Штаб мүшелері «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауытының ұжымымен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген елдің энергетикалық секторын дамыту жөніндегі шараларға назар аударды.
«Біздің міндетіміз – әрбір қазақстандыққа алдағы сайлаудың маңыздылығын жеткізу. Тұрғындарды 20 қарашада сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық борышын өтеуге шақырамыз. Бұл – еліміздің ертеңі үшін өте маңызды таңдау», деді штаб мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Мұнай-газ саласының ардагерлерімен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары сайлауалды бағдарламаның кәсіпорындардағы еңбек жағдайларын жақсарту және жалақыны арттыруға қатысты тармақтарына тоқталды. Бұдан соң балық өңдеу кәсіпорнының алаңында сала кәсіпкерлерімен бірлесіп, сайлауалды бағдарламада көрсетілген балық шаруашылығын дамыту және су нысандарының экожүйесін қорғау жөніндегі шаралар талқыланды.