Одақтың ыдырайтыны белгілі болғанда, экономикалық дербестік пен тәуелсіздік туралы мәселе табан астында пайда болды. Бұған дейін қолдағы бар игілікті Одақтың ортақ қазынасына құйып келсе де, өзін КСРО-ның мұрагері санаған Мәскеуден валюталық үлес алу мүмкін еместігін, онсыз экономикалық дербестікке қол жетпейтінін сауатты экономистер мен өндірісшілер, әсіресе Ресеймен көп істес болған мемлекет және қоғам қайраткері, түсті металл саласындағы көрнекті ғалым, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауат Тәкежанов жақсы түсінді. Республикада жедел құрылған Экономикалық қауіпсіздік комитеті – С.Тәкежанов, М.Оспанов, С.Түгелбаев, П.Своик (кейін оларға А.Қонысбаев, Г.Алдажамаров және т.б. қосылды) кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі кем дегенде үш шартқа жауап беруге тиістігін – мемлекет шекарасы, оны қорғауға арналған әскері және экономикалық қауіпсіздігі үшін дербес ұлттық валютасы қажеттігін басшылыққа алды. Ең алдымен, КСРО-да әрекет еткен, аумақтық баға жөніндегі саясатқа құрылған ақша-кредиттік қатынастар жүйесінен бас тарту керек еді.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. 1990-1991 жылдары республиканың ғылыми-инженерлік қауымдастығы және аталған комитет Украина, Балтық маңы республикалары, Қырғызстан дербес ұлттық валюталарын енгізу арқылы қандай жетістікке жетіп, қандай қиындыққа тап болғанын зерттеді. Алынған деректерді басшылыққа ұстап, дербес ұлттық валюта енгізуге алтын қорын, тұтастай алғанда алтын-валюта қорларын және басқа жоғары өтімді банк активтерін жасауды ретке келтіру алдын ала жүруі керектігіне көз жеткізді және осы мәселені республика басшылығының алдына қойды. Бұл кезде әлі де Одақтың үлкен лауазымынан дәмелі болған, КСРО-ның күні батқанына сенбеген республика жетекшілері рубльдік аймақта қала беруге ден қойды.
«Ұлттық валютаны дайындауда ойластырылған бағдарламамен маған бірінші келген Сауық Темірбайұлы болды. Бұл өзінің бастамаларына табанды және өз ұсыныстарын салмақпен негіздей алатын адам болды. Ұлттық валютаны дайындауды қатаң құпиялылық жағдайында жүргізуді шештік. Президент біздің долбарларымызды мақұлдады және жұмыс басталып кетті», деп жазды бұл туралы Қазақстанның сол кездегі вице-президенті Е.Асанбаев.
1991 жылы 1 қарашада аталған комитет дербес ұлттық валютаны – теңгені айналысқа енгізу қажеттігі туралы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына ресми ұсыныс жасады. Осыдан соң ел Президенті «Қазақ КСР-ында алтын қорын және алмаз қорын құру туралы» Жарлыққа қол қойып, Ұлттық банкке Мемлекеттік құндылықтар қоймасын ұйымдастыруды тапсырды. Теңгенің кескінін жасау үшін Қазақ КСР ҒА Тарих және археология институтының мамандары және республиканың бір топ дизайнері шақырылды. Бірақ республика басшылығы теңгені айналымға кіргізуге асықпады. Қазақстан мен Белоруссия рубль аймағында қала берді. 1993 жылғы 26 шілдеде Ресей жаңа ақшасын енгізіп, біздің елде кеңестік ескі ақша қаптап кетті. Ресей Федерациясы жаңа ақшасымен дербес экономикалық саясатын жүргізіп жатқанына екі жарым ай өткенде ғана, 1993 жылы 12 қазанда ел Парламенті Қазақстанның ақша жүйесін Ресейдің ақша жүйесімен біріктіру жөніндегі келісімді ратификациялауды қарады. Әрқашан «мақұл» депутаттарымыз құжатты бекітуге кіріспек болғанда С.Тәкежанов табандылықпен сөз сұрап алып, Ресейдің орталық банкі көзбояушылық жасап отырғанын, келісімде екі жақтың құқықтары мен міндеттемелері тең дәрежеде көрсетілуі қажет екенін, мұнда тек Қазақстан тарапының міндеттері ғана көрсетілгенін айтып, Парламентті өз пікіріне әзер иліктіреді. Республика биліктегілердің экономикалық сауатсыздығы мен жауапсыздығы салдарынан орасан зор шығынға батқан тауар рыногын әупірімдеп қорғап қалған Сауық Темірбайұлы теңге айналымға енген 1993 жылғы 15 қарашаға «Қазақстан экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген күн!» деп анықтама берді. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстанның төл теңгесінің шынайы авторларының бірі Сауық Тәкежанов деуге болады.
Мәскеу Қазақстанды әрдайым шикізат базасы ретінде пайдаланып, бүкіл байлығын сорып келгені белгілі. С.Тәкежанов 1974 жылы Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін қоса атқарғанда, республикада «ұлттық табыс», «ішкі жалпы өнім» деген терминдер осыған дейін мүлде болмағанына таңғалады. Жалпы, тапсырылатын есепте ондай графа бар екен, оны жоғары жақ толтыратын көрінеді. Келесі есепте аталған графаны өзі жасаған есеп-қисап бойынша «төменнен» жіберген күннің ертеңінде Сауық Темірбайұлын Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы шақырып, «ұлттық табыста» жұмысың қанша, ұлшылдықты аңсап жүрмісің деп дүрсе қоя береді. Оған «ұлттық табыс» экономиканың негізі екенін, бұл терминді пайдалану одаққа, партияға ешқандай нұқсан келтірмейтінін әзер түсіндірді.
Кейіпкеріміздің өміріне, еңбегіне қатысты бұрын-соңды жарық көрген не бар екен деп еліміздегі газет-журналдар мен ғаламтор желісін қарастырғанда марқұмның қайтыс болғанына жыл толуына орай О.Квятковский шығарған «Тәкежанов» кітабы мен белгілі жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаевтың тамаша очеркін ұшыраттық. Басқа толымды дүние көзге түспеді. Сауық Темірбайұлының Қазақстанды шынайы экономикалық тәуелсіздікке жеткізуге бағытталған бастамалары мен табанды күресін, мақсатына жетуіне кедергі болған бюрократизм мен жалтақтықты, ұлттық мүддеге жаны ашымайтындардан көрген қиындықтарын, әсіресе Б.Қойшыбаев көркем тілмен, нақты деректер мен дәйектерді келтіре отырып баяндаған екен.
Қазақстанның тұңғыш Парламенті таратылғаннан кейін ашық пікірлері үшін қайтадан депутат болып сайланбаған ол шикізатты кешенді түрде пайдалану жөнінде «Қазақстан алтыны», «Конверсия алтыны» секілді құнды бағдарламалар жасап, орындалуына басшылық етті. «Қазметалл» компаниясының және «Қазалмазалтын» консорциумының негізін қалады, президенті болды.
Қазақстанның экономикалық дамуына, соның ішінде металлургия саласын тиімді пайдалануға қатысты С.Тәкежановтың озық ойлары болды. Өкінішке қарай, оның көбін көзі тірісінде жүзеге асыра алмады. Ол соңына елеулі мұра қалдырды. Әсіресе, көп жылғы пайымдаулар негізінде жазылған «Қазақстанның түсті металлургиясы. Тарих фрагменттері, нәтижелер мен тенденциялар» еңбегінде Қазақстанда түсті металлургияның пайда болу, даму кезеңдеріне тоқталып, рыноктық экономика жағдайында оның өркендеу ерекшеліктерін сараптады. «Кешенді шикізатқа – жаңа технологиялар» атты кітабы түсті, қара металдар өндіру технологиясын қайта жарақтандырудың болашағын талдайды. Металды сыртқа сату үшін ғана шығарудың болашағы жоқ екенін айта келіп, ол тұтынуға дайын өнімге айналғанда ғана елімізге пайда түсіретінін атап көрсетеді. Әріптестері мен шәкірттерінің айтуынша, Сауық Темірбайұлының минералдық шикізатты кешенді өңдеуді ұсынған тұжырымдары, республиканың экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін ұстанған принциптері – нақты техникалық философия. Онда оның инженерлікпен қатар, мемлекетшілдік, реформаторлық ойлары, көзқарастары шоғырланған. Бірақ автор өз қаражатымен шығарған, таралымы аз құнды еңбектері ғылыми-зерттеу орталықтарының, өндіріс пен оқу орындарының назарынан тыс қалып келеді.
С.Тәкежанов металлургтер отбасының негізін қалады. Сауық ағаның зайыбы Клара Зейноллақызы Қуанышева да инженер-металлург, Өскемен қорғасын-мырыш зауытында, ҚазКСР ҒА Металлургия және байыту институтында зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, қазіргі ҚазҰТУ-да дәріс берді. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент, жетпіске тарта ғылыми еңбектің, 15 өнертабыстың және 7 патенттің авторы. Қызы Мәдина – металлург, ұлы Жанболат – физик-химик әрі металлург.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Мәдениет қайраткері,
Нұрхан МЫҢБАЙ,
журналист