29 Мамыр, 2014

Ғылыми бірлесу өріс кеңітеді

319 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Халықаралық ынтымақтас­тық­ты дамыту заманалық интеграция аясындағы маңызды мәселелерді шешуде елеулі серпін туғызады. Бұл орман шаруашылығы саласына да тікелей қатысты. Өйткені, бүгінгі күні орман экожүйесінің экологиялық міндеттерге қатыс­ты қызметі, сондай-ақ, оның тұр­ғын­дар тұрмысының жақсаруына байланысты рөлі ұдайы ұлғая түсуде. Қазақстанның орман алабы ел аумағының 4,5 пайызын ғана құрайды. Сондықтан, қолда бар орманымызды сақтау және жаңа өскіндер отырғызу жолымен оның көлемін ұлғайту басым міндеттер қатарында тұр. Аталған міндеттерді жүзеге асыру өндіріске уақыт ағымындағы ғылыми талдамаларды кеңінен енгізуді талап етеді. Бұл ретте қа­зақ­стандық ғалымдардың тал­дамалық жетістіктерін пайдаланумен қатар шетелдік жетек­ші ғылыми орталықтардың тәжі­ри­белерін іске жарату, оның ішін­­де, маңызды салаларға озық тех­нологиялар трансфертіне жол ашу маңызды болмақ. Әйт­кен­мен, экономиканың орман шаруашылығы сияқты саласында шетелдік технологияны қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни шетелдік технология еліміздің топырақ-климаттық жағ­дайында жерсіндіру тәжі­рибесінің оң нәтижелеріне тәуелді. Бұл орайда, Қазақ орман ша­руа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары көп­теген шетелдік ғылыми орта­лық­тармен ынтымақты әрі әріп­тес­тік байланыста екендігін айт­қан жөн. Әрқашан жұмыстың тиімділігі бірінші кезекте тұра­тындықтан, табиғи факторлары ұқсас және негізгі бағыттары бірегей ТМД мемлекеттерімен қарым-қатынасқа басымдық бері­летіні түсінікті және бұл жеміссіз де емес. Институтымызда 2010-2013 жылдар ішінде Бүкілресейлік орманшылық және механизация ҒЗИ (Пушкино қаласы), Ресей Ғылым академиясының орман шаруашылығын жүргізу институтымен (Успенск), Бүкіл­ре­сей­лік агломерация ҒЗИ (Волгоград), Орман генетикасы мен селекция­сы ҒЗИ (Воронеж), РҒА Орал бөлімшесі (Орынбор), Нижний Новгород мемлекеттік ауыл шаруашылығы академия­сы, Орал мемлекеттік орман-тех­ни­калық институтымен (Ека­теринбург) және басқа ғылыми ордалармен келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ, Беларусь Респуб­ликасы ҰҒА Орман институтымен, Өзбекстан Республикасы Ғылыми-өндірістік орталығымен әріптестік байланыстар орна­тыл­ған. Қазіргі таңда белоруссия­лық ғалымдармен бірге қарағайдың селекциялық-генетикалық ерекшеліктеріне, орман зиянкестерімен күреске және Арал фитомелиорациясына байланысты зерттеулер жүр­гізілуде. Аралға қатысты орын алған мәселелер Өзбекстан ғалым­дарымен дәстүрлі ынты­мақтас­тықты нығайта түсті. Ресей мен Беларусьтің жетек­ші ғалымдары «Республика аумағындағы орманды сақ­тау мен оны ұлғайту» жобасы шең­беріндегі орман шаруа­шы­лығы қызметкерлерінің білік­тілігін арттыру курстарында оқу-ағарту істеріне белсенділікпен қатысуда. Алыс шетелдермен байла­нысқа келетін болсақ, Иерусалим университетімен (Израиль), Литва аграрлық және орман ғылымы орталығымен, Қытай Ғылым академиясының Эко­логия және география инсти­тутымен келісімдер мен мемо­ран­думдарға қол қойылған. Сон­дай-ақ, Израильдің Волкани қорымен, Германияның Фрайбург университетімен, Варшава аграр­лық университетімен, Куба, Чехия, Португалия және басқа да елдердің белгілі ғылыми ордаларымен байланыстар орнатылған. Қол қойылған келісімдер ма­ңыз­ды ғылыми ақпараттар алма­суға, орман экожүйесіне, орман ағаштарының құнды түрлік қорын сақтауға, орман алабын қолдан көркейтуге, қорғаныштық орман алабын құруға, карантиндік жүйемен зиянкестерге қарсы кү­­рес­тің тиімділігін арттыруға және орман өрттеріне жол бермеуге ықпалын тигізгенін айтқым келеді. Институтымыз халықаралық байланыстар аясында жұмыс барысындағы кездесулер мен кеңестер шарасын ұйымдастырып, ғалымдарымыздың кәсіби білік­ті­лігін арттыруға қатысты тәжі­рибелерден өтуіне айрықша назар аударады. Мәселен, соңғы үш жылда ғалымдарымыз шет­ел­дік ғылыми ұйымдарда 22 рет тәжірибелік тәлім алса, соның 15-і алыс шетелдерде ағыл­шын тілінде жүргізілді. Жол­са­парларды қаржыландыру негі­зінен келісімшарттық жобалар мен гранттар арқылы іске асырылды. Ал, Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» шәкіртақысына ие болған біздің жас ғалымымыз PNH Education Ltd.бағдарламасымен Қытайда тәжірибеден өтті. Бұған қосымша, «МАШАВ» бағ­дар­­ла­масы бойынша үш жас ғалы­мы­мыз шетелдік тәжірибелік сы­нақтарға қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Үндістанмен техникалық және экономикалық ықпалдастық бағдарламасының  шәкіртақысымен екі қызмет­кері­­міз Үндістандағы «Орман түр­­лерінің биотехнологиясы» тақырыбындағы оқуларға қатысты. Халықаралық байланыстар жө­ніндегі жұмыстарымызға бе­­рілген жоғары баға ретінде инс­­титутымыздың бас ғылыми қыз­меткері А.Кавериннің 2013 жылы Бүкілресейлік агломерация ҒЗИ ғы­лыми кеңесінің шешімімен А.В.Альбенский атындағы медальмен марапатталуын атап өткіміз келеді. Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ ғалымдары былтыр 7 халық­ара­лық ғылыми форумдарға қаты­сып, баяндамалар жасады. Біздің өзіміз де 2013 жылдың қазанында осындай халықаралық ғылыми-практикалық конферен­ция өткіздік. Онда «жасыл эконо­микаға» көшу, инновациялық тех­нологияларды пайдалану ар­қылы орман ресурстарын және экожүйенің биоәркелкілігін сақ­тау сияқты маңызды мәсе­ле­лер қаралды. Мұндай дәс­түр­лі кон­ференциялардың қоры­тындысымен арнайы жинақтар құрастырылып отырады. Алдағы кезде өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, әріптестер ауқымын кеңейту, қолда бар ғылыми әлеуетті күшейту және өндіріске енгізу бағытындағы жұмыстар жалғаса түсетіні анық. Болат МҰҚАНОВ, Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Ақмола облысы, Бурабай ауданы.