Қазақстан • 16 Қараша, 2022

Шаруаларды шырылдатқан темір жол шенеуніктері

269 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыл сайын күзде жи­наған астығын экс­порт­қа шығаруға вагон таппай тұйыққа тірелген шаруалардың жа­най­қайы шығып жатады. «Қазақстан темір жо­лы» ұлттық ком­па­ния­­сы» акционерлік қоға­мының (ҚТЖ) ас­тық­ты өңірлердегі бөлім­ше­лерінің шен тағып шіренген шенеуніктері вагон тапшылығын қол­дан жасап, астық кон­тей­нерлерін жең ұшы­нан жалғаса білген пысы­қай­ларға кезексіз беруді көлденең табыс көзіне айналдырып алған.

Шаруаларды шырылдатқан темір жол шенеуніктері

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұған айғақ ретінде жуыр­да Қостанай қаласының №2 соты «Қазтеміртранс» АҚ Қос­танай филиалының директорын жергілікті кәсіпкерден пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру тура­лы үкім шығарғанын ай­ту­ға болады. Қостанай об­­лыс­­тық сотының баспа­сөз қыз­­меті бұқаралық ақпа­рат құралдарына мәлім­де­ге­нін­­дей, ол өткен жылдың 1 қазаны мен осы жылдың 23 мамыры аралығында жаппай астық тасымалдау кезеңінде жүк вагондарын еш кедергісіз әрі жедел беру үшін «Вадиса М» ЖШС директорынан жалпы сомасы 1,2 млн теңгені құрайтын заңсыз сыйақы алған көрінеді. Пара беруші де қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаға тартылып, берген парасының 20 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 24 млн теңге айыппұл төлейтін болыпты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мә­ліметіне қарағанда, кейінгі бес жыл ішінде ҚТЖ мен оның ве­домстволық бағынысты ұйым­дарының лауазымды тұл­ға­ларына қатысты 136 қыл­­мыстық іс қозғалып, темір жол шенеуніктерінің 52-сі сотталған екен. Бұл са­­­ла­­дағы қылмыстың 70 ­па­­­­­йызы парақорлық болып шық­ты. Негі­зінен, олар орын­­­­дал­ған жұ­мыс актілеріне қол қою, жұмысқа қабылдау және қызмет бойынша ауы­су кезінде заңсыз сыйақы алу­мен, сондай-ақ жүктерді та­­сы­малдау үшін вагондар мен локомотивтерді жедел әрі кедергісіз берумен байланысты. Жүргізілген талдау ҚТЖ-ның жекелеген бө­лімшелерінде вагондармен айла-шарғы жасау бойын­ша жемқорлық схемалары құрылғанын көрсеткен. Жа­сан­ды кедергілер мен олар­ды бөлудің жасырын процедурасына орай кәсіпкерлер өз мәселелерін пара беру арқылы шешуге мәжбүр болған. Іс жүзінде пара берген кәсіпкер ғана өз жүгін уақтылы жібе­ріп, өзгелердің апталап-айлап күтуіне тура келген. Мұның бәрі кәсіпкерлердің сөзі­мен ғана емес, қылмыстық істер­дің нақты материалдарымен де расталған.

Соған қарамастан, ҚТЖ бас­шылығы осы сала­да­ғы пара­қорлықты тыюдың пәр­мен­ді шараларын қол­дан­бай, астықты өңірлердің шаруаларын биылғы күзде тағы шырылдатты. Оларға Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары араша түсіп, жуырда Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Онда: «Экспорттаушылар ас­тық тасығыштар мен бос вагон­дарды уақтылы ала алмай отыр. Шаруалардың элеватордан астық жөнелтуді жос­парлауға мүмкіндігі бол­ма­ғандықтан, жасаған ке­лісім­шарттарының мерзі­мін амалсыз бұзуларына тура келеді. Ал ҚТЖ оларға тасымалдау жоспарын орындамағаны үшін айыппұл салып жатыр. Бұған қоса, стансаларда ма­невр­лік локомотивтер тапшы. Сол себепті стансаларда туындайтын іркілістер үшін ҚТЖ мен вагондардың иелері оларға тағы да айыппұл салып жатыр. Вагондар жүк жөнелту стансаларына әкелінгенімен, оларды элеваторларға жеткізу кейде 4-5 тәулікке дейін ке­шік­тіріледі. Астық тиелген вагондарды қайтадан жүк жө­нелту стансаларына жет­кізуде де осындай ахуал қа­лыптасып отыр. Осының сал­дарынан шаруалар элева­тор­ларға сыймай жатқан өнім­дерін экспортқа шығара алмай, елеулі валюталық түсім­де­рінен қағылу үстінде.

Осыған орай, экспорттау­шыларды астық таситын вагондармен қамтамасыз ету мәсе­лесін шұғыл шешуді, ҚТЖ-ның­ маневрлік және ма­­гистралдық ­локо­мо­тив­тер­ді уақтылы бер­меуіне бай­­ла­ныс­ты астық пен ұн жө­­нел­тушілер тарапынан жол берілген тасымалдау жос­­­­парын орындамау және ва­­гон­дардың стансалар мен бас­қа да темір жолдардағы нор­­мативтен тыс іркілістері үшін салынған айыппұл санк­ция­ларының күшін жоюды, сондай-ақ ҚТЖ жанынан осы мәселелермен айналыса­тын арнайы штаб құруды ұсы­на­мыз», делінген.

Мәжілісмендерге Үкімет: «Бүгінгі таңда астық та­сы­ғыш­­тар паркі 10,5 мың бір­лік­тен астам («Астық Транс» АҚ-да – 4750, басқа меншік иелерінде – 2700, шетелдік паркте – 3050). Бұл астық экс­порттаушылардың сұра­нысын толық қамтамасыз етеді. Вагондарды жеткізу-алып кету үшін ҚТЖ-ның 130 маневрлік локомотиві мен жекеменшіктегі 767 локо­мотив іске қосылған. Станса­ішілік жұмыстарды локомотив күшімен қамтамасыз ету үшін пойыз қозғалысының қауіп­сіздігі талаптарына сай келе­тін жеке операторларды іске қосу мәселесі қарас­ты­ры­лып жатыр.

Бұдан бөлек, астық экс­порт­­таушыларды қолдау мақ­­са­тында ҚТЖ тарапынан осы жылдың соңына дейін ма­неврлік және ма­гист­­­­ралдық ло­комотив­тер­ді уақтылы бермеу себепті жол берілген астық таситын вагондар іркілісі үшін айыппұл санкцияларын салмау туралы шешім қабылданды. Вагон­дар­ды дер кезінде беру үшін ҚТЖ-ның Қостанай және Ақмола облыстарындағы фи­лиал­дарында тәулік бойы жұ­­мыс істейтін жедел астық топтары құрылды. Бұған қоса, астықты өңірлерде облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­ларының, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палата­сы­ның, мемлекеттік кірістер орган­да­рының, вагон операторлары – «Қазтеміртранс» АҚ мен «Астық Транс» АҚ-ның және жүк жөнелтушілердің өкілдерінің қатысуымен вагондарды элеваторлар бойын­ша бөлуді келісу жөніндегі жұмыс топтары құрылды», деп ресми жауап қайтарды. Одан елімізде астық экспортын уақтылы қамтамасыз ету үшін қажетті мүмкіндік жет­кілікті екені, яғни вагон тап­шылығы қолдан жасалаты­ны, ал барлық мәселе осы са­ладағы жемқорлықты жо­йып, жұмысты дұрыс ұйым­дас­­тыруда екені анық аңға­ры­лып тұр.

Ендеше, «Ештен – кеш жақсы» дегендей, Үкімет қол­данып отырған шаралар оң нәти­жесін беріп, теміржол шенеу­ніктері шаруаларды шырылдатуын осымен доға­ра­ды деп сенгіміз келеді.

Соңғы жаңалықтар