Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР
Асық атып, арқан тартысқан, тоғызқұмалақ тақтасына қарап ойланып, жер кілемде «бес асық» ойнаған балалар бейнесі әсем-ақ. Өскелең ұрпақтың ойындардың атына ғана емес, затына да қанық екендігі қуантады. Әсіресе асық атуда бәсекелестік мықты болды. Бірнеше кезеңге созылған ойында асық ату және арқан тарту бойынша №17 мектеп-интернат жүлделі бірінші орынды иеленсе, тоғызқұмалақ бойынша №4 мектеп-интернат көш бастады. Ал «бес асық» ойынында ҚӨЖБҚО КММ-нен келген қатысушы Олеся Голобородько топ жарды. Аталған ойында төрешілік жасаған Алматы қаласы Асық ату федерациясының өкілі Асан Қажиахметұлы ойынның форматы мен ережелері нақтыланып, балалар арасында танымалдылыққа ие болып келе жатқандығын айтады. Ал аға буын өкілдері өздері «бес тас» атаған бұл ойынның қырағылық пен көру қабілетін жақсартатынын алға тартып, балалық шақтарын еске алысты.
Музейдің мәдениет және білім бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко: «Ұлттық дәстүр мен мәдениетті дәріптеу – музейдің басты міндеті. Бүгінгі сайыстың да мақсаты сол – ұлттық ойындарды жастар арасында насихаттау. Ойын, сайыс форматы тек сөзбен түсіндіріп, суреттен көрсетуге қарағанда ұлттық ойындарды танытуда тиімді болады деген оймен алғашқы рет өткізіліп отырған «Музей кубогі» турнирі енді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ», деді.
Еске сала кетейік, ұлттық ойындар Қазақстанның мектеп бағдарламасына енгізілген. Дене шынықтыру пәнінде оқушылар «қазақша күрес», «тоғызқұмалақ», «асық ату» сабақтарын оқиды.
АЛМАТЫ