«Орнында бар оңалар» демекші, ұлы Бейбітжан әкесінің жора-жолдастарының, әріптестерінің, ағайын-туыстарының басын қосып сол есімізге түсіп жатқан, сол он жыл бұрын Алматыда өткен басқосуды кіндік қаны тамған жерінде жалғастырмақ. Алматы да құр қалмас, бейітіне дұға жасалынып, әріптестері мен достары онда да шаралар жоспарлап жатқан көрінеді. Осының бәрі Аяғанның әруағына бағышталады. Осы бір жайсаң жанды азаматпен қайта қауышқандай болып, жақсы көңіл кешуге құштармыз. Ертеректе Сатыбалды Нарымбетов екеуміз Аяғанды еске алып отырғанда: шіркін-ай, ортамызда жүрсе ғой, жоқ дегенде 5-6 фильм түсіріп тастар еді деп өкінген едік. Енді міне бүгінгі еске алу шараларына Аяғанды туған інісіндей көрген қазақ киноөнерінің хас шебері Сатыбалды да қатыспайды, оның да осы дүниедегі дәм-тұзы таусылып бақилық болғаны белгілі. Аяған марқұм өзінің шығармашылық жоспарларын жолдас-жораларынан жасырмайтын. Мәселенің шешілген-шешілмегеніне қарамастан айтып жүретін, аңғал, ойына келгені тілінің ұшына тез жетіп жария етілетін. Ойын жасырып жүру дегенді білмеуші еді ғой, жарықтық...
«Алжир» мен «Жансебіл» фильмдерінен кейін шынымен де жоспарларының көбейгені рас еді. Себебі өзіне деген сенімі молайды. Көркемдік кеңес, студия басшылығы кедергісіз жаңа жұмыс беретіндей күйге жетті. «Алжир» фильмінің ерекше құндылығы енді сезілуде. Аяған дер уақытында, көздері тірі кезінде, сұрапыл жылдарда «жұмыс» істеген «отанын сатқан халық жауларының әйелдері» лагерінде (АЛЖИР) отырып шыққан қазақтың асыл апаларының ақтық әңгімелерін тарихи бейнекөріністерімен халық жадында қалдырды. Жан түршігерлік естеліктер өз заманына тән қатыгездік пен тасбауырлықтың, әділетсіздік пен сұрқиялықтың ызғарын бүгінгі көрермен сол суықжүректіліктің салдарын бастан кешкендердің көз жасына тұншығып әңгімелеп отырғанынан сезеді. – Қайран, өмір қызығын көре алмай, озбырлықтың құйыны мен боранынан көз аша алмай қартайған асыл аналар! – деп күйінетін Аяған. Жан тітіркенетін жылдардың нақты тарихи дәлелі ретінде тек осы Аяғанның кинокадрларын есептеуге болады. Әр адамның жанын сезіп, оған орынды сұрақ қойып, жауап ала алған Аяғанның шығармашылық ерлігінің белгілері осы бейнекөріністер. Оның суреткерлік мақсатының толыққанды орындалған сәттері.
Белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбекпен шығармашылық достығы мен соның нәтижесінде өмірге келген «Жансебіл» көркемсуретті фильмі туралы баспасөз бетінде көп айтылды. Десек те бұл фильм Халықаралық «Күміс жарты ай» кинофестивалінде (Ашғабад қ.) «Озық режиссерлік дебют» жүлдесіне ие болғаны Аяғанды ерекше қуантып, қанаттандырғаны рас. Дөп және дер кезінде берілген сыйлық еді. Оның өзінің күткені де сол болса керек. Адам мүмкіндіктерінің шегінде соғып жүрген қазақ жүрегі туралы Жүсіпбектің повесінің Аяғанға еткен әсері қандай зор болса, кейіпкердің жүрегінің дүрсілі мен Аяғанның жүрегінің бірдей соққаны сондай ғажап! Осыны фильмнің жұлын жүйесіне асқан шеберлікпен енгізе білген әйгілі актер Қасым Жәкібаевтың дәл осы фестивальде «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесіне ие болуы да Аяғанның шеберлігінің тағы бір дәлелі...
Жүсіпбектің енді «Қасқыр адамын» түсіремін... Махамбет туралы фильм түсіру ойымда... Төлеген Айбергенов туралы... Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев туралы, тағысын тағы. Қарап отырсақ ақындар тағдыры көп ойландырған сияқты Аяғанды...
Өзінің режиссерлік жұмыстарын бастағанша Аяған он жылдан астам кино өнерінің сырларын өндірістің тап ортасында жүріп үйренді. Әзірбайжан Мәмбетовтің («Жаушы»), Асанәлі Әшімовтің («Шоқан Уәлиханов», «Аждаһа жылы»), Нұрмұхан Жантөриннің («Қара маржан»), Абдолла Қарсақбаевтың («Балалық шақтың кермек дәмі»), Қанымбек Қасымбековтың («Қанатың талмасын балапан!»), Серік Жармұхамедовтің («Түрксіб»), тағы басқа режиссерлердің ассистенті (кейде екінші режиссер) болып тәжірибе жинақтады. Бұл жұмыстарда оның ұлттық болмысының тереңдігі, қазақ өнері мен әдебиетін жетік білетіндігі, қазақтың салт-дәстүрлері мен ұғым-танымдарын, нанымдарын жете игергендігі, оған қоса ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығы көзге түсті, сынақтан өтті. Осындай қабілеттері жинақталып, алдына қойған мақсаттарының орындалуына жұмсалатын шақта бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылды. Бұл оның 42 жасқа ғана келген шағы еді...
Аяғанның бауырмашылдығы, достарына адалдығы, жалпы республикалық шығармашылық кеңістіктегі беделі өте зор болды. Өзі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының жанындағы актерлер дайындайтын студияны бітіргендігінен болса керек, театр өнерінің майталмандарымен, әсіресе актерлермен өте жақын қатынаста болды, олардың арасында достары да көп-тұғын. Бұл фактор сол жылдардан бастап Аяғанның ел арасында беделге ие бола бастағанының белгісі еді. Бүгін де қысқа ғұмырында айтарлықтай өшпес із қалдырып үлгерген Аяғанның аты халық аузында. Себебі режиссер өзінің кішіпейілдігімен, пәк көңілінің кеңдігімен, көпшіл мінезімен ұлтжанды азаматтардың жадына тұрақты орныққан.
Аяғанның жүрегінің кеңдігі ол жасаған деректі фильмдерде де айқын көрініске ие. Халық әртісі Әнуар Молдабеков ағамыз туралы, «Алтынбектің әндері», «Бәйтерек», «Мұра» сияқты фильмдер оның суреткерлігінің тағы бір көріністері.
Қызылжарда да Аяғанның достары жеткілікті еді. Менің білуімше ол сол кездегі облыстық «Ленин туы» газетінде өз әңгімелерімен оқырмандарға таныс болғаны белгілі. Сол газеттің бас редакторы, жазушы Бақыт Мұстафин (марқұм) Аяғанның шығармашылығы туралы көп әңгімелейтін, міне бүгін сол әдеби туындылары да жеке кітап болып жұртшылыққа ұсынылғаны белгілі.
Мен сол жылдары Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының директоры болып қызмет атқардым. Аяғанның жүрегінің тазалығы туралы бір оқиғаны қысқаша баяндап бергім келеді. Мәскеу қаласында жұмыс істеп жатқан біздің киностудияның бір түсіру тобы орналасқан қонақүйге іссапармен келген мен де тоқтадым. Сол жолы Аяғанның балаша егіліп жылағанын көрдім. Өкініштен. Жақсы көретін бір ағасы өзінің бір көмекшісінің кеудесінен аяғымен итеріп жібергенін көрген Аяған үлкен кісіге ештеңе айта алмағандықтан, жылаған күйі мен жатқан бөлмеге келіп өксігін әзер басты.
Аяғанның Ерсайын Әбдірахманов деген аға-досы болды. Ол да қызылжарлық азамат. Мағжан Жұмабаевтың немере жиені. Ол да кино режиссер, қазақ мультипликациясына зор үлес қосқан тұлға. Ақырғы жылдары (ол да о дүниелік болып кетті) Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының кино өнері факультетінің деканы болды. Айтайын дегенім, екеуі бір-бірінен айырылмай егіз қозыдай (мінездері де ұқсас) жүруші еді. Енді екеуінің де есімдері тек өкініш пен сағыныш тудырады. Бірақ өшпес із қалдырған азаматтар.Жасыратыны жоқ қазақтардың арасында солтүстік облыстардан шыққан қазақтарды орысмінезділеу көретіндер жиі кездеседі. Міне, Аяған мен Ерсайын өздерінің нағыз қазақи болмыстарымен бұндай пікірлерді жоққа шығаратын. Қайран менің қызылжарлық достарым!
Сламбек ТӘУЕКЕЛ,
кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры