Қоғам • 16 Қараша, 2022

Әскерден қайтқан сарбаздар

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана теміржол вокзалында үрмелі аспаптар оркестрі ойнап, еліміз бен Қарулы Күштердің тулары желбіреп, күздің қара суығын сездірмей тұр. Жақында теміржол вокзалында әскерден қайтқан астаналық сарбаздарды қарсы алу іс-шарасы тұңғыш рет ұйымдастырылды.

Әскерден қайтқан сарбаздар

Салтанатты іс-шараға қалалық әкімдік, қорғаныс істері жөніндегі депар­таменттің өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері мен сар­баз­дардың ата-аналары арнайы шақырылды.

Бір жыл бұрын әскерге кеткен немересі Әлішер Тастыбайды қарсы алған Астана қаласының тұрғыны, зейнеткер Күлпән Шайсұлтанова игі іс-шараны ұйым­дастырушыларға алғысын айтты.

– Әлішер қазіргі Қонаев, бұ­рынғы Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде қызмет етті. Бір жыл ішінде немерем шыңдалған, шыныққан азамат болып оралды. Бөлім басшылығына мың да бір рақмет. Қызмет барысында баламызбен үнемі байланыста болдық. Парашютпен секірген суретіне дейін салып жіберетін. Мақтау қағаздары да жетерлік, – дейді қуанышын жасыра алмаған әже.

Пойыздан түскен сарбаздар сап түзеп келіп, топ басшы­сы әс­кери тәртіппен Астана қала­сы қор­ғаныс істері жөніндегі депар­та­мен­ті­нің бастығы, подполковник М.Тұ­рыскелдиевке баянат берді:

– Подполковник мырза, ас­таналық сарбаздар 35-гвардиялық десанттық шабуылдаушы бригадасында абыроймен әскери қыз­мет атқарып, отбасына оралды. Топ басшысы, қатардағы жауынгер Әлішер Назиев!

Салтанатты марштан соң «Қа­рулы Күштер ардагерлері» қо­ғамдық ұйымының орынбасары, генерал-майор М.Нағұманов отбасына оралған сарбаздарды құт­тықтап, сөз сөйледі.

– Сіздерді бір жыл бұрын әс­керге салтанатпен шығарып сал­ған едік. Еліміздің тыныш­ты­ғын қорғау жөніндегі халық­тың тапсырмасын сіздер адал орын­дадыңыздар. Сіздерге берілетін ендігі тапсырма – берік отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, адал еңбек ету. Еліміздің дамуына үлес қоса беріңіздер! – деді генерал-майор.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдерінің айтуынша, әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында мұндай іс-шараны ұйымдастыру алдағы уақытта дәс­түрге айналмақ.