29 Мамыр, 2014

Еуразиялық одаққа тек қана экономикалық тұрғыдан қарау керек

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

000-evrazia-8

АСТАНА. 29 мамыр . Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанын отандық тауар өндірушілер тек қана қолдауы керек. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысында өз кәсібін дөңгелетіп отырған «Барыс 2007» ЖШС директоры Азат Қаражанов BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. Кәсіпкердің ойынша, еліміз одаққа мүше болса, қазақстандық кәсіпкерлерге Ресей, Беларусьтегі кәсіпкерлермен теңесуіне, бәсекеге түсуіне мүмкіндік туады. «Бұл құжатқа тек қана экономикалық тұрғыдан қараған дұрыс. Кім қандай тауар өндіреді, сол кәсіпкердің бағы шабады. Меніңше, қазақстандық кәсіпкерлер бәсекеге түсуге дайын», − деді Азат Қаражанов. Кәсіпкер бұған қоса одаққа мүше елдер бір ережеге бағынатынын, бұл да кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдететінін атап өтті. «Мәселен, біздің кәсіпорын шетелдіктермен бәсекеге түсуге дайын. Батыс Еуропадан жеткізілген жабдықтарды орнаттық. Жұмысшыларымыздың қарым-қабілеті жоғары. Тәжірибесі мол. Өнімдеріміздің сапасы жоғары, бағасы тиімді. Сондықтан да бәсекеден қорықпаймыз. Негізі, бәсеке кәсіпкерлердің өсуіне, өрлеуіне алып барады», − деді ол. Естеріңізге сала кетейік, Сайрам ауданының Тассай ауылында орналасқан «Барыс 2007» ЖШС «Мәдина» сауда белгісімен макарон өндіріп, еліміздің барлық өңірлеріне, сондай-ақ Түркіменстан, Тәжікстан, Грузия, Ауғанстан секілді көптеген елдерге экспортқа жөнелтеді. Оның кәсіпорнында Қазақстан мен Орта Азия аумағында бұрын-соңды болмаған заманауи итальян жабдықтары орнатылған. Автоматтандырылған желі үздіксіз режімде жұмыс жасап, сағатына 3 500 келі макарон өнімдерін немесе жылына 25 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Фабрика жеке инвестициялар қаражаты есебінен салынды, жобаның құны - 10 миллион доллар. Кәсіпорында 120 адам жұмыс істейді. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: BNews.kz. Фото: agencyrating.kz.