Қазақстан • 15 Қараша, 2022

ІТ-салада түрен салған технопарк

303 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартап технопаркі Astana Hub-тың құрылғанына 4 жыл толды. Осы уақыт аралығында ІТ-салада тыңнан түрен салған технопарк игі істерге ұйытқы болды.

ІТ-салада түрен салған технопарк

Astana Hub қызметі IT-бизнес үшін экожүйені қалыптастыруға, IT-таланттарды қолдауға және стартап жобаларды дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда Astana Hub-та 930 IT-компания тіркелген, оның ішінде 170-і шетелдіктердің қатысумен жұмыс істеп тұр. Оларға ақпараттық-оқу, материалдық инфра­құрылым, бизнесті дамы­ту бағдарламалары, арнайы салық­тық және визалық тәртіптер тұрғы­сынан қолдау көрсетіледі. Техно­парк резиденттері 12 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынып отыр.

Astana Hub іске қосылғаннан бері технопарк қатысушыларының жиынтық табысы 383 млрд теңгені құраған. Оның ішінде ІТ қызметтер экспорты 123,3 млрд теңгеге тең.

– Отандастарымыздың көпшілігі Astana Hub қатысушылары жасаған стартаптардың игілігін көріп жатыр. Бұл технологияларды түрлі саладан байқауға болды. Мәселен, жұмыста Documentolog сервисінің, қалада Parqour паркинг қызметтерінің, CITIX смарт тақталарының, UvU қауіпсіз таксиінің, «Қолжетімді Қазақстан» шектеулі адамдарға арналған қоғамдық орындар­дың қолжетімділік картасының игілі­гін көріп отырмыз. Осылайша, Astana Hub қатысушылары қазақ­стандықтарға күнделікті өмірде көмектесіп, қоғамның дамуына ат­салысып жатыр, – дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Тартылған инвестиция көлемі бойынша стартаптардың үздік үштігі келесідей: JET – мобильді қосымша арқылы скутерді жалға беру қызметі; Serebra – нейрондық желілер негізінде инсультті ерте диагностикалау бағдарламасы, жүйе Қазақстан бойынша 20 инсульт орталығында қанатқақты режімде жұмыс істейді; СТОграмма – автосервистерді және қосалқы бөлшектерді іздеу платформасы.

2018 жылдан бері Astana Hub базасында 15 мыңнан астам адам Startup School, No-code School, Free­lance School, Beta Career, Tech Orda сияқты білім беру бағдарла­маларынан өткен. Сондай-ақ 2 мың­нан астам адам Astana Hub аксе­лерация және инкубациялау бағдарламаларының түлектері болып саналады.

– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бағдат Мусиннің баста­ма­сымен қолға алынған Tech Orda бағдарламасы жекеменшік бағ­дарламалау мектептеріне IT-сала­сында жеке тұлғаларды даяр­лау­ға қаржылық қолдау көр­сетеді. Былтыр Astana Hub-тың жеке қаражаты есебінен 13 IT-бағ­дар­ламалау мектебінің 100 сту­денті қаржыландырылды. Осы жыл­дың 1 қыркүйегінде ІТ-мектеп­терден өті­німдерді қабылдау және өңдеу басталып, 50 IT-мектебі аккредитациядан өтті. Қазір бөлінген қаржы аясында оқуға қабылданған тұлғаларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 18 бен 45 жас аралығындағы 3 мыңнан астам талапкер жекеменшік IT-мектептеріне түседі. Бағдарлама аясында әрбір бағдарламалау мек­тебіне бір оқушыға 600 мың тең­ге­ден аспайтын қаржы бөлінеді, – дейді М.Мәдиев.

2025 жылға қарай Цифрлық ­даму, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен еліміздің жетекші бағ­дарламалау мектептерінде 20 мың студентті IT-дағдыларына оқы­ту жоспарланған. Tech Orda бағ­­дарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жо­ғары санатты IT-маман даярлау қажеттігі туралы тапсырмасына сәй­­кес жүзеге асырылады.

Былтыр Scalerator деп аталатын алғашқы экспорттық акселератор іске қосылғаны белгілі. Бағдарлама стартаптарға Солтүстік Америка, Еуропа, ТМД елдері және Оңтүстік-Шығыс Азия сияқ­ты жаңа нарықтарға шығу, бү­кіл әлем бойынша компаниялар­­мен келісімшарттар жасау құзыретті­лі­гін арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарламаның бірінші легінің 10 аптасында қатысушылар 840 мың доллардан астам қаржыға экспорттық келісімшарттар мен келісімдер жасады. Биыл қыркүйек айында 40 стартап іріктеліп, екінші легі басталды.

Сондай-ақ Seed Money бағдар­ламасы аясында 2021 жылдан бас­тап стартаптар өз жобасын да­­мы­туға қаржы ала алады. Бұл әр­түрлі кезеңде (MVP, Product/market fit, MVP) ІТ-стар­тап­тары­на ар­налған кешенді қол­дау бағ­дар­ла­масы. Бағдарлама бо­йын­ша қар­жы­ландыру revenue share (equity free) моделі бойын­ша жү­зеге асырылады, яғни қара­жат иге­рілген­нен кейін 3 жыл ішінде жоба­ны іске асырудан түсетін кірістің 1 па­­йызын төлеу міндеттемесін біл­діреді. Түс­кен қаражат IT-сала­ның эко­­жүйесін одан әрі дамытуға жұм­салады.

– Осы жылдың сәуірінде Astana Hub халықаралық технопаркі Google for Startups компаниясымен серіктестік туралы келісімге қол қойып, корпорацияның Орта­лық Азия аймағындағы бірінші серіктесі атанды. Серіктестік аясында Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия елдері үшін Silkway Accelerator бағдарламасы іске қосылды. Silkway Accelerator бағдарламасының бірінші легі аясында жобаларын дамыту мүм­кіндігіне ие болған 15 стар­таптың 13-і бағдарламаны сәтті аяқ­тады. Олар жаңа әлемдік нарық­тарға шықты. Акселерация бағ­дарламасына қатысушылардың арасында үш айдың ішінде бағасын екі есе арттырған компаниялар да, айлық табысы 22 есеге өскен стартаптар да бар, – деп нақтылады технопарк басшысы.

Silkway Accelerator бағдар­ламасының екінші легі 2 қыр­кү­йекте басталды, оқу Астанада оффлайн режімде өтеді және 3 айға созылады. Silkway Accelerator қа­ты­сушылары тәлімгерлікпен қа­тар, Astana Hub жанында тегін бас­панаға, жұмыс орнына және Seed Money бағдарламасы бойынша 55 мың долларға дейін қаржы алу мүмкіндігіне ие.

Дәстүрлі түрде көптеген па­нель­дік сессиялар, технопарктер көр­месі, IT-стартаптар аллеясы, IT-мектептер көрмесі, IT-бос орындар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle байқауы және тағы осы секілді дү­ниелер ұйымдастырылатын Digital Bridge цифрландыру ха­лық­аралық форумы технопарк қызметінде ерекше орынға ие. Биыл­дың өзінде бұл форум ала­ңында әлемнің 15 елінен 25 мыңға жуық қатысушы, 300 IT-компания, 150 венчурлық инвес­тор, 300-ден астам спикер және 100 стартап бас қосып, Орталық Азия елдерін біріктірген ең ірі IT-платформаға айналды.

Әртүрлі іс-шаралар да тұрақты түрде өткізіледі. Олардың қата­рында Pizza Pitch, Speaker Night, Startaphana секілді іс-шараларды атап өтуге болады. 2018-2022 жылдары жалпы саны 50 мыңнан астам тыңдаушыны қамтыған 1 мыңнан астам іс-шара өткізілген екен.

Еске сала кетейік, Astana Hub халық­аралық IT-стартаптар тех­нопаркі 2018 жылдың 6 қара­ша­сында құрылды. Оның қызметі – қа­тысушыларға акселерация қыз­­меттерін, технологиялық биз­нес-инкубациялауды ұсыну, кон­салтингтік, ақпараттық, анали­тикалық, білім беру, маркетингтік іс-шараларды өткізу арқылы қаты­су­шылардың дамуына жағдай жасап, инновациялық экожүйені жетілдіру.