Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Атырау облысындағы бағдарламаға өңірдегі 35 жасқа дейінгі дәрігер, мұғалім, мәдениет және спорт саласындағы мамандар, жоғары оқу орнының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің және үй кезегінде тұрған жетім балалардың үміткер болуға мүмкіндігі бар. Отбасы банкінің Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрман жобаға облыс әкімдігі 1 млрд теңге және Отбасы банк 600 млн теңге бөлетінін хабарлады. Атырау облысы – жастарды тұрғын үймен қамтуға бел сыбана кіріскен жетінші өңір. Бағдарлама ережесіне сай, Атырау қаласынан үй сатып алуды көздеген жастарға 18 млн теңге, ал аудандардан үй алуды көздегендерге 13 млн теңгеге дейін несие беріледі. Үміткер өтініш қалдырарда пәтер сомасының 10 пайызын, яғни алғашқы жарнасын жеке шотына аударып, ипотеканы 5 пайызбен 25 жылға бөліп төлей алады.
Осыған ұқсас биыл қолға алынған «Қарағанды жастары» бағдарламасы да аймақтағы жастардың сұранысына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне, тұрғын үйлердің орташа бағамына сай дайындалған. Сала мамандарының отбасылық жағдайы, еңбек өтілі ескерілген. Содан болар, биыл елдегі өзге де облыстар тиімділігі мол бағдарламаның шарттарын пысықтауға кірісті. Жобаның тағы бір ерекшелігі, жылдар бойы тұрғын үй алуды көздегенімен, мемлекеттік бағдарламаларға заң жүзінде қатыса алмайтын жастарға үміт сыйлап отыр.
Бағдарламаны биылдан қалдырмауды жоспарлаған
Қуантарлығы, өңір жастарының баспанаға сұранысын зерделеп, бағдарламаны биылдан қалдырмай қанатқақты жоба ретінде іске асыруды көздеген өңірлер бар. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар «Әулиеата жастары» бағдарламасының іріктеуінен өтіп, құжаты Отбасы банктің талабына сай келген үміткерлердің дені жыл соңына дейін қоныстойын тойлайтынын айтады.
Тарқатып айтар болсақ, «Әулиеата жастары» бағдарламасына 35 жастан аспаған дәрігер, медбике, университет, колледж мұғалімдері, ғылыми қызметкерлермен қатар мәдениет, спорт, журналистика саласындағы мамандар өтініш қалдырып, бағын сынап көрген. Алайда осы тұста қанатқақты жоба негізінде іске асқан бағдарлама төңірегінде жел сөз көбейіп кеткен-ді. Бағыты айқын бағдарламаның ережесіне сәйкес, үміткерлер www.e-jambyl.kz порталында өтініш қалдырған. Бастапқы жарна ретінде тұрғын үйдің 5 пайыз жарнасын жеке шотына аударып, қалған соманы 5 пайыздық несиемен 19 жылға рәсімдеуге мүмкіндік алған. Осылайша, құжаты талапқа сай жастардың баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының кепілдігімен салынып жатқан нысандардан алатыны белгілі болды. Бұған дейін облыс әкімдігі тиімді шартпен жастарды тұрғын үймен қамтуға арналған бағдарламаға 500 млн теңге бөлсе, «Отбасы банк» АҚ несиені тәртіп бойынша үлестіруге көмектесуді мақұлдап, қос тарап меморандумға қол қойған. Демек, облыс әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылығы өңір тұрғындарына бағдарлама туралы былтыр хабарлап, сүйіншілейтін жөні бар. Неге десеңіз, бағдарламаның шарттары тиімді, пайыздық мөлшерлемесі көңілге қонымды. Тағы бір жайтты қаперге алсақ, ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының жобасы әзірленіп жатқан тұста басшылық қызметте болған осы салаға жауапты әкімнің орынбасары, облыстағы «Отбасы банктің» басшысымен қоса облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы да жұмыс бабымен ауысты. Әрине, өңірлік жобаны әзірлеуге ынталы болған басшылар қызметтен кеткенімен, кеңесіп пішкен шаруа жайында қалады деген сөз емес. Тек жобада көзделген кейбір межелі міндеттер биыл қаржының көлеміне қарай жүз пайыз іске аспайтын сыңайлы.
– Жоба аясында 50 жас баспаналы болады деп шорт кесіп айтпасақ та, жыл соңына дейін үйлі болғандардың саны осыған жетеғабыл болады деп топшылап отырмыз. БАҚ құралдарында 50 адам үй алады деп айтылып жүр. Соған қарағанда алғашқыда ақпараттық түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Үміткерлерге қойылатын талаптар қатып қалған қағидаға байланып қалған жоқ. Қанатқақты жоба болған соң бағдарламаның кем-кетігін тағы қарап, өзгерістер енгізіп, толықтыруға болады, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Дүйсенұлы.
Құжат жинаудың машақаты
Жастардың өтінімін облыс әкімінің өкімімен құрылған комиссия сараптаған. Құжат тапсырғандардың дерегін мәдениет, спорт, білім саласымен қатар мемлекеттік органның басшылары, журналист, депутат, қоғам белсенділерінен іріктелген комиссияның 21 мүшесі мұқият тексерген. Осы ереже бір қарағанда үміткерлерді бағалау барынша әділ әрі ашық өтуге тиіс деген талапқа сай секілді. Өйткені үміткерлер арасында жиған құжатында біріне-бірі қабыспайтын, кереғар мәлімет ұсынған жастар көп болыпты. Мұндай қайшылықты әуелден ескерген облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылығы үміткерлерге ұсынған өтінімін 10 жұмыс күнінің ішінде түзеп, қайта жүктеуге мүмкіндік берді. Бірақ сол аралықта жастардың қай тұста қателескенін ұйымдастырушылар айтып, ескертпеген. Бұл ереже сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, несиені әділ үлестіру үшін бекітілді. Басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар құжат жинауда өзгенің кеңесіне ермей, әркім өз мәліметіне ықтият болуға тиіс екенін айтады. Себебі платформада өтініш қалдырған мектеп, балабақша мұғалімдерін қоспағанда, бағдарламаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге саланың жастары қатысып, бағын сынауға талпынған. Бағдарлама ережесіне сәйкес, үміткер болуға құқы жоқ екенін білсе де, құжат жинаған жастардың әрекеті көкейге көп сұрақ ұялатады. Әсіресе тұрғын үйге жете алмай жүрген жастардың көп екенін аңғартады.
«Әулиеата жастары» бағдарламасын үйлесімді іске асыру мақсатында құрылған комиссияның мүшесі, журналист Маржан Рақайдың пікірін білген едік.
– Бағдарламаның бірінші кезеңінде мәдениет саласынан бір үміткердің өтініші қабылданса, журналистердің құжаты талапқа сай емес деп келді. Өйткені журналистер жұмыс орнынан берілетін анықтамадан бөлек, жұмыс орнының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде тіркелген куәлігін көрсетуі керек деген қосымша бар. Меніңше, жас журналистер осы тұста сүрінді. Себебі жұмыс орнының анықтамасы кез келгеннің қолына тие бермейді. Конкурста үміткерлердің бағдарламадан өтетін не өтпейтіні балдық шкаламен есептелді. Яғни жастардың жұмыс өтілі, отбасылық жағдайы, отбасыдағы бала саны да ескерілді. Егер жоба сәтті іске асып, жастар үйлі болып жатса, келер жылы жергілікті әкімдікпен қатар Отбасы банк те қаржы қарастыруды жоспарлап отыр, – дейді ол.
Алғашқы жарнаны ескермегендер көп
Бағдарламаның іріктеу кезеңінде үміткер Отбасы банктен жеке шот ашып, үй алуға деп белгілеген қаржының бес пайызын, яғни алғашқы жарнасын аударуға тиіс болған. Журналист Құрбанәлі Аманкелдіұлы жастардың тұрғын үй алуына орайластырылған бағдарламаның ережесінде жолдаманы әр саланың мамандарына теңдей үлестірудің тетігі қарастырылса екен деген тілегін жеткізді. Расында журналистикадағы жастардың ипотекалық үйден қол созым жерде қағылуы, сала мамандарының әлеуметтік жағдайы бірыңғай жақсы, баспанаға мұқтаждығы жоқ дегенді білдірмесе керек.
– Жастарды баспанамен қамтуға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бізге қажет-ақ. Әзірге «Әулиеата жастарының» бір қайнауы кем деп ойлаймын. Меніңше, ережеде көрсетілген саланың барлығына теңдей басымдық берген дұрыс. Себебі әр конкурс
сайын білім мен медицина саласының қызметкерлері жолдамаға қол созса, өзге үміткерлер бағдарламаға сенуден қалмай ма? Сондықтан әкімдіктен бөлінген қаржы 50 жасқа шақталса, сол соманы 5 салаға теңдей үлестірген әлдеқайда әділетті болар ма еді деп ойлаймын. Мен конкурстың алғашқы кезеңіне қатысып, іріктеуден өте алмадым. Себебі «өтініш қалдырарда Отбасы банкте алғашқы 5 пайыз жарна болуға тиіс» деген талапты ескермеппін. Жарнаны іріктеуден өткен соң аударамын деп топшылаппын, – деген үміткер құжаттарын талапқа сай жинап, тұрғын үй бағдарламасына қайта қатысып, бағын сынап көретінін айтты.
Қазір «Әулиеата жастары» бағдарламасының қосымша іріктеу кезеңі де аяқталып, резервке 32 жас енген. Енді жыл соңына дейін жергілікті әкімдіктен қаралған қаржы тізімдегі және резервтегі үміткерлерге Отбасы банк арқылы үлестіріледі.
– Іріктеудің бірінші кезеңінде комиссия мүшелері «өтінім қалдырған жастардың құжатын қарауға бірер күн берілді» деп уәж айтқан соң, қосымша іріктеудің шешімін шығаруға асықпадық. Жуырда Отбасы банктен алғашқы іріктеуден сүрінбеген 30 жас пен апелляция тәртібі бойынша құжаты мақұлданған 5 үміткерге қатысты ақпарат алдық. 35 үміткердің ішінде 22 жастың несие тарихы, төлем қабілеті сынды деректері талапқа сай келсе, бір үміткер бағдарламаға қатысудан бас тартты. Сонда қазір өңірде 21 жас үй алуға дайын. Енді кешегі конкурстың нәтижесі бойынша 32 үміткер резервке енді. Қазір құжаты банктің талабына сай келген 21 үміткер шамамен 245 млн теңгеге үй алады десек, үстіндегі 255 млн теңге орта есеппен тағы 20 үміткерге жетуі керек. Біз енді резервтегі жоғары ұпай жинаған 20 жасқа жолдама беріп, 12 үміткерді есепте ұстаймыз. Кейін банктің сұранысына сәйкес резервтегі ұпайы жоғары үміткерлерге жолдама беріп отырамыз, – дейді басқарма басшысы.
Жамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар Отбасы банктің облыстағы басшылығымен кеңескенін де айтты. Банк басшылығы келер жылы бағдарламаға 1 млрд теңге немесе кемінде 500 млн теңге көлемінде қаржы қарауға болатынын айтыпты. Бірақ Отбасы банк екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесі өскенін еске салып, тұрғын үйдің пайызын 5 емес, 8 пайызға дейін өсіру туралы ұсыныс жасаған. Бұл ретте басқарма басшылығы өңірдегі жастардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, бағдарламаның пайызын өсіруге келіспеген. Ал облыс әкімдігі «Әулиеата жастары» бағдарламасы сәтті жүзеге асса, келер жылы бағдарламаға бөлінетін қаржыны арттыруды ойластырып отыр. Егер қос тарап тиісті соманы жыл басында қарастырса, Жастар басқармасы бағдарламаның шарттарына өзгерістер енгізіп, іріктеу кезеңін мейлінше ерте ұйымдастыруға дайын.
Бүгінде Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске асып жатыр. Мұнда жастар бес жылдың шеңберінде көздеген баспанасының бастапқы жарнасын жиып, көп ұзамай үйлі болса, босаған тұрғын үй келесі үміткерге беріледі. Сол секілді биыл жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген өңірлік бағдарламалар үйлесімді іске асса, келер жылы облыстық әкімдіктермен қатар Отбасы банкі де қаржы бөлуден қашпайды. Демек, тиімділігі байқалған бағдарламаларды қаржыландыру жағы ақсамаса, баспанасыз жүрген біраз жастың мәселесі көп ұзамай шешілетіні сөзсіз.
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»