Медицина • 16 Қараша, 2022

Өзі барып емдейді

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісуда облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендер жетіп артылады. Сол себепті кейбір ауылдар жылжымалы меди­циналық кешеннің көмегіне зәру. Осы орайда қаладан алыс орналасқан ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында бейінді мамандардан құрылған топ 10 айда 62 066 адамды тексеруден өткізген. Оның ішінде 7 604-і бала екен.

Өзі барып емдейді

Ақ желеңділер 158 аудан мен ауылдарды аралап, тұрғындардың денсаулығын бақылап қайтқан. Тіпті, қолда бар ем-дом амалдарын да жасаған. Құрамында терапевт, гинеколог, невропатолог, лор және ультрадыбыстық зерттеу жүргізу мамандары бар жылжымалы медицина­лық кешен ауыл тұрғындарына 24 700 диагностикалық, 21 805 зертханалық зерттеу және 52 206 консультациялық көмек көрсеткен.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Арман Жансеңгіровтің айтуынша, бұл шаралар аурудың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып келеді.

«Жылжымалы медициналық кешен азамат­тардың денсаулығын кең спектрлі тексеруден өткізуге арналған. Бұл жобаның бас­ты ерекшелігі, кез келген ауыл тұрғыны маман­дардың тек­се­руінен өтіп, кеңес алуға мүм­кіндігі бар. Яғни мақсатымыз – ауруды бас­тап­қы кезе­ңінде анықтап, емдеу. Бір айта кетер­лігі, аталған кешен қыста ауа райының қо­лай­сыздығына байланысты көктем мен күз мер­зімдері аралығында жолға шығып, тұрғындарды тексеруден өткізеді», дейді А.Жансеңгіров.

Жүргізілген тексерулер нәтижесінде облыста 949 адамнан әртүрлі ауру белгілері анықталып, толық тексеруге жолдама берілген. Айта кетейік, өңірде 8 жылжымалы меди­циналық кешен бар. Жалпы, кешен талдауларды қабылдау аймағы, функционалды диагностика, акушер-гинеколог, сондай-ақ сәулелік диагностика кабинеттерінен тұрады.

 

Жетісу облысы