Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциялық байланыстар орта және жоғары білім беру ісінен де кең көрініс тауып отыр. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.
Осы мақсатта Орал қаласында Ресейдің Ульянов қаласынан келген ғалымдар өздері жасақтаған озық жобаларды ортаға салды. Ульянов мемлекеттік педагогикалық университетін жылына мыңдаған түлек тәмамдайтын болса, соның 75 пайызы – педагог-мамандар. Кездесу барысында екі оқу орны бірлескен оқу бағдарламасын жасау, қазақстандық магистранттардың Ресейде ғылыми іс-тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту секілді бірнеше инновациялық жобаларды талқылады. Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастық аясында екі жақты байланысты нығайту үшін меморандумға қол қойылды.
– Ресейлік жоғары оқу орны мамандары шағын мектептердегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Бұл – еліміздегі білім беру саласындағы күрделі мәселелердің бірі. Осыған орай шағын мектептерге мұғалімдер дайындауда Ульянов мемлекеттік педагогикалық университетінің мол тәжірибесі бар және бұл жағынан да болашақта жиі тәжірибе алмасатын боламыз, – дейді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Әсет Тасмағамбетов.
Ал Ульянов мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Наталья Ильинаның айтуынша, екі жаққа да өте тиімді әріптестік байланыс тек педагог мамандарды ғана емес, жалпы әлеуметтік-гуманитарлық саладағы кадрларды даярлау бойынша да айқын көрініс тауып отыр. Білім беру бағдарламасы аясында даярлықтан өткен мамандар бірден Ресейдің және Қазақстанның дипломын иеленеді. Тағы бір басымдығы, академиялық ұтқырлық негізінде білім алатын жас ізденуші ғалымдармен бірге магистранттар мен профессорлық-оқытушылар құрамының қатары да арта түседі.
Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің баспасөз хатшысы.
ОРАЛ.