Баспасөз мәслихатында алғаш болып сөз тізгінін алған М.Тілеуберді еліміздің биыл елеулі өзгерістерді бастан өткергенін атап өтті.
«Бұл өзгерістердің қатарында 5 маусымда өткен бүкілхалықтық референдум кезінде Конституцияға енгізілген өзгерістер бар. Еліміз тез өзгеріп жатқандықтан азаматтарымыздың дауыс беру арқылы мемлекеттің болашағы туралы өз таңдауын жасауы маңызды.
Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғалы өткізіліп жатқан жетінші президенттік сайлау. Мұны еліміздегі демократияның дамуындағы тағы бір маңызды кезең деп санауға болады. Бұл сайлау халқымызға Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш жыл президенттігі, Әділетті Қазақстан ұстанымы туралы пайымдауға мүмкіндік береді. Сайлауда әртүрлі саяси көзқарасы бар алты кандидат додаға түседі, бәсекеге толы сайлау өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Президенттікке кандидаттар қатарына саяси партиялардың өкілдері ғана емес, түрлі бірлестік өкілдері де кіреді.
Бір атап өтерлігі, тарихымызда алғаш рет екі әйел президенттікке үміткер болып отыр. Бұл – Қазақстанның демократиялық дамуындағы тағы бір қадам. Қазақстан көп жыл бойы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мен әйелдердің бизнес пен саясаттағы рөлін арттыру қадамдарын жасап келеді. Қазір осы күш-жігердің жемісін көріп отырмыз. Әрине, дауыс беру Қазақстанның көзқарастарының шынайы көрінісі болса ғана сайлау нәтижесі президентке нақты және мықты мандат береді. Осылайша, Үкімет сайлауды әділ және ашық етуге ниетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқаны заңға сәйкес ашық, жергілікті және халықаралық байқаушылардың көптеп қатысуымен өткізілетінін бірнеше рет айтты», деді М.Тілеуберді.
Сондай-ақ ведомство басшысы президенттік сайлауды халықаралық ұйымдар мен Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус бақылайтынын атап өтті. Еліміз әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі екенін атап өтіп, Қазақстанның сайлауды ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сай өткізуге сақадай сай екенін жеткізді.
«Біріншіден, маусым айында қабылданған конституциялық түзетулер мен реформалардан кейін Президентке қандай да бір саяси партияның мүшесі болуға тыйым салынған. Бұл Президенттің саяси күреске қатысуын болдырмау мен бәсекелестікке ықпал етуі үшін жасалды. Сол себепті Президент жыл басында Amanat басқарушы партиясының төрағасы қызметінен кетті. Осылайша, бұл сайлаудың алдыңғы сайлаудан айырмашылығы, қазіргі Президент саяси партияның мүшесі ретінде ұсынылмайды.
Екіншіден, былтыр заңнамаға түзетулер енгізілген соң, бюллетеньдерге «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілді. Бұл баған алдағы сайлауда қолданылады. Ең бастысы, 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында президенттік мерзімін қайта сайлау құқығынсыз жеті жылмен шектеуді ұсынды. Президенттік мандатты бір мерзімге шектеу Мемлекет басшысының ұлттық дамудың стратегиялық міндеттеріне барынша мән беруіне ықпал етеді. Мұны біздің еліміз үшін нағыз демократиялық серпін деп санауға болады. Бір ғана жеті жылдық мерзім билікті монополиялау қатерлерін жояды және демократияның негізгі қағидаттарын нығайтады», деді Сыртқы істер министрі.
М.Тілеуберді елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға да тоқталды. Мемлекет басшысы азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен маусым референдумында қабылданған 6 маңызды заңға қол қойғаны туралы әңгімелеп берді. Осы заңдардың күшіне енуі саяси жүйені демократияландыруға және мемлекеттік билік тармақтары арасындағы президенттің өкілеттіктерін шектеуге және Парламенттің рөлін күшейтуге қатысты тежеу мен тепе-теңдік жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
«Парламент сайлауы келесі жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Бұл сайлау кезеңі біздің саяси, үкіметтік және экономикалық жүйелерімізді қайта жандандырады және мемлекеттік басқаруды айтарлықтай жаңғыртады. Президент және Парламент сайлауларына халық көптеп қатысады деп үміттенеміз. Біздің азаматтар ұлтымыздың болашағын анықтауда шешуші рөл атқаруы тиіс. Жаһандық геосаяси сын-қатерлерді ескерсек, алдағы сайлау Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық қоғамдастық үшін де маңызды. Халықаралық дағдарыстар жаһандық тұрақсыздық пен қауіп-қатердің себебі болып отырғаны баршаға аян. Осылайша, тұрақты және гүлденген Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді, өйткені біздің еліміз кең ауқымды жаһандық ынтымақтастыққа, сауда мен дипломатияға жәрдемдесуге ұмтылады. Бұл сайлау осы мақсаттарға жетуге ықпал етеді. Біз халықаралық әріптестеріміз бен бүгін осында ұсынылған елдер тарапынан ынтымақтастық пен қолдау күтеміз», деді М.Тілеуберді.
Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіров дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу дәстүрге айналып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, комиссия заңға сәйкес өз жұмысын жүргізеді, ашықтық пен бұқаралық диалог қағидатымен әрекет етеді.
«Қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтау мен заңды құқықтық тұрғыдан дұрыс пайдалану – қызметімізге басты негіз екенін атап өткім келеді. Республикалық референдум қорытындысы бойынша ел азаматтары жалпы саяси және электоралдық көріністі сапалы өзгертуге алып келетін ел Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қолдады. Мемлекет басшысы 5 қарашада Конституциялық реформаны жүзеге асыруға арналған бірқатар заңға қол қойды», деді Н.Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы биылғы сайлаудан бастап Президент 7 жылға бір ғана мерзімге сайланатынын атап өтті. Сонымен қатар сайлауға дайындық барысы қалай жүргізіліп жатқанын да баяндады.
«Қоғамдық бірлестіктер ұсынған 12 кандидаттың құжаттары Орталық сайлау комиссиясына келіп түсті. Сәйкестікті анықтау рәсімінен өткен 6 кандидат тіркелді. Қалған 6 өтініш берушіге заң талаптарын орындамағандықтан бас тартылды. Қазіргі таңда кандидаттардың штабтары 2022 жылғы 19 қарашада сағат 00:00-ге дейін жалғасатын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы, жергілікті комиссиялар сайлауды қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкестікте өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Ел аумағы бойынша барлығы 10 101 учаске іске қосылады, сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енген. 4 қарашадан бастап азаматтарға өздерін тізімнен тексеру мүмкіндігі ұсынылды. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерінің жанынан 68 сайлау учаскесі құрылды», деді Н.Әбдіров.
Баяндамашы сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жасауға ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Бұл мәселе ОСК отырыстарының бірінде талқыланып, инватакси, сурдоаударма, тактильді жолдар және Брайль трафаретімен қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілген.