ЖЭО-да қалпына келтіру жұмыстары жөніндегі штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
«ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта станцияға агрегаттардың жұмысын реттеу үшін Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктері келді», деді Даниал Ахметов.
Қалпына келтіру жұмыстары үшін ЖЭО–ға «Терезе» және «ВК Инвест Инжиниринг» кәсіпорындарының 30 маманы қосымша келді.
«Жылу орталықтарында №1, №3 орташа қысымды қазандықтар және №6 жоғары қысымды қазандық жұмыс істейді. №4 жоғары қысымды қазандықты автоматтандыру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада осы агрегатты қалпына келтіру жұмыстары аяқталады», деп қосты әкім.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта станцияда 260 тонна мазут бар.
Еске сала кетсек, 5 қарашада сағат 20:00-де «Риддер-ЖЭО» АҚ-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты түрде ажыратылды.
11 қарашада «Риддер ЖЭО» негізгі қазандығындағы апат жойылды. Алдыңғы күні Риддер жылу орталығының №6 жоғары қысымды қазандығының жұмысы штаттан тыс жағдайға байланысты тоқтатылған еді.