Осы кезеңде Ұлы даланың данышпан тұлғаларының елді басқаратын адамның, бірінші басшы болуға лайық тұлғаның жеке басында қандай адами қасиеттердің болуы керектігі туралы ілімдері Әділетті Қазақстан жағдайында ел басқаратын бірінші тұлғаға таңдау жасап, дауыс беру үшін де өте маңызды.
Тарихқа бойлап қарасақ, қай дәуірде болсын елді, қоғамды басқарудың өткен тәжірибелерін қорыта отырып, келешекті болжау арқылы Ұлы дала данышпандары ел басқаратын тұлғалар туралы ілімдерін өздерінің шығармашылық еңбектері арқылы сабақтастықпен айшықтады. Бұл ретте әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Абай сияқты тұлғалардың ілімдері ойға оралады.
Түркі-мұсылман өркениетінің бастауында тұрған Әбу-Насыр әл-Фараби бірінші тұлға туралы ілімін «Қайырымды қала» трактатында жан-жақты негіздеген. Ойшыл бірінші тұлғаның ерекше белгілерін зерттейді. Рухани мәніне үңіледі. Өзіне ғана тән қасиеттеріне сипаттама жасайды. Оларды ойшылдың мына сөздерінен көруге болады: «Бірінші тұлға «жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзінің сөйлеушінің ойындағысындай және істің мән-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан еш нәрсені ұмытпайтын болуы керек; әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгенін анық айтып бере алатын ділмар болуы шарт; өнер-білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік, жалған мен суайттарды жек көру керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылыстан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс; әділ болу керек, бірақ қыңыр болмауы керек, әділеттілік алдында оқыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлдем рақымсыз болуы шарт; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқынышпен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек...».
Сонымен қатар әл-Фарабидің пікірінше, бақытқа қол жеткізудегі тұтыну талабын адамдар әділетті әкім ұйымдастырған көпшілік арасында, яғни қоғамда жүзеге асырады. Ал осы қайырымды қоғамдағы нағыз билеуші дегеніміз – әрекет етуші интеллектіге мүлтіксіз жақындаушы адам. Ол ақиқатты таниды. «Ел басқарудың алғашқы ізгілікті сабағы қалалар мен халықтар арасындағы ізгілікті тұрмыс салты мен ізгілікті қабілеттерді орнықтыруды, оларды жан-жақты насихаттауды және мәдениетсіз өмір салтының келеңсіз көріністерінен сақтануды қамтамасыз ететін іс-әрекеттерден тұратынын» ескертеді. Ойшылдың айтуынша, егер олар халық құрастыра бастаса, бұл халық – қайырымды, ал егер бұл адамдар ортақ тұрақты жерде біріксе, барлығын осындай басшылықта біріктіруші, бұл тұрақты жер – қайырымды қала болады.
Кезінде қазақ тарихында халықты осылай біріктірген бірінші тұлғалар болды. ХІV ғасырдың ортасында кейін қазақ халқы болып қалыптасатын ру-тайпалардың басын біріктіріп, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек болатын. Ойшылдың бірінші тұлға қасиеттері туралы айтқандарының бәрі қазіргі және болашақ қазақ қоғамы үшін қаншалықты маңызды екені түсінікті. Осыған орай айта кеткен орынды, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл «Волонтер жылы», яғни қайырымдылық жылы болып жарияланып, ал 2021 жылдың басында тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы «Қайырымды істер» марафонымен басталғаны белгілі. Бұл мемлекеттік дәрежедегі іс-шаралардың жоғары деңгейде өткеніне байланысты Мемлекет басшысы: «Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық», деген еді. Бірінші басшы туралы әл-Фарабидің тағы бір қағидаты: «...бұл адам бақытқа жеткізетін әрекеттерді белгілеуге және оларға бағыт сілтеуге тамаша қабілетті. Бірақ бұл жаратылыс қасиеттері өте тамаша, абзал адамдарға, яғни жандары әрекетшіл-парасатпен бірге біткен адамдарға ғана тән», деп сипаттама берген. Ал осыған керісінше, атаққұмар басшылар туралы: «...барлық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, өзінің және өз балаларының атын мәңгі қалдыруға, өз балаларын өзінің ескерткіші етіп қалдыру, өз балаларына немесе өз руына өкімет билігін қалдыруға тырысуы, ....байлықты басып алып, оны басқаға пайдаландырмауы, ... дүниені үсті-үстіне жинай беруі... содан кейін ол адамдардан алшақтай түседі», дейді ойшыл. Ойшылдың пікірінше, надан қалаларда, яғни жемқорлық дендеген жерде тек «...бай болуды көздейді. Өмір сүруге қажетті материалдық игіліктер жеткілікті болса да тойымсыз. Олар – құлқынның соңына түскендер. Өлгеннен кейін байлықтан, құрметтен айырыламыз деп қорқады». Әл-Фараби бұл жағдайды қатал сынға ала отырып, мұндай әділетсіз қоғамда адам тағдыры, оның рухани жетілуі, олардың арасындағы қарым-қатынастардың бәрі саудаға түсетінін ескертеді.
Әрі қарай кемеңгер пәлсапашы «әрекетшіл-парасатты басшы» туралы ілімін дамыта отырып: «Осы әрекетшіл-парасатты адамның басшылығы – бірінші басшылық, ал қалғандарының бәрінің басшылығы кейінгі басшылық және сол біріншіден тарайтын басшылық. Бұл – айқын нәрсе», деп тұжырымдайды ойшыл.
Аталып отырған басшылықтың бұл жүйесі қазіргі біздің мемлекетіміздегі президенттік басқару жүйесіне сәйкес келеді. Сонымен қатар әл-Фараби: «Осы әрекетшіл-парасатты бірінші басшыға бағынатын адамдар қайырымды, абзал және бақытты адамдар. Егер бұл адамдар халық болып құрылса, онда бұл халық – қайырымды халық, ал егер бұл адамдар бәріне ортақ жерге қоныстанып біріксе, онда осындай басшылықпен біріккен бәріне ортақ қоныс – қайырымды қала», дейді. Әл-Фарабидің бұл сөздерінен шығатын қорытынды – басқаратын басшысы әрекетшіл-парасатты болған жағдайда оған бағынатын халық та бақытты және қайырымды болады.
Әл-Фарабиден кейінгі Ұлы дала тұлғаларының түркі дәуіріндегі тағы бір өкілі – өркениетті Қарахандар әулетінің мемлекет қайраткері, ақын, ойшыл, ғалым, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн. Оның атақты «Құтты білік» дастанының басты идеясы – мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңды құрып, елде әділетті қоғам орнату еді. Мұндай қоғам орнатуды ойшыл билеушінің жеке басының ақылдылығы, даналығы мен іскерлігіне байланыстырады. Одан мемлекет те, халық та жақсылық табады. Сонда басшы мен халық бірлігі және түсіністігі мемлекетті нығайтушы күшке айналады.
Екі нəрсе елдің бағын ашады,
Заң мен сақтық – ел тұғыры
қашанғы...
Жаратты адам баласын да
бір Алла,
Есті-ессіз, ұлық-кішік бар онда.
Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,
Бай-кедей бар, надан, аңқау,
бар залым.
Бəрін соның алаламай бөлектеп,
Басқаратын қандай болу керек Бек? – дейді Ж.Баласағұн өз дастанында. Мұнда қоғамдағы барлық әлеуметтік топтарды алаламай басқару үшін заң арқылы әділетті қоғам орнатудың қажеттігі айтылып отыр.
Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұнның басшы тұлға туралы қағидаттары қазақ даласының тұлғасы – Абайдың ілімдерімен сабақтас келеді. Әсіресе ақынның «Қарасөздерінде» отаршылдық жағдайдағы Қазақ елін билеушілер туралы ой-пікірлері ерекше өзекті. Биліктегі келеңсіздікке қарсы күрескен Абай ел басқаратын адамның әділ, білімді, қайраткер болуы керектігін айтады. Өз заманында Ж.Баласағұн:
Бек білімді, ақылды, адал болсын, ақ болсын.
Парасаты, ақылы ізгілерге жақ болсын! (2160-бәйіт) – десе, Абай 37-қарасөзінде бұл туралы: «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады», деп білімнің қажеттігімен бірге білімсіз басшы өзі басқарып отырған адамдарды бұзатынын айшықтайды. Сонымен қатар парамен, таныстықпен келген билік қасиетсіз, «сатып алған, жалынып, бас ұрып алған биліктің ешбір қасиеті жоқ», деген. Ұлы Абайдың философиялық тұрғыда тереңнен айтқан бір ұйқасты сөз тіркестерінде:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек,
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек, – делінеді. Бұл жерде ақын заман мен адамның қоғамдағы арақатынасын айшықтап тұр. «Заманды қай жан билемек?» дегенде ақын уақытты тұлға өзгерте алмайды, бірақ қоғамның өзгеруіне ықпал жасауы мүмкін. Заманды билеген тұлғаның ақыл-парасатына байланысты қоғамда жаңа қатынас орнайды. Ол, мысалы, адамзат тарихында аты қалған Шыңғыс хан сияқты жаһангер қолбасшы болуы немесе әл-Фараби сияқты ұлы ғалым болуы да мүмкін. Ұлы ақынның «заманды қай жан билемек?» дегенде осыны айтқаны анық. Сонымен бірге ақын 22-қарасөзінде «Болыс пен биді құрметтейін десең, Құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. «Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ», дей отырып Абай:
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? – деп өткір сынға алады. Ұлы дала тұлғаларының бірінші басшы туралы, яғни әл-Фарабидің «әрекетшіл парасатты» адамы, Абайдың «кемел» адамы, екеуінің де ойы сабақтастықпен бірін-бірі толықтыратыны байқалады. Әл-Фараби «қайрат», «ақыл» және «жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», дейді. Әл-Фараби түркі әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән беруі – Абай негізін қалаған «кемел адам» («инсан-и камил») тұжырымдамасының түп-төркіні қайда жатқандығын білдіретін құнды дерек көздеріне жатады. Әл-Фарабидің бұл философиялық тұжырымы Абайдың 17-қарасөзінде өзінің логикалық жалғасын тапқандай. Абайдың қарасөзінде қайрат, ақыл мен жүрек үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры ғалымға келіп жүгінеді. Сонда ғалым: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет», депті. «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым», деген қорытындыға келеді.
Жоғарыда келтірілген Ұлы дала даналарының тұжырымдарынан төмендегідей қорытындыға келуге болады. Біріншіден, бірінші басшыда ақыл мен қайраттың басын біріктіретін, елім деп соғатын халқына адал жүрегі болу керек! Мұндай жүректі басшы елді қасіретке ұшыратуға жол бермейді. Әрине, халық ішінен мұндай жүректі адам табылады. Бірақ оны билікке келтіре аламыз ба?! Мәселе – осында. Бұл жерде халық жауапкершілікті өз мойнына алады. Бірақ біздің жағдайымыздағы бірінші басшының миссиясы – жоғарыда аталғандай «жүректі адамды» халық еркін, еш қысымсыз, демократиялық құндылықтар жолымен сайлай алатын құқықтық негіздерді Ата Заңда сақтай отырып, оның қалтқысыз орындалуын қамтамасыз етуі парыз. Бұл миссияны орындаудағы бірінші басшының рөлін анықтауда біз тәжірибені басқа елдерден іздемей-ақ, Ұлы дала тұлғаларының жоғарыда айтылған ілімдеріне жүгінуге болады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев республика күніне орай өткен салтанатты рәсімде: «Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті, мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын», деген еді. Ендеше, Мемлекет басшысының бұл сөздері ұлы ойшыл әл-Фарабидің: «Абсолюттік мағынада бірінші басшы дегеніміз кім? Бұл басқа біреудің басшылығын мүлдем керек етпейтін және ғылымилығы мен білімінің жетілгені сонша, бұл жөнінде өзіне басшылық ететін басқа адамға мүлдем тәуелді болмайтын дәрежеде шын жетілген адам. Осы басшылыққа бағынатын адамдар қайырымды және бақытты болады» деген қағидатты тұжырымдамасымен толық үндесетіні анық.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі