Ел басшысы Р.Ердоған бүгін Балиде өтетін G20 саммитіне қатысуы тиіс. Жарылыс Түркия Президентінің сапарға шығар алдында болды. Жолға шықпастан бұрын сөйлеген сөзінде ол шабуылды жасағандар жазаланатынын жеткізді. Сондай-ақ тергеудің жалғасып жатқанын, бірақ алғашқы мәлімет террорлық әрекет екенін көрсететінін мәлімдеді. «Қала губернаторының бізге берген алғашқы ақпараты мұның лаңкестік әрекет екенін көрсетеді», деді Р.Ердоған.
Ыстанбұл губернаторы Али Йерликаяның келтірген мәліметтеріне сәйкес, жарылыс жергілікті уақытпен сағат 16:20-да Бейоглу ауданындағы Истиклал көшесінде жасалған. «Оқиға орнына жедел жәрдем, құтқарушылар, қауіпсіздік күштері мен AFAD бригадалары дереу жөнелтілді. Құрбандар мен зардап шеккендер бар. Қосымша ақпарат тағы жарияланады», деді Али Йерликая Twitter-дегі парақшасында.
Мемлекеттік Anadolu ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жарылысты тергеуге бес прокурор тағайындалған. Шабуыл болған сәттен бастап желіде жарияланған бейнелерде үрейленген адамдардың жүгіріп, көшенің ортасынан алыстан от шары көтерілген кезде жақын маңдағы дүкендерге жасырынуға тырысқаны көрінеді.
Reuters агенттігі лаңкестік әрекеттің бейнебақылау камераларына түсіп қалған сәтін жариялады. Бейнежазбаларда адам көп жүретін көшеде ондаған жаяу жүргінші кетіп бара жатқанда жарылыс болады. Түтін сейілгенде құлаған адамдардың қашуға әрекеттенгені, жерде кемінде төрт мәйіттің жатқаны байқалады. Al Jazeera арнасының Ыстанбұлдағы тілшісі Синем Косеоғлу қаза тапқандар арасында үш жасар қыз бен оның әкесі бар екенін хабарлаған.
Ыстанбұлдың Бейоглу ауданындағы Истиклал көшесі туристер көп баратын жер саналады. Онда көптеген әлемдік брендтер, түрлі дүкендер орналасқан. Жарылыстан кейін жаяу жүргіншілер тезірек кетуге тырысты. Полиция көшелерді жапқан. Көп ұзамай Истиклалдың қалған бөлігі қайта ашылды. Бірақ дүкендер жабылып қалды. Ал полиция тікұшақтары шаһарды үстінен бақылады.
Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлу да оқиға орнына барды. Жарылыс оның Оппозициялық Республикалық Халық партиясының (CHP) штаб пәтерінен 200 метр жерде болған.
«Мен Истиклал көшесіндегі өрт сөндіру бөлімшелерінен ақпарат алдым. Олар полициямен келісе отырып, ауданда тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Медицина қызметкерлері де аянып жатқан жоқ. Қайтыс болғандарға Алланың мейіріміне бөленіп, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», деп жазды ол Twitter-де.
Түркия полициясы жарылысқа қатысы бар деген күдікпен 46 адамды тұтқындады. Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу журналистерге берген сұхбатында ұсталғандар арасында бомбаны қалдырған адам да бар екенін мәлімдеді.
С.Сойлу жарылысқа Күрдістан жұмысшы партиясын (PKK) айыптады. «Біздің бағалауымызша, лаңкестік бұл әрекетке тапсырыс Сирияның солтүстігіндегі Айн әл-Араб қаласынан келген», деді ол. Аталған қалада PKK-ның штаб пәтері орналасқан деп есептеледі.
Түркия билігі оқиғаға ДАИШ-тың (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) да қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен әзірге шабуылға жауапкершілікті ешбір топ өз мойнына алған жоқ.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жарылыстан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы Түркиядағы отандастарымызды сақ болуға шақырды. Әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде барынша сақ болуға кеңес берді.
Сондай-ақ Әзербайжан, Мысыр, Франция, Грекия, Италия, Пәкістан, Украина, Ұлыбритания және АҚШ сияқты бірнеше мемлекеттің басшылары Түркияға көңіл айту жеделхатын жолдады. Грекия жарылысты айыптаса, АҚШ терроризмге қарсы тұруда НАТО-дағы одақтасымен иық тіресетінін жеткізді.
«Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз. Біз терроризммен күресте сіздермен біргеміз», деді Франция президенті Эммануэль Макрон түрік халқына жолдаған көңіл айту жеделхатында. Украина президенті Володимир Зеленский Twitter-де түрік тілінде: «Дос түрік халқының қайғысы – біздің дертіміз» деп жазды. Еуропалық Кеңес төрағасы Чарльз Мишель де Анадолыдағы ағайынға көңіл айтты.
Жалпы, бұған дейін Түркияның ірі шаһарларында бірнеше рет террористік шабуыл болған-ды. Мәселен, 2016 жылы Ыстанбұлдағы футбол стадионының сыртында бомба жарылып, 38 адам қаза тапты, 155 тұрғын жараланды. Бірақ Түркия бұл қайғының да қара бұлтын сейілткендей еді. Мұндай лаңкестік әрекеттер рухты түрік халқының еңсесін түсірмесі анық.