Қаржы • 14 Қараша, 2022

Теңге мен теңдік

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Теңге мен теңдік

Базарда мың кісі бар, әркім танығанына сәлем береді. Әлемдік нарықты базар деп алып қарасақ, жаңа құрылған тәуелсіз ел ретінде онда өз орнымызды сайлау үшін де ұлттық ақшамыздың болуы заңдылық әрі қажеттілік еді. Осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын еріксіз рубль аймағында қалған еліміз өзінің төл валютасын қысқа мерзімде жасап, басып шығарғаны белгілі.

Алтын базарында бағалы. Төл валютамыз – теңгенің де елімізде, әлемдік қоғамдастықта осы отыз жылға жуық уақытта өзіндік бағамы қалыптасты. Әлбетте, пұлсыз беріп, құнсыз алатын дүние жоқ нарықта нарқын жоғалтпаудың өзі өте үлкен жетістік. «Кілем сатсаң, ауылдасыңа сат, бір шетінде өзің отырасың» дейтін уақыт емес, жиілей түскен жаһандық рецессия отандық экономикаға да өз салқынын тигізбей тұрмайды. Жасыратыны жоқ, «жарлының ақшасын жаман тауар құртады» дегендей, дайын өнім тұрғысынан импортқа иек артқан елімізде төл валютамыздың сынаққа түскен кезі көп болды. Жалпы, бұйығы жатар нарық болмайды, сондықтан теңге үшін күрес әлі алда.

Соңғы жылдары күллі дүниені кері кетірген пандемия мен биылғы геосая­си ахуал да халықаралық нарықтың қалыптасқан желілерін бырт-бырт үзіп, әлем әрі-сәрі күй кешіп тұр. Мұның бәрі қаржы құралдарына, ұлттық валюталарға оң әсер ете қоймағаны да анық. Міне, осындай сындарлы кезеңде ұлттық экономикамыздың тірегі болар теңгенің өзге елдердің валюталарымен тең, тіпті бәсі басым болуын тілейміз. Бір теңге бие болатын, екі теңге түйе болатын кезеңге жету үшін ел экономикасына әр отандасымыздың үздіксіз үлес қосуы маңызды болып қала бермек.