Футбол • 14 Қараша, 2022

Аяқдоптағы қазақ-өзбек бәсекесі

909 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ертең футболдан Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық құрамалары Ташкентте жолдастық матч өткізеді. Екі мемлекет Азия құрлығында орналасқанымен, Қазақстан футболшылары кейінгі 20 жылдан бері УЕФА құрамында ойнап жүр. Ал Өзбекстан тәуелсіздік алған жылдардан бері штаб-пәтері Малайзияда орналасқан AFC (Азия футбол конфедерациясы) ұйымында бақ сынайды. Сондықтан екі елдің құрамасы кейінгі 15 жылда бір-бірімен алғаш рет ойнағалы тұр. Матч Ташкенттегі «Пахтакор» стадионында өтеді.

Аяқдоптағы қазақ-өзбек бәсекесі

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары бүгінге дейін төрт мәрте ресми матчта кездесіп, екі рет халықаралық турнирлерде жолдары түйіскен екен. Сол алты матчтың екеуінде – Өзбекстан, біреуінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, қалған үш ойын тең есеппен аяқталған.

Жалпы, екі ел футболшылары ең алғаш рет осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылдың 16 шілдесінде Алматыдағы «Орталық» стадионда кездесті. Орталық Азия кубогі жолындағы жарыстың Қазақстанда өткен бірінші матчында жерлестеріміз Руслан Дүзмәмбетовтің жалғыз голының арқасында жеңіске жетті. Араға үш ай салып 1992 жылдың қазанында Ташкентте ұйымдастырылған қарымта кездесуде екі елдің футболшылары тең нәти­жеге разы болысты – 1:1. Бұл матчта да Қазақ­­стан құрамасынан Руслан Дүзмәмбетов мер­гендігімен көзге түссе, алаң иелерінен Азамат Абдураимов пенальтиден гол соқты.

Араға екі жыл салып 1994 жылы Қазақстан мен Өзбекстан «Өзбекстан тәуелсіздігі кубо­гі» додасында тағы да бір-біріне қарсы­лас атанып, бұл жолғы кездесу жарыс қожайын­дарының жеңісімен аяқталды. Таш­кенттегі «Пахтакор» стадионында өткен матч тағдырын жалғыз пенальти шешіп кетті – 1:0. 11 метрлік айып добын Өзбекстан құрама­сының қорғаушысы Александр Тихонов сәтті орындады.

1997 жылы Қазақстан мен Өзбекстан футболшылары 1998 жылы Францияда ұйымдастырылған әлем чемпионатының екінші іріктеу кезеңінде бір топта бақ сынады. Сол жылғы 20 қыркүйекте өткізілген Алатау баурайындағы бірінші кездесуде құрамалар екінші рет 1:1 есебімен тең тар­қасты. Қазақстан құрамасы сапынан еліміздің ең үздік сұрмергені Руслан Балтиев гол соқса, Өзбекстанның мақтанышы Максим Шацких таразы басын теңестірген-ді.

Араға 35 күн салып Ташкенттегі қарымта кездесуде алаң иелері өз жанкүйерлерінің алдында ірі есеппен жеңіске жетті – 4:0. Кездесуде Игорь Шквырин дубльдің авторы атанса, Андрей Федоров пен Өзбекстанның даңқты футболшысы Миржалол Қасымов бір-бір мәрте мергендігімен көзге түсті.

Кейіннен Қазақстан мен Өзбекстан құрамасы араға 10 жыл салып 2007 жылы қайта жолықты. Бұл жолы Шымкентте ұйым­­дастырылған «Алма-ТВ» кубогінде бас жүлдені сарапқа салды. Жерлестеріміз соңғы шешуші матчта оңтүстіктегі көршімізбен 1:1 есебімен тең түсті. Дегенмен отандастарымыз тең нәтижеге қарамастан, халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды. Ойынның 13-минутында Мұрат Сүймағамбетов есеп ашса, кезінде «Ақтөбе», «Ордабасы» сапында ойнаған өзбекстандық шабуылшы Александр Гейнрих таразы басын теңестірген болатын.

Осы кездесулердің статистикасына зер салар болсақ, алты матчтың үшеуін Ташкентте өткізген Қазақстан құрамасы бірде-бір матчта жеңіске жетпеген екен. Қазақстан құра­масының футболшылары алты ойында қарсыластары қақпасына небәрі төрт гол соқса, өз қақпасына жеті гол өткізіп алған. Ташкенттегі төртінші кездесу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жетінші матч болмақ. Ала тақиялы ағайындарда қай сан қадірлі екенін біз білмейміз, білетініміз қазақтар үшін жеті – өте қасиетті сан. Бәлкім, осы жетінші кездесуде жерлестеріміз Өзбекстанда жеңіске жетіп қалар.

Қазақстан құрамасы кейінгі жеті матчтың бесеуінде жеңіске жетсе, Өзбекстан да соңғы сегіз кездесуінің алтауында жеңіс тойын той­лаған. Жерлестеріміз ақырғы бес ойында орта есеппен 1,20 гол соқса, өз қақпасына дәл сондай гол өткізіп алған. Өзбекстан құрамасы бұл статистика бойынша біршама алда тұр. Мәселен, олар соңғы бес ойында қарсыластарының қақпасына 2.40 гол соқса, өз қақпасына 0,40 гол өткізіп алған. Магомед Адиев шәкірттері кейінгі жеті ойынның бе­сеуінде гол соқса, Өзбекстан футболшылары жеті матчтың жетеуінде де мергендік танытқан екен.

Екі ел қандай құраммен ойнайды?

Қазақстан ұлттық құрамасының жаттық­ты­рушылар құрамы бұл кездесуге 25 ойыншы шақырған. Бір атап өтерлігі, Магомед Адиев допинг дауына байланысты екі жыл футболдан алыстатылған Бауыржан Исламханды да ұлттық құрамаға шақыртқан. Исламханның дисквалификациясы қарашаның алғашқы аптасында аяқталған еді.

Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шах­тер»), Данил Устименко («Қайрат»), Алек­сандр Заруцкий («Астана»);

Қорғаушылар: Сергей Малый, Александр Марочкин, Бағдат Қайыров (барлығы – «То­был»), Абзал Бейсебеков, Михаил Габышев, Тимур Досмағамбетов (барлығы – «Астана»), Темірлан Ерланов, Дмитрий Шомко, (екеуі де – «Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Сұлтанбек Астанов («Қайрат»);

Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағы­берген («Тобыл»), Аслан Дарабаев, Исламбек Қуат (екеуі де – «Астана»), Бақтиер Зайнут­динов (ЦСКА, Ресей), Рамазан Оразов, Мак­сим Самородов (екеуі де – «Ақтөбе»), Эльхан Астанов («Ордабасы»), Бауыржан Исламхан (еркін ойыншы);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Ас­тана»), Абылайхан Жұмабек («Тараз»), Айбар Жақсылықов («Тобыл»), Артур Шушеначев («Қайрат»);

Ал Өзбекстан құрамасын жаттықтыратын 59 жастағы словениялық маман Сречко Катанец мына футболшыларға сенім артып отыр. Ол бұл матчқа әрісі Италиядан, берісі Сауд Арабиясынан ойыншы шақыртқан екен.

Олар: Қақпашылар: Абдувохид Нематов («Насаф»), Ботирали Эргашев (АГМК), Уткир Юсупов («Навбахор»). Қорғаушылар: Рус­там Ашурматов («Навбахор»), Фаррух Сай­фиев («Пахтакор»), Хусниддин Али­кулов («Насаф»), Хаджиакбар Алижонов («Пахтакор»), Алибек Давронов («Насаф»), Умарбек Эшмуродов («Насаф»), Абдулла Абдуллаев (АГМК), Шерзод Насруллаев («Насаф»), Дильшод Саитов («Насаф»).

Жартылай қорғаушылар: Одил Хам­робеков («Пахтакор»), Акмаль Мозговой («Насаф»), Отабек Шукуров («Фатих Кара­­гюмрюк», Түркия), Азиз Тургунбоев («Пах­такор»), Ойбек Бозоров («Насаф»), Джа­­лолиддин Машарипов («Әл-Наср», Сауд Арабиясы), Сардор Собирхуджаев («Пах­такор»), Хожимат Эркинов («Торпедо», Ресей), Достонбек Хамдамов («Пахтакор»), Остон Урунов (клубсыз), Русланбек Джия­нов («Олимпик»). Шабуылшылар: Эльдор Шомуродов («Рома», Италия), Игорь Сергеев («Тобыл», Қазақстан), Бобир Абдухоликов («Энергетик-БГУ», Беларусь).