Театр • 14 Қараша, 2022

«Жібек жолы» – өнер жәрмеңкесі

413 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елордада бекзат өнер жанкүйерлері асыға күткен «Жібек жолы» халықаралық музыкалық өнер фестивалі шымылдық түрді. Театр думаны Мұқан Төлебаевтың аңызға айналған «Біржан – Сара» операсымен ашылды.

«Жібек жолы» – өнер жәрмеңкесі

Фестивальдің ашылуында мәдениет пен өнер әлемінде танымал тұлғалар болды. Қонақтар қызыл кілеммен жүріп өтіп, жур­налистердің көкейіндегі сұрақ­тарына жауап берді. Мәлім бол­ғандай, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұй­ым­­дастырылған ауқымды жоба 6 желтоқсанға дейін созы­лып, бүкіл әлемнен опера және балет жұлдыздарын жинайды. Көрер­мендер назарына жаһандық жұл­дыздардың қатысуымен опера және балеттік спектакльдерден «музыкалық керуен» ұсынылады. Атап айтсақ, «Жібек жолы» ар­қылы театрсүйер қауым Италия, Германия, Чехия, Украина, Ар­мения, Ресей, Беларусь және тағы да басқа елдерден келген үздік әртістер өнеріне куә бола алады.

– Опера мен балеттің ауқым­ды фес­тивалі еліміздің мәдени өміріндегі оқиға ғана емес, сон­дай-ақ ұлы өнерді баға­лайтын барша жандар үшін нағыз мереке болмақ. Біз шындап дайын­далдық, бағдарламаны толық ойластыра келе, театрдың шынайы рухын көрсету үшін таны­мал, жалындаған музыкамен қа­тар, ғаламат туындыларды да орын­­дауды жөн көрдік. Сонымен қа­тар ұрпақтар сабақтастығын да көр­сетуге ты­рыстық. Сондық­тан спектакльдерге сахна шебер­лері де, жас солистер де жұ­мыл­ды­рылды, – деп атап өтті «Ас­­тана Опера» театрының директоры, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Ғалым Ахмедьяров.

Фестиваль шымылдығын түр­ген «Біржан – Сара» операсы әлемнің түкпір-түк­пірінен жи­­налған көрерменнің зор қо­ше­метіне бөленді. Біржан пар­тия­сын орындауға Мария театры­ның со­лисі, әлемдік опера жұлдызы, Ресейдің еңбек сіңір­ген әртісі, Татарстанның Ха­­лық әртісі Ах­мед Агади арнайы ша­қырылды. Тарихқа ше­гініс жасасақ, 2013 жылы «Ас­тана Операның» алғаш­қы театр маусымы дәл осы операмен ашыл­ған болатын. 10 жыл бұ­рын Қа­­зақстан Республикасы Мем­лекеттік сый­лығының лау­реаты, Ресейдің Халық әртісі Юрий Александровтың қойы­лы­мында кө­рерменімен қауышқан операда да Біржан партиясында Ах­мед Агади жарқыраған болатын. Ал бұл күні әйгілі әртіс Қазақ­­станның еңбек сіңірген қай­­­раткері Асхат Маемиров пен кеңесші режиссер – Татарстан Рес­­публикасы Мем­­лекеттік сый­лығының лауреаты Ми­хаил Панд­жавидзенің редакциясын­да (2018 жыл) жаңаша бағытта қайта ұсы­нылған операда да сәтті өнер көр­сетіп, өзінің сахналық ба­бында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ерекше күннің естен кетпес әсері сол – кеш бойы көпшілік Біржан партиясын орындаған үздік тенор Ахмед Агадиден көз алмады. Музыка сыншылары оның техникасы мол, өте көр­кем әрі қозғалмалы дауыс иесі еке­нін сан мәрте атап өткен болатын. Әртіс шығармашылығымен жіті та­ныс көрермен жақсы біледі, әнші көп­теген атақты опера сахналарында өнер көрсетеді, Ресей Үлкен театры, Амстердам операсы, Дания Корольдік операсы, Будапешт операсы, Страсбург операсы, Буэнос-Айрестегі Театро Колон спектакльдеріне қа­тыс­ты және басқа да танымал алаң­дарда ән шырқады.

– «Астана Опера» театрының негізі қаланған сәттен бері, міне, 10 жыл өтті. Тарихи сәттің куәсі ғана болып қой­май, оның ашылуына қатысу мен үшін зор мән-маңызға ие. Сол кезде де мен вокалды-драмалық тұрғыда күр­делі партия Біржанды орын­дадым. Бұл кейіпкердің бей­несін сомдау оңай емес, әл­бет­те. Алайда осынау күрделі рөл­­мен жұ­мыс істеу маған өте ұна­ды және Бір­жан партиясын орын­дауға мені тағы шақырады деп күттім. Сезімім алдамапты. Араға 10 жыл салып тағы да «Ас­тана Опера» сахнасында өнер көр­сетіп отыр­мын. «Біржан – Сара» тамаша қойы­лымы «Жібек жолы» фестивалін аш­қанына өте қуаныштымын, – деген әнші қойы­лым жайлы құнды ойларын әсер­лене әңгімелеп берді:

– Біржан – айрықша рөл, ма­ған оны орындау ұсынылғанда қуана келісіп, оған дайындалуды, жұмыс істеуді, жаңа интона­циялар іздеуді бастадым. Өйткені сахнаға шығып, жай ғана ән салып кетуді қалаған жоқ­пын. Ғаламат хикаяны жан дүнием­нен өткізгім келді. Тың­дармандар кейіпкерімнің уайымын бөлісіп, менімен бірге қуа­нып, мұңайғанын қаладым. Мақ­сатым – көрермендердің жү­регіне жету, оларды оқиға әсе­рінен қалыс қал­дырмау болды. Бір ай көлемінде кон­церт­мейстермен тыңғылықты дайындалып, әсерлі, екпінді үн шығару үшін дауыстағы интонацияларды жетілдірдім. Пар­тия өте ырғақты жазылған, онда жү­рек пен ойдың тереңдігі бар. Әртіс үшін ең ма­ңыздысы да осы, деді әнші.

Сондай-ақ Ахмед Агади бұл кейіп­кер­ді ең әуелі өзі әнші бол­ғаны, ән мен сө­зін жазғаны үшін ұнататынын да атап өтті.

– Біржанның тұтас шығарма­шылығы махаббат пен әділдікке арналған. Ол заманда да қазіргі кездегідей әділет­сіз­діктер болған, байлар қарапайым ха­­лыққа күн көрсетпеген. Біржан бұл жайлы өз өлеңдері мен әндері ар­қы­лы үнемі тіке айтып отырған. Ол батыл әрі ержүрек адам бол­ған. Ал өз­де­ріңіз білетіндей, шын­дық­ты айт­қан адамды ешкім жақ­тырмайды. Операда Қа­зақстан табиғатына бөлек тақы­рып арналған. Менің кейіпкерім өз Отанының әсем­дігін, оның ғажап орындары – Сарыарқа, Көкшетауды әнге қосқан. Әңгіме орайы келіп тұр­ғанда айта кетейін, мен де Қазақ­станда дүниеге кел­дім. Бұл елдің табиғаты шы­ны­мен де әдемі, ал адамдары ізетті әрі ақжарқын, хал­қы қонақ­жай. Сон­дықтан да қазақ елі жүрегіме ерекше жақын. Мұн­да естен кет­­пес қызықты спек­­такльдер қойы­ла берсін, көрер­мендер оларды жоғары баға­ласын. «Жібек жолы­ның» ғұ­мыры ұзақ болып, бұл фестиваль жайлы бүкіл әлемде айтылсын деп тілеймін, деп әңгімесін түйіндеген әнші сөз соңында «Жі­бек жолы» фестивалінің ұза­ғынан болуын, бүкіл әлемнен әртістер жи­науын тіледі.

Тамаша туындыда «Астана Опе­ра» Симфониялық оркестрі, хоры, солистері Қазақстанның ең­бек сіңірген қай­рат­кері, қою­шы дирижер, маэстро Абзал Мұ­хит­диннің жетекшілігімен өнер көр­­сетті. Сараның партия­сында Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, өте әдемі сопрано иесі Айгүл Ния­зова жар­қы­­ра­­ды. Қазақстанның еңбек сі­ңір­­­ген қайраткері Жанат Шы­­бық­баев Жан­ботаның партиясын жарқын орындауымен көп­шілікті әсерге бөлесе, вокал­ды әрі дра­малық тұрғыда күрделі пар­­тия Аналықтың шексіз ана­лық махаб­­батын Гүлжанат Сапа­қова сәтті жет­кізе білді. Қыз­ған­шақ Алтынайдың бей­несін Қазақстанның еңбек сіңір­ген әр­тісі Жаннат Бақтай кемеліне кел­­­тіре кейіптеді. Сондай-ақ Ер­жан Саипов (Жиен­құл), Шың­ғыс Расылхан (Қожа­ғұл), Рамзат Ба­ла­кишиев (Серік), Талғат Алла­би­ринов (Естай) бастаған театрдың та­лан­ты шоғыры да өз партияларын тал­ғам биігінде тамаша сом­дады.

Үш апта бойы Арқа төрін ду­манға бөлейтін фестиваль ая­сында астаналық көрермен әлем­нің үздік опера мен балет қо­йылым­дарын тамашалай алады. Атап айтсақ, 15-16 қарашада бағ­­­дар­ламаны Л.Минкустың «Дон Кихот» балеті жал­ғас­ты­рады. Өнер көрсетудің екінші күні Беларусь Үлкен театры­ның жұлдыздары Дмитрий Уксус­ников пен Людмила Хитрова қазақ­стандық көрерменге өз өнер­лерін тарту етеді. Дирижер – Рус­лан Баймурзин.

19 қарашада Дж.Пуччинидің «Туран­дот» операсы орындалады, дирижер тұғырында – әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев. Ка­лаф партиясында сах­наға Ован­нес Айвазян (Армения) шы­ғады. Өнер көрсетудің екінші күні – 20 қарашада Турандотты Оксана Кра­­марева (Украина-Германия), Лиу – Либуше Сан­торисова (Че­хия) орындайды.

23-24 қарашада көрермендерге әлем­нің танымал балеттерінің бірі – П.Чай­­ковскийдің «Аққу көлі» ұсыны­лады. Бірінші күні ша­­қырылған жұлдыз­дар – Анна Муром­цева (Украина) мен Вен­грия опера және балет театрының этуалі Герго Армин Балаши өнер көр­се­теді. Дирижер – Джузеппе Акуа­вива (Италия).

29 қарашада екі бөлімді балет кеші өтеді: Гала-балет пен В.А.Мо­царт­тың музыкасына И.Ки­лиан­ның «Алты би» бір ак­тілі балеті. Бағ­­дарламаға солис­тер – Андрей Со­рокин, Анас­тасия Милья­ченко (Ре­­сей), Дарья Сузимен Хавьер Ка­чей­ро Алеман (Германия) қаты­сады. Дирижер – Арман Ораз­ғалиев.

2 желтоқсанда опера өнерінің жау­һары – П.Чайковскийдің «Евгений Оне­­гині» ұсынылады, дирижер – Алан Бөрібаев. Лен­скийдің партиясын Алек­сандр Михнюк (Беларусь) орын­даса, Оль­ганың бейнесін Дарья Горо­жанко (Украи­на) сомдайды. 3 жел­тоқ­сан­да Евгений Онегин партиясында – Конс­тантин Бржинский (Ресей), Гре­мин­ді Барсег Туманян (Армения) орындайды.

6 желтоқсанда «Жібек жолы» фести­валінің салтанатты жабылуы өтеді. Көп­­шілікке таңғажайып Гала-концерт ұсы­нылады. Ди­рижер тұғырында – Джу­зеппе Акуавива (Италия).