Таным • 15 Қараша, 2022

Қайраткердің үйі музейге айналады

471 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сейітқали Меңдешев өзінің бар ғұмырын халқының бостандығы мен еркіндігі жолына арнаған ірі тарихи тұлғаның бірі. Ауылдағы қарапайым балықшы отбасында дүниеге келіп, жоқшылық тауқыметін көріп өскен Сейітқали өзінің зеректігімен оқуға түсіп, еңбекке ерте араласады.

Қайраткердің үйі музейге айналады

Сейітқали Меңдешев – 1916 жылы қазақ даласындағы патша­ның «бұратана халықтарды» май­данның қара жұмысына алу туралы жар­лығына қарсы бой көтерулердің ұйымдастырушысы. 1918 жылдан Хан ставкасында тұрып, жалпы Бөкей ордасында, кейін Қазақстан көлемінде Кеңес үкіметін орнатуға белсене ара­ласты. «Хан Ордасы» ауылын­да­ғы Сейітқали Меңдешев тұр­ған үйі күні бүгінге дейін сақтал­ған. Қазіргі таңда бұл ғимарат рес­публикалық маңызы бар ХІХ ға­сырдың тарихи-архитекту­ра­лық ескерткіші. 1917 жылы 25 қазанда Петербургте Кеңес үкіметі орнағасын, 38 күннен ке­йін, Сейітқали Меңдешевтің осы үйінде Астрахань большевик­тері­нің қатысуымен жасырын жиын өтіп, онда Бөкей ордасында Кеңес үкіметін орнату жөнінде шешім қабылданды. Ертеңіне, 2 желтоқсан күні қала және ауыл тұрғындарының қатысуымен митинг өткізіліп, Хан Ордасында тұңғыш қазақ жеріндегі Кеңес үкіметі орнағаны жарияланды.

1918-1920 жылдар аралығын­да Орынборда Қазақ АКСР-і құрылғанға дейін С.Меңдешев Бөкей облыстық халық ағарту комиссары, облыстық атқару комитетінің мүшесі, кейін оның төрағасы қызметтерімен қоса, Ордада тұңғыш кеңестік баспахананың ашылуына, онда көптеген газеттің шығуына айтарлықтай еңбек сіңіріп, баспахана жанындағы аударма бөлімін басқарды.

1920 жылы қазан айының 4-12-сі аралығында Орынборда өткен Қазақ Республикасын құру жөніндегі құрылтай съезі С.Меңдешевті Қазақ АКСР-і Орталық комитетінің төр­аға­лығына сайлап, қазақ елін ба­сқаруға мандат берді. Осы қызметінде ол азамат соғысынан кейінгі елдегі саяси ахуалды қалпына келтіріп, мемлекеттік, шаруашылық құрылыс, мәдени-ағарту саласында көп жұмыс атқарады.

С.Меңдешевтің аса салмақты ісі елдің ішін шарлап кеткен 1921-1922 жылдардағы ашар­шылықты тоқтатуға бағыттал­ды. Аштыққа шалдыққандарға көмектесетін Төтенше комитет құрып, оған тікелей өзі басшылық жасады. Осындай кезеңде кең жүректі, мейірімді С.Меңдешев Жұрым стансасында аштықтан өлермен қалдегі Гүлсім және Рахима есімді қыздарды асырап алып, өз фамилиясын беріп, балаларымен бірге тәрбиелейді.

Қазақ жерінің аумақтық тұ­тас­­тығын қалпына келтіру жолында және билік органдарын қазақтандыру, іс-қағазының мем­ле­кеттік қазақ тілінде жүргізілу үшін айтарлықтай еңбек сіңірді. Республикамыздың бүгінгі шекарасы негізінен С.Меңдешевтің басшылығымен белгіленді. 1921 жылы Ақмола, Семей облыстарын Қазақ автономиясына қосып алу жолындағы комиссияны басқарып, осы облыстарды қайтаруға қол жеткізді.

1926-1930 жылдары Москвада РСФСР экономикалық кеңесінің мүшесі болып қызмет еткен кезінде де республика экономикасының дамуына елеулі үлес қосты. 1930 жылы ол елге қайта оралып, өмірінің соңына дейін Қазақ КСР-і оқу-ағарту халық комиссарлары кеңесі ғылым жөніндегі комитет төрағасы қызметінде елде халық ағарту ісінің, оқу-білімнің өркендеуіне айрықша еңбек сіңірді.

Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу, елі үшін еңбектің ерен үлгісін көрсеткен үлкен тұлға, Бөкей орда­сының тумасы Сейітқали Меңдешев екі қоғамда да қуда­лауға ұшырап, жазық­сыз жапа шекті. Оны патша үкіметі абақ­тыға жапса, 30-жыл­дардағы зұл­мат заманда көрнекті қайраткер С.Меңдешевтің өзі де, отбасы да қуғынға ұшырады. Әйелі Рәзия Меңдешева да ұстаз болған. Ол кең пейілді, қолы ашық, мейірімді жан еді. Рәзия Меңдешева Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева, Мүбина Ниязовалармен бірге түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп, саяси-тәрбиелік маңызы бар пьесалар қойып, одан түскен қаржыны ашыққандарға, балалар үйіне берген. Сейітқали мен Рәзия Абдолла, Ғұбайдолла, Тамара есімді екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Тамара – қазақтың танымал ақыны Жұбан Молдағалиевтің жұбайы болды.

1937 жылы С.Меңдешевті өзі құрған үкіметі «Халық жауы» деп тұт­қындап, өлім жазасына кеседі. Ше­шім шыққан күні орындалады.

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы музей-қорығы ауыл­да сақталған С.Меңдешев тұрған үйді өз қарамағына алды. Ғима­рат­қа қайта жаңғырту жұмысын жүргізу үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Биылғы мерейтой қарсаңында осы ғима­рат­та С.Меңдешев мемориалдық музейін ашу үшін құжаттар мен материалдар жинақтап, экспозиция жасауға дайындық үстіндеміз. Бұл музей С.Меңдешевтей алып тұлғаны болашақ ұрпаққа насихаттайтын бірден-бір орын болмақ.

 

Гүлмира ЕЛЕМЕСОВА,

Хан Ордасы музей-қорығы ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы

 

Батыс Қазақстан облысы