Қаладағы Еңбекші ауданына қарасты Қаратөбе байланыс бөлімшесінде ұзақ жылдар хат тасушы болып жемісті еңбек етіп, тұрғындардың құрметіне бөленген қарапайым кәсіп иесі зейнеткерлікке шықса да басшылықтың ұйғарымымен еңбек жолын одан әрі жалғастырып жүр.
Әр күн сайын таңмен таласа тұрып, жұмысқа асығатын еңбекқор ана газет-журналдар мен хат-хабарларды иелеріне уақтылы жеткізіп отырады. Оның үстіне түрлі мекемелер мен ұйымдардың ресми құжаттары мен жеделхаттарды, сәлем-сауқаттарды қосыңыз. Қысқасы, жауапкершілігі мол, сырт көзге онша біліне бермейтін тынымсыз шаруа.
Үйдің де, түздің де оябын таба білген еңбекқор Әлекең отбасында да бақытты. Екі ұлы мен екі қызынан 13 немере, жиен мен 4 шөбере сүйіп отыр.
Баянды бақытын адал еңбектен тапқан Әлия Алтынбекованы үнемі қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан көресің. Көше комитетінің төрайымы ретінде аудан әкімдігінде өтетін жиындарға тұрақты қатысып, ұсыныс-пікірлері мен ойларын ашық айтады. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға бәйек болып, қамқор қолын созып жүреді.
«Дарақ бір жерде көгереді» дейді халық даналығы. Жетпіс бес жасында еңбектен қол үзбеген жанды өзгелерге үлгі етсек, сөкеттігі бола қоймас деген ойдамыз.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
еңбек ардагері, зейнеткер
ШЫМКЕНТ