Тарих • 13 Қараша, 2022

Антрополог

359 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Оразақ Смағұлов – қазақтың біртуар антропологі және елімізде антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, нағыз ғалым. Орекең биыл тоқсанның екісіне иек артып отыр. Бұған дейін антрополог ақсақалмен бірнеше дүркін жолығып, сұхбат алып, бұл жазбалар «Egemen Qazaqstan» басылымында әр жылдары жарық көрген болатын. О.Смағұлов – тек антропология саласын зерттеуші ғалым ғана емес, халқымыздың тұрмыс-салт этнография­сын, тарихи-әлеуметтік һәм генеологиялық даму сатыларын, тіпті ұлтты тұтастырып тұратын рухани ұстын-тетіктерді жетік білетін оқымысты. Академикпен әңгіме барысында өзіміз құнтап жазып алған кейбір оқиғалар мен қызық деректерді оқырманға ұсынып отырмыз.

Антрополог

Туған жерім – Тобылым

 – Менің аталарым орташа ауқатты адамдар болған екен, – деп әңгіме желісін ағытты абзал ағамыз. – Олар қолаты шүйгін, суы бал, аңғары кең, бейнелеп айтар болсам «Боз сазаны тоқтыдай, Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған, Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас» деп Қазтуған бабамыз жырлағандай То­был­дың бойын ен жайлапты. Атам қазақ­тың «әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» дегеніндей қайран Тобыл қазақтың малы мен жанына пана болған есіл дария ғой. Мен сияқты Тобылдың суын ішіп, нуын­да өскен жерлес апамыз Мариям Хакім­жанова:

«Тобылым менің, Тобылым,

Ағыны тоқтап көрмеген.

Жасымда талай шомылдым,

Толқының тулап тербеген», – деп бекер жырламаған шығар. Сөзімді шиырып айтар болсам, көне жыраулар айтатын «Жатып қалған бір тоқты, Жайылып мың қой болған жер» осы менің Тобылым еді.

Мен тумай тұрғанда біздің ел Тобыл­дың құйғаны Обаған мен Үй өзендерінің тоғысында қыстап, жаз жайлауға Қорған­нан өтіп, Түмен асып, дарияның Ертіске барып құятын кең сағасына тұмсық тірейді екен. Дүние бір дөңгеленгенде алаш арысы Телжан Шонанов айтқандай, ақ патша қазақтың шұрайлы жеріне жерік болып шыға келеді. Осы жылдары патшалық Ресей қазақ даласын жаппай жаулап алу мақсатында Сібір губерниясын құрады. Орталығы Тобыл қаласы болады. Ал мың шақырымға созылып жатқан Тобыл өзенін бойлата шеп құрып, оған 33 редут, 32 маяк орнатыпты. Бұл шепті қорғайтын казак-орыс линиясы пайда болады. Оның құрамына – 2 бекініс, 33 редут, 2000 атты әскер бағындырылды.

Жоғарыдағы ресейлік отарлауды көзімен көрген атақты Ақан сері Қорам­саұлы жазғандай:

Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,

Соятын крәсиянға лақтай боп,

Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң,

Шетке шығып қалдық ғой брактай боп,

– дегеніндей немесе ақын Күде­рі Көшек­ұлының: «Сабынды, қопа, қамы­сым, Тамам бір жұртқа танысым, Кәпірден зорлық болған соң, Қалдың-ау қайран қонысым, Боранда малым ықпаған, Үйімді дауыл жықпаған, Шағыр бір жусан, изен­дім, Сенен де кетіп, күйзелдім, Байлаулы атқа пішенім, Матаулы атқа кісенім, Ат арқандар қазығым, Балаларға азығым, Қолдан кетті қайтейін, Кәпірден болды жазығың...» деуі мен айтқан тарихи шын­дықпен астасып жатыр...

* * *

Антрополог академиктің жоғарыдағы әңгімесінен түйгенім: барлық пәле, барлық кесапат, барлық қасірет отарлауда жатыр екен. «Отарлаудың зардабын бір кісідей көрген мына менмін» дейді Орекең. Айтса айтқандай ағамыз 1930 жылы Тобылдың бойындағы қазіргі Меңдіқара ауданы жерінде туған екен. Аяғын тәй-тәй басып жасы екіге енді толғанда жарты қазақты жалмаған алапат аштық басталыпты. 1932 жылы әкесі Смағұл отбасын аштықтан аман алып қалу үшін бір үзім нан іздеп, іргедегі Ресейге өтіп кетеді. Ол жақтың да жетісіп тұрғаны шамалы. Өйтіп-бүйтіп өзек жалғайтын дақыл тауып үйіне оралса, әйелі аштықтан өліп қалыпты. Екі жасар ұлы Оразақ өлген анасының омырауын сорып тірі жатыр екен, дейді.

Осы оқиғаны айтып, тоқсан жастағы қария еңкілдеп жылады. Мен үнсіз егілдім. Қайран ананың өзі өлсе де, ұлын өлтірмеу үшін емшек сүті иіп жатқан... Бұл неғыл­ған таңғажайып оқиға. Менімен бірге құ­лағы қалқиып әңгіме желісін бірге тыңдап отырған журналист Азамат Есен­жол інім де сулаған жанарын сүртіп отыр екен...

Аздан кейін еңсесін тіктеп, терең тыныс­таған академик «Шешемді әлі күнге дейін сағынам, анасы бар адамдар қандай бақытты» деп тағы бір күрсінді. «Көпшілік менен: – Сіз үлкен ғалым болдыңыз, Кеңес дәуірінде өмір сүрдіңіз, партияға неге өтпедіңіз», – деп сұрайды. Мен: «Егер сенің анаңды біреу келіп өлтірсе, сен ол кісіні жақсы көресің бе, ендеше анамды өлтірген партияға ішім қалай жылиды» – деймін мен. Сөз-ақ! Және бұлай айту тоталитаризм тұсында екінің бірінің қолынан келмейтін. Негізі, Орекең батыр адам. Батыр болмаса, отарлаушылар күлге көміп, жоқ қылған қазақты феникс құстай түлетіп, қырық ғасырлық тарихын ғылыми дәйекпен дәлелдеп бере ме? 1977 жылы отыз жыл маңдай терін төгіп жазған «Этническая геногеография Казахстана» атты кітабын баспада теріліп жатқан жерінен компартияның көз-құлақтары тапа-тал түсте бірін қалдырмай өртеп жібегенде былқ етпепті.

Орекеңнің ішіне кек қатқан. Кек болғанда отарлаушыларға деген қанды кек. «Қолдан аштық ұйымдастырып 4 млн қазақты қырып тастаған үкіметке өмірі ішім жылыған емес» дейді түнеріп. Іші жылымайтын да жөні бар. Өзі айтады: «Бес-алты жастағы бір топ бала Тобылдың жағасында ойнап отыр едік, тоғайдың арасынан еңгезердей екі орыс шыға келді де «ой, киргизёнки» деп бізді сирағымыздан ұстап алып, өзеннің иірі­міне қарай лақтырып жіберді. Ауыл үлкен­дері осындай пәленің боларын білсе керек, бізге «егерде өзеннің түпсіз терең айналма иіріміне тап болсаңдар, сол жерден су­ды­ң бетіне шығам деп әуреленбеңдер су жұтып қоясыңдар. Одан да тереңге сүңгіп 10-15 метр жүзіп барып шығыңдар» деп үйрет­кен. Дәл осылай жасап бәріміз аман қалдық.

* * *

Кейде қоғамда болып жатқан саяси шешімдер мен оқиғаларға байланысты академик көкемізден пікірін сұрайтынымыз бар. 2017 жылы еді. Латын әліпбиіне көшу жайлы бастама көтеріліп, дүрлігіп жатқан тұс. Осы мәселеге қалай қарайсыз, демейміз бе. Тосын бірдеме айтарда көкеміз әдеттегідей емес басын шалқайта көтеріп, бетіңе шаншыла қарайды. Бұл жолы да сөйтті. – Егер біз бұдан былай криллицада қалар болсақ, Ресей қыруар қаржы төлесін, әйтпесе оттамасын, – деді. «Неге» дейміз ғой біз пақыр. «Англия өзде­рінің латын әліпбиін қолданғаны үшін Аустралия және кейбір Африка мемле­кеттеріне қыруар қаржы төлейді. Халықаралық стандарт солай». Расында бұндай халықаралық талап барын білмейді екеміз. Таңдандық та қалдық.

Одан кейін ағамыз: – Мен әліппені латын әліпбиімен таныдым, – деді. – Бұл соғыс жылдары болатын. 12-13 жастағы кезім. Майданнан бұрқырап хаттар келеді. Ауылда сауатты адамдар аз. Бұрынғы қариялар араб графикасы болмаса латынша оқи алмайды. Майданнан жолданған хаттардың бәрі латынша. Ауыл адамдары мені шақырып хат оқытады. Бұлардың ішінде «қара қағаз» дегендер бар. Ондай хатты батальонның писары немесе штабта қазақша білетіндер жазатын болуы керек. Қысқасы, қазаны естірту. Хатты оқимын да дәл «бәленше өлді» деген жеріне келгенде құмығып тұрып қалам, бірінші болып мен жылаймын, қалғаны қосылады. Міне қарағым, латын әріпі десе осы бір оқиға есіме түседі...

Сәтбаевтың шарапаты

 – Өмір өтіп жатты, өзен ағып жатты, – дейді академик. – Ат айылын тартып мінетін жасқа жеттім. 1952 жылы ҚазГУ-дің тарих факультетіне студент болдым. Содан бірінші курста оқып жүріп, археологиялық қазба жұмыстарына жегілдім. Сонда аңғарғаным, археологтар қазба жұмысы кезінде табылған арте­фактілерді мұқият жинап алады да, адам сүйектерін шашып тастап жүре береді. Яғни, археологтарға тек материалдық мәдени мұралар ғана қажет. Адам қа­жет емес екен. Бізді басқарып барған ұстаз­дан сұраймын ғой «мына сүйектерді зерт­теумен, айналысатын біреу бар ма?». Ешкім жоқ. Осы мәселе мені қатты ойландырды. Заттық мұра деген жай бір бұйым. Ал оны жасаған һәм пайдаланған адамды неге зерттемейміз. Осылай антрополог болуға бел байладым.

Бұл мамандықты қайда, кім оқытады?. Ол жағы маған беймәлім. Содан «бір білсе, осылар біледі-ау» деп Алматыдағы мединститутқа бардым. Институттың адам анатомиясы кафедрасын профессор Нұрыш Бөкейханов басқарады екен. Осы кісіге экспедиция кезінде көргенімді айтып, шашылып жатқан сүйектерді зерттегім келетінін жеткіздім. Сондағы Нұрекеңнің қуанғанын көрсеңіз ғой. «Япырмай, қазақтың сүйегін зерттейтін бір адам табылды-ау» деп шаттанды.

Дереу институттың оқу бөлімінің бір қызметкерін шақырып алып, мені таныс­тырды. Сөйтсем ол 30-жылдары антропологияны оқып жүргенде, қудалауға ұшырап медицинаға ауысқан екен. Ол да қуанды. Ақыры мені мединститутқа да студент ретінде тіркеп қойды. Сөйтіп төрт жылда екі инстиутты қатар оқып бітірдім.

Мединститутта антропологияны оқы­та­тын не ұстаз, не оқулық жоқ екен. Маған әуелі мәйітханамен жұмыс істеу тапсырылды. Ол жерден адамның дене құрылысы мен ішкі ағзаларының орналасу тәртібін толық үйреніп шықтым. Мен бітіретін жылы Тәңір қолдап Мәскеуден жергілікті бір ұлт өкілін антропологияға бейімдейміз деген қағаз келе қалды. Сөй­тіп қазақ баласы 1957 жылы антро­полог болу үшін ҚазКСР Ғылым академия­ның жолдамасымен Мәскеуге аттанды.

 Ол кезде Мәскеуде Миклухо-Маклай атындағы этнография институты (қазіргі Этнология және антропология институты) деген болды. Антропология кафедрасы осының ішінде екен. Бұлар мені әуелі үш ай тәжірибеден өтіп келуге Зоология институтына жіберді. Сонда барып маймылдарды зерттедім. Өйткені адам мен маймыл арасындағы сүйек ұқсастығы өте жақын. Одан кейін Ленинградтағы танымал профессор, атақты психолог маман Виталий Лазаревич Гинзбургке шәкірттікке жіберді. Бардым. Виталий Лазаревич ол тұста әскери академияда сабақ береді екен. Ол кісі мені анатомиялық театрға алып барып, сонда толып жатқан қаңқа сүйектермен таныс деп тастап кетті.

Мұндағы сүйектердің алғашқысы ХVII ғасырдың аяғында І Петр патшаның жарлығымен жиналған дүниелер екен. Осы жерден сүйекті нақты антропологиялық зерттеудің өлшемі мен теориясын үйрен­дім. Одан кейін барып Мәскеудегі этнография институтының аспирантурасына қабылдануға болады деген мақұлдама алдым. Соның өзінде бірден түсіп кеткем жоқ, емтихан тапсырдым.

Аспирантураға қабылданған соң ғылыми атақ қорғау үшін тақырып таң­дауым қажет болды. Басты мәселе, ҚазКСР Ғылым академиясының жолдамасымен оқып жатқандықтан кандидаттық тақырып таңдауыма олардың келісімі қажет екен. Яғни қазақстандық жағдайға қатысты тақырып таңдауға тиісті екем. Бірақ Мәскеу айтады «Қазақстанға қатысты тақырып таңдай алмайсың, себебі онда сен зерттейтін сүйек қоры жоқ». Бұл пікірге академия келіспеді. Екі ортада сандалып мен жүрмін...

Бір күні ұстазым Г.Дебец шақырып жатыр деген хабар жетті. Барсам ол кісі айтады: «Оразақ, ҚазКСР Ғылым акаде­миясының басшысы Қаныш Сәтбаев Мәскеуге келеді. Мәртебелі жиында сөз сөйлейді. Сен сол ағаңа жолығып, мәсе­леңді шешіп ал!». «Құп, тақсыр» дедім де, Қанекеңді іздеп жолға шықтым. Қанекең түскен «Мәскеу» қонақ үйіне барсам жоқ. Бөлмесін біліп алдым да, ертеңіне кешкі сағат бесте келдім. Көмекшісі күтіп алды. Қанекең тағы жоқ. Фойеде күтіп отырдым. Қаныш аға келді. Сәлем беріп үлгердім, бөлмесіне кіріп кетті. Он бес минуттан соң «шақырып жатыр» деген хабар жетті. Бардым. Жағдайды бастан-аяқ айтып шықтым. Мені мұқият тыңдап болып Қаныш аға «енді не керек?» деп өзіме сауал қойды. «Қазақстанда сүйек қорын жасауымыз қажет». «Түсіндім, бұдан басқа не керек?». «Сүйек қорын жасайтын экспедиция жасақтау қажет». Қанекең бас изеді. Маған бұрылып «дереу экспедицияға дайындал!» деп бұйрық берді.

Қуаныштан төбем көкке бір елі жетпей рахметімді жаудырып бөлмеден шығып бара жатыр едім, Қаныш аға маған «тоқта» деді. Кілт тоқтадым. Қайран аға қасыма келді. Көзінде мұң бар. «Қарағым Оразақ» деді, – әрбір жан иесінің биологиялық ата-анасы болатыны секілді, әр халықтың биологиялық ата-анасы бар. Сен қазақтың биотегін дәлелде». Қаныш ағаның осы бір ауыз сөзі маған өмірлік қуат берді.

Арада үш күн өтті. Институттың басшысы шақырып жатыр деген хабар келді. «Не боп қалды екен...». Сүрініп-қабынып жеттім. Директордың алдында Сәтбаевтың қолы қойылған телеграмма тұр. Оқып берді. Қағазда мені экспедицияға басшы ретінде тағайындап, үш ай жұмыс жасауға 12 мың рубль, бір машина, төрт ғылыми қызметкер бөлгені жайлы айтылыпты.

* * *

Қысқасы, үлкен ғалым, қазақ ғылымы­ның жанашыры Сәтбаевтың ша­ра­патының арқасында Орекең қазақ хал­қының сүйек қорын жасау жолына түседі. Бұл жерде айта кететін мәселе, мың жерден ғылымға пайдалы болса да қазақ көрін қаздырмайды. Мысалы, б.з.б 484-425 жылдары өмір сүріп, әлем тарихының атасына баланған Геродоттан жеткен аңыз бар. Ахаменидтер патшасы Дарий I патша Ұлы Дала тұрғыны скифтерді бодан ету үшін қол бастап келеді. Бірақ скиф патшасы Еділбас соғыспай із тас­тап жөңкіліп ұстатпайды. Ол басқыншы парсыларға былай деп сәлем жолдаған екен: «Ал егер соғыс керек болса, біздің ата-бабаларымыздың зиратына тиісіп көріңдер». Жау жағы бұл сөздің астарын бірден түсінген. Егер зираттарды бүлдірсе скифтер оларды тас-талқан еткен болар еді.

Осы аңызда айтылғандай қазақтың зиратын қазу ХХ ғасырдың өзінде оңай болмапты. Ақыры антрополог ағамыз жұмысын 1931-32 жылдары аштықтың салдарынан қынадай қырылып, топ-тобымен көмілген мыңдаған адамның иесіз мүрдесін қазудан бастайды. Әуелі, ең көп адам өлген Шұбартаудан бастап, атақты Қоянды жәрмеңкесінің маңы Қарасорды қазады.

 – Дәл осы Қарасорды қазып жатқан едік, – дейді Орекең. – Салт атты малшы қазақ келіп қамшы үйірді: «Әй, сен өзі мұсылмансың ба, әлде жоқ па? Мынауың­ды қоймасаң, түнде келіп бәріңді бен­зин құйып өртеп жіберемін! Тез кетің­дер!» деді. Қой, құрысын, дедік де, атта­нып кеттік. Баянауылдың Қаратас деген жерінен аштан өлген адамдар жерленген қабірді тауып алып, жұмысты жалғастырдық...

* * *

Осы әңгімелерді айтып отырып Орекең кілт тоқтады. Терең күрсінді. – Қарағым, – деді әлсіз үнмен. – Аштан өлген адамдарды өлген мал сияқты үлкен ұраға ретсіз лақтырып үстін топырақпен жаба салған екен. Бұлардың жерлегеніне отыз жыл болған. Көбінің тіпті киген киімі шірімепті. Бейбақтар қалталарына бірді-екілі күміс тиын салып алыпты. Тегі ас-суға қажет болар дегені шығар. Бір қызығы, көбінің төс қалтасынан бір жапырақ құранның аяты немесе дұға жазылған қағаз-тұмарлар шықты. Марқұмдар аштан өлерін біліп, Алланың алдына барғанда осы аяттар шапағатшы болар деді-ау...

Қарасам, қарт ғалымның жанары суланып отыр екен. Бірден түсіндім. Көр қазып жүріп, жазықсыздан жазықсыз қынадай қырылған халқының ақ сөңке сүйегін көріп, көріңде өкіргір отарлаушылардың қазаққа жасаған қиянатын жан-жүрегімен сезінген. Бұл кісінің ұлтшылдығын оятқан оқиға осы болар деген ой түйдім.

«Бір жазда 300-ге тарта бас сүйек жинадым. Бірақ осы сүйектерді сақтайтын жер, зерттеу жүргізетін лаборатория, құрал-жабдық болмады. Ақыры жинаған қаңқа сүйектерді Кунсткамераға өткіздім», дейді академик.

Қазақтың бес мың жылдық тарихын таңбалаған

 – Құдай маған Георгий Францевич Дебец, Яков Якович Рогинский, Виктор Валерианович Бунак және Михаил Михай­­лович Герасимов сияқты жақсы ұстаз­дарды жолықтырды, – дейді Орекең. Бұлар: «Сен өз халқыңның антропологиясын кешенді түрде зертте! Бұны біл­мейінше сендер өткен ғасырда нені жоғалтып, нені тапқандарыңды білмей өтесіңдер, сонымен қатар морфологиялық және стоматологиялық әдіс арқылы қазіргі қазақты зертте! Әсіресе көне қаңқалардың тісін зерттеуді үйрен, әйтпесе этностың даму үрдісіндегі биологиялық заңдылықты аңғара алмайсың. Одан кейін қан жүйесін зерттеуді үйрен» деп аманат айтты.

Сөйтіп, ғалым ағамыз ұстаздар аманатын орындау мақсатында, туған халқының генеологиялық ғұмырын антропологиялық тәсіл арқылы дәлелдеуге кіріседі. – Бұл жұмысты 1966 жылы бастадым, – дейді қазақтың әйгілі антропологы. – Зерттеуге ауыл тұрғындары, яғни дала қазақтары көптеп тартылды. Өйткені қазақтың популяциялық генетикасы дала қазағында жақсы сақталған. Сонымен қатар зерттеу нысанына 12-60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар тартылды. Келесі кезекте, тіс морфологиясының зерттеуіне 12-17 жас арасындағылар таңдалды. Себебі бұл жас тістің тұрақты кезеңі. Сол сияқты, әлемде қанша адам бар солардың алақан тері бедерлері бір-біріне ұқсамайды. Соны зерттедім. Қазіргі қазақтарда ежелгі аталарымыздың үлесі – қан құрамында, бет-әлпетінде, алақан тері бедерлері, тіс морфологиясы сияқты пропорцияларында және биологиялық, морфологиялық, физиологиялық гендерінің үштен бірінде сақталғанын анықтадым. Бұны дәлелдеу үшін: әуелі қазақтың тіс құрылысына арнайы зерттеу жүргіздік. Тұрақты тістерде халықтың морфологиялық заңдылығы мен кәдімгі тарихы сақталады. Сөйтіп қазақ халқының тіс құрылысында еуразиялық этностардың ешқайсысына ұқсамайтын одонтологиялық ерекшелігі барын анықтадық. Өткен 50 ғасырда қазақтың морфологиялық тіс құрылымына енген өзгешелік – астыңғы бірінші азу тіс 60 пайызға өзгерсе, екінші азу тіс 7-8 пайызға ғана өзгерген. Келесі зерттеу қан жүйелеріне қатысты айтар болсақ: әлемдегі адам баласының қаны 30 түрлі жүйеден тұрады. Медицина осылардан 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші дейтін төрт жүйе­сін ғана кәдеге жаратып жүр. Қан жүйесінің басқа зерттеулерден ерекшелігі, ғылыми сараптамалық есептерді жылдам шығарып алуға қолайлы. Өз басым 40 мыңнан астам қан жүйесін жинап, оны Италия ғалымдарымен бірлесіп зерттедім. Нәтижесінде, барлық қазақ бір тектен, тараған қырық ғасырлық тарихы барын ғылыми түрде дәлелдеп шықтым. Бұл тұжырым – жаратылыстану ғылым саласы бойынша емес, биологиялық тұрғыдан анықталып отыр. Мұндай ұзақ тарихы бар халық әлемде жалғыз еврей ұлты деп жүрдік. Оның өзінде олардың тарихы теологиялық діни концепцияға негізделіп дәлелденген. Бұл нақты ғылы­ми тәсілге жатпайды. Ал қазақтар – антропологиялық ерекшелігі жағынан Еура­зияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосылмайтын жеке-дара этнос. Бұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем...

Тұлғаларды тірілткен

Білген адамға Оразақ Смағұлов –құдай­дың қазаққа берген сыйы. Бұл кісі кәсіби маман ретінде халқымыздың тарихи тұлғаларының да сүйек құрылымын зерттеп, бет-бейнесіне ғылыми жаңғыртпа жасаған. Тіпті Орекеңнің Есіктен табылған «Алтын адамның» сүйегіне ғылыми сараптама жасап, оның 20 жастағы ер адам екенін анықтап бергенін көпшілік біле бермейді. «Бұны қалай дәлелдедіңіз?» деген сұрағымызға: «Бастың ми сауытының табанында шеміршек сақталып қалған екен. Шеміршек 25 жастан кейін сүйекке айналады. Соған қарап жиырма жастағы жігіт деп топшыладым. Ал жынысын жақ сүйегі арқылы ажыраттым. Өйткені әйелдің жақ сүйегі жоғары келеді, ал мынау төмен екен».

Сол сияқты, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары Түркістандағы Абылай жерленген нүктені монолит тәсілімен қазып алып, сүйекті Мәскеуге алып барып, арнайы лабораторияда зерттеген. Ең әуелі, сүйек арқылы ханның бойын анықтаған. Шамамен – 166 см. Бұл өлшем, XVIII ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына жүргізілген экспедиция кезінде ханмен жолыққан капитан Бряховтың естелігіндегі «Абылай орта бойлы, шымыр денелі адам» деген дерекпен сай келіп тұр. Бір таңданарлық жағдай, ханның бас сүйегінде бірде-бір тіс жоқ. Яғни бұл сол дәуір дастандарында көп айтылатын «опырақ Абылай» тіркесімен үйлесіп тұр. Өйткені, қазақ «опырақ» деп отыз тісі түгел түсіп қалған адамды айтады. Одан кейін ханның бір аяқ жілігі ауыр соққыдан сынып, шор болып біткен. Ғылымда 50 жасқа дейін сынған сүйек шор болып бітетіні белгілі. Демек Абылай хан 50 жасқа жетпей жараланған. – Абылай хан жайлы 1758 жылы жараланғаны жайлы деректі Мәскеу архивінен таптым және 1940 жылы Шыңжаңда төте әріппен жазылған Абылай хан туралы дастанда ханның аяғынан жаралағаны туралы деректі көрдім», – деп әңгімесін аяқтады антрополг ағамыз.

Соңғы жаңалықтар