациясын ынталандыру негізінде ауыл шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымын құру маңызды», деді ол.