АСТАНА. 29 мамыр.Еуразиялық интеграция игілігін аймақтар көретін болады. Бұл туралы BNews.kz тілшісі хабарлады.
Ақтөбе облысының өзінде бүгінгі таңда Кеден одағы аясында өзара сауда айналымы едәуір артып отыр. Енді Еуразиялық экономикалық одақ ауқымында бұл қарқын одан әрі көтеріле түсуге тиіс. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы берген деректерге қарағанда, өткен жылы тауар айналымы 1495,0 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл - 2012 жылымен салыстырғанда, 109,9 пайызға артық. Осы кезде оның сауда айналымы Ресеймен 1451,0 млн. долларға, Беларусьпен 44,0 млн. долларға жеткен. Мамандардың айтуынша, экспортқа шығарылатын тауарлардың да түрі көбейген. Мысалы, ет,сүт пен кондитерлік өнімдерден өзге медициналық техника мен құрылыс материалдары жеткізіледі.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда-саттық жасауға кедергілер мүлдем болмайды. Бүгінгі таңда Ақтөбенің «Темір Сервис» серіктестігі Ресейдің «Чилисайские фосфориты» сауда үйімен келісімге қол қойды. Олар Ресей Федерациясының аумағында ресми делдал болып, көрші елдің оннан астам облысында тауарлар сатады. Ал Ақтөбе бейметалл құбырлары зауыты «Татнефть-Стекловолокно» ААҚ арасында шыны талшықтары өнімін жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісім жасалды. Осылайша Еуразиялық экономикалық одақтың аясында да серіктестіктерді дамытуға мүмкіндіктер туады.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: BNews.kz.
Фото: agencyrating.kz.