29 Мамыр, 2014

Ұтылмаймыз

297 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бүгін Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қояды. Осыған орай, біз профессор Мұратбек МҰХАНБЕКОВ пен Еуразиялық экономикалық қауымдастығы Кеден одағының жұмыс мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айдын МЕЙРАМБЕКҰЛЫН әңгімеге тартқан едік. Айдын Мейрамбекұлы: – 1994 жылы Елбасымыз М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде осы идеяны алғаш көтерген болатын. Бұл идеяға биыл 20 жыл толып отыр. Осы аралықта көптеген істер атқарылды. Тарихи тұрғыдан қарасақ, ең бастысы – 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Қоғамдастыққа Қазақстан, Ресей, Беларуссия, Қырғызстан және Тәжікстан кірді. Кейін Кеден одағы дүниеге келді. Кеден одағы оңтайлы серпінін бергеннен кейін, Біртұтас экономикалық кеңістік жұмыс істей бастады. Бүгінде Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясында қол қойылған келісімдер 100-ден асып отыр. Осы атқарылған жұмыстың ең ауқымдысы Еуразиялық экономикалық одақ болып табылады. Бұл одақ еліміздің экономикасының нығаюына ерекше ықпал етеді. Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей, Беларуссия бірлесіп әлемнің дамыған, экономикасы мықты елдерімен экономикалық байланыстар орнатуға зор мүмкіндік береді. Қазақстан 50 мемлекеттің қатарына қосылды, Ресей сол көрсеткіш бойынша 92-орында, Беларуссия 63-орында тұр. Екінші артықшылығы – бизнесті дамыту Кеден одағы құрылмай тұрғанда біздің кәсіпкерлер шетелдерге тауарларын тасымалдау үшін біраз уақыт кетіретін. Қазір кедендік бақылау алынды, бизнес жүргізу үшін оңтайлы сәт туды. Уақыт үнемдеуімізге және тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға зор мүмкіндік алып отырмыз. Мұратбек Мұханбеков: – Ескі технологиялармен де жақсы тауар өндіруге болады. Жақсы технологиямен де затты сапасыз етіп шығаруға болады. Ұтаты­нымыз – бәсекелестік орта пайда болады. Бұрыннан біз Ресейге бидайымызды, ұнымызды сататынбыз. Қазір бұл тауар­ларға сұраныс көбейіп отыр. Иран да, Қытай да Қазақстан астығына сұраныс танытуда. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Айдын Мейрамбекұлы: – Одақтың құрылуы адам капиталының еркін орналасуына көптеген мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, тағы бір жаңалық ол – біздің еліміздің ЖОО-сын бітіріп, диплом алған азаматтар енді Ресейде немесе Белоруссияда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бұл мәселеде азаматтар тең құқылы. Бүгінгі күні еліміз Белорусьпен бірлесіп комбайндар шығаруда. Өйткені, мұның шеттен импортталатын комбайндарға қарағанда бағасы төмен және қолжетімді. Екіншіден, ортақ нарық болған соң, үш ел арасында адам капиталы алмасады, адаммен бірге жаңа техникалар келеді. Бұл салада белорусьтар бұрыннан басым болып келе жатыр. Олардың экономикасындағы басты сала ауыл шаруашылығы болып табылады. Белорусьтардың тәжірибесін пайдалануымызға мүмкіншілік алып отырмыз. Ал көлік инфрақұрылымындағы теміржол саласын алатын болсақ, Еуропаға кең көлемде тауарлар экспорттауға жол ашылады. Себебі, тасымалдау құны төмен болғандықтан, өніміміз шетелдерде үлкен бәсекелестік тудыратын болады. Мұратбек Мұханбеков: – Мен жақында Астана экономикалық форумы аясында өткен «Қазақстанның инновациялық экономикасы: жаһандану жағдайындағы тұрақты даму факторы» деген конференцияға қатысқан едім. Бағаның қымбаттауы немесе арзандауы – саясатқа байланысты. Өйткені, доллардың қазіргі құны нақты тауардың құнына сәйкес келмейді деген пікір айтылды... Айдын Мейрамбекұлы: – Шетелден импортталатын тауарлар көбінесе доллардың құнымен есептелетіндіктен, тауар бағасы орташа есеппен 15-20 пайызға қымбаттайды. Бірақ, екінші жағынан, біздің экспортталатын тауарларымыз да доллармен есептеледі. Ал ішкі нарықта өзіміздің ұлттық капиталымыздың көбеюіне оң серпін береді. Біздің ең басты мақсатымыз, Одақ аясында бәсекелестікті тудыру арқылы тұтынушыға сапалы өнім жеткізу. Бәсекелестік болған жерде тауардың құны төмендейді. Сол арқылы біз импортқа тәуелді болмай, ішкі нарықта өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алу мүмкіндігіне ие бола аламыз. Еуразиялық экономикалық одақтың тағы бір маңыздылығы әлемдік кеңістікте еліміздің беделінің өсуі болып табылады. Бұл, келешекте бізге жаңадан инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Инвестициялар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады. Жаңа техника келеді, көлік инфрақұрылымы дамиды. Ол – қазынамызға түсетін салық көзі. Жазып алған Эльмира САБЫРҚЫЗЫ, журналист.