Қоғам • 11 Қараша, 2022

Эмренің ескерткіші ашылды

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында түріктің белгілі ақын-жазушысы Юнус Эмренің ескерткіші ашылды. Ашылу салтанатына Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавошуглу, қала әкімі Мұрат Әйтенов, Түркия Республикасының Шымкент қаласындағы Құрметті консулдығының Құрметті консулы Латипша Асанов және шаһар тұрғындары қатысты.

Эмренің ескерткіші ашылды

Іс-шараға жиналған қауым түріктің танымал ақынына арналған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Алғашқы болып сөз алған шаһар басшысы Юнус Эмренің шығармалары мен өмір жолы туралы қысқаша баяндап өтті.

– Бауырлас түрік халқының атақты қаламгері Юнус Эмрені біз Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімін жалғастырушы тұлға ретінде танимыз. Әлбетте, ұлы ойшылдың шығармалары мен еңбектері сүйіспеншілік пен мейірімділік, ізгілік пен адамгершілік негіздерінен бастау алады. «Көк түрік» деп рух алған күллі түркі жұртына белгілі Мағжан Жұмабаевтың шығармаларының өзі осы Юнус Эмренің мұрасымен тығыз байланысты, – деді ол.

Қала әкімі түбі бір түркі жұртының тарихы мен мәдениеті ортақ екенін, рухани байланыстар берік екенін мә­лімдеді. Оған дәлел ретінде қазақ-түрік достығын мысалға келтірді. Соның ішін­де Шымкент пен Түркияның Измир, Ес­кишехир, Адана қалалары арасында достық байланыс орнатылғанын айтты. Шаһар басшысының айтуынша, Түркия елімен стратегиялық әріптестік өте берік және сауда-экономикалық қарым-қатынас пен бірлескен жобалар да бүгінде сәтті жүзеге асып жатыр. Осы орайда түріктің айтулы аза­матының ескерткішінің ашылуы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және сауда-экономикалық әріптестік байланыстарды бұдан да жоғары белеске көтеретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ салтанатты жиын барысында Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлюд Чаво­шуглу Түркия Республикасының Шым­кенттегі Құрметті кон­сулдығының жұмысымен таны­сты. Со­нымен бірге осы іс-сапар аясында Түр­кия Сыртқы істер министрі мен қала әкімінің қатысуымен арнайы іс-шара ұйымдастыру қарастырылған. Онда шаһардың бизнес өкілдерімен кездесу өтеді деп жоспарланып отыр.

 

ШЫМКЕНТ