Экономика • 15 Қараша, 2022

Өндірісті өлкедегі тың бастама

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облысындағы өндіріс орындары шикізаттық сектордан дайын өнім шығару жағдайына көшу бойынша бағыттарын нығайта түсті. Индустрияландырудың бірыңғай картасы аясында жыл басынан бірнеше кәсіпорында тың жобалар жүзеге асып, жаңа өнім түрлері нарыққа жол тартты.

Өндірісті өлкедегі тың бастама

Жақында Индустрия­лан­дыру картасы аясында «ҚазПромБезопасность-ПВ» ЖШС жоғары қысымды ыдыстар, жылу алмасу аппараттары мен металл құрас­тыр­ма­ларын шығаратын жаңа инвес­тициялық жобаны іске қос­ты. Соның нәтижесінде серік­тестікте қосымша 15 жұ­мыс ор­ны ашылды. Өндіріс басшысы Ержан Хамзиннің айтуынша, жаңа жобаларға жалпы сомасы 200 млн теңге жеке инвестиция тартылған.

– Біздің кәсіпорнымыз жаңа­дан құрылып жатыр. Қазіргі күні ауамен салқындатқыш, жылу алмастырғыш аппараттарын, Ф-цилиндрлі бұйымдарын, желілік жылытқыштарды, арнайы ыдыстар мен түрлі ауқым­дағы металл құрастырмаларын әзірлейміз. Тек қана металл құрастырмалар бойынша жылына 500 тонна бұйымдар жасап шығуға мүмкіндігіміз бар, – дейді кәсіпорын директоры.

Жазда облыс орталығында мұнай-химия өнімдерін әзір­лейтін толық циклді кәсіпорын жұмысқа кіріскені де мәлім. Экспортқа бағытталған өндіріс орны жыл сайын 30 мың тонна реагенттер мен қоспалар жасап шығаруға мүмкіндік береді. Осылайша, «Қазмұнайхим» ЖШС Қазақстанда мұнай-химия өнімдерін толық цикл­мен өндіретін алғашқы кәсіп­орын атанып отыр. Отандық мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші кәсіпорындарын 60%-ға қамтамасыз етіп, ТМД, Еуро­палық одақ, Таяу Шығыс және АҚШ елдеріне жеткізеді. Кәсіп­орынның директоры Ален Кенжебаев жалпы жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылаты­нын айтады. Инвестициялар­д­ың жалпы көлемі – 1 млрд тең­ге. Қазіргі кездің өзінде мұн­да 40 тұрақты жұмыс орындары құрылған. Жылдың соңына таман күрделі мұнай-химия өнімдерін дайындауға мүмкін­дік беретін жоғары температуралы синтез қондырғысы­ның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жалпы, Павлодар облысында жүзеге асыры­лып жатқан бұл технология­лық үдеріс заманауи әлемдік эко­но­мика жағдайындағы нарықтың сұранысына жа­уап береді. Кәсіпорын мемлекет, бизнес және ғылымның өзара әрекеттестігін іс жүзінде дә­лел­деп отыр.

«Стекломир» серіктестігінде өміршең етілген табақ шыны, яғни бірнеше қабатты терезелер дайындайтын жоба да өзінің ерекшелігімен танылып отыр. Жылына 120 мың шаршы метр терезе шынысын шығаруға қабілетті кәсіпорын жаңа жобаға 3 млрд теңге инвестиция құйған. Жаңа цехта жаңадан 15 жұмыс орны құ­рылып, кәсіпорынның өнім өн­діру көрсеткіштері арта түсті. Тек бір ауысымда мұндағы жұ­мыс­керлер 7 мың шаршы метр терезе дайындайды. Кәсіп­орын­ның бұйымдары өз елі­міз­бен қатар, Өзбекстан, Тәжік­стан, Қырғызстан, Ресей мем­ле­кет­терінің нарығына шы­ғарылады.

Жалпы, «Стекломир» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2025» аясында 2 млрд теңгеден астам пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауға ие болған. Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кәсіпорынның 3,7 млрд теңге сомаға кредиттік портфель жобасы қаржыландырылды. Кәсіпорынның еңбек ұжымы жыл сайын өсіп келеді. Екі жыл бұ­рын мұнда  270 адам жұмыс іс­тесе, қазір 468 қызметкер ең­бек етеді. Зауыт директоры Вла­ди­мир Высоцкий білікті жұмыс­шылар жетіспейтінін жеткізді.

Ал өңірдегі мұнай-химия саласындағы ірі кәсіпорын­дардың бірі «Компания Неф­техим LTD» ЖШС алдағы жел­тоқсан айында экпоксидті қосылыс (компаунд) цехын ашуды жоспарлап отыр. Жылына 10 мың тонна өнім өндіреді деп бол­жанған жаңа өндіріске 1,5 млрд теңге инвестиция құйыл­ған. Мұнда қосымша 37 жұмыс орны пайда болып, бюджетке жаңа кіріс көздері ашылады.

Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, аймақта жыл басынан жалпы сомасы 44,5 млрд теңгені құрайтын 70-ке жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

 

Павлодар облысы