Біздің қайда оқығанымызды, бұған дейін қандай жұмыстар жасағанымызды сұрады. Әріптесім Тимур Ермұхаметов екеуміз мүмкіндігінше бұған дейін жасаған жұмыстарымыз туралы қысқаша айтып бердік. Мемлекет басшысы бізден «Жеке шеберханаларың бар ма?» деп сұрады. Біз бар екендігін айттық. «Бұл жұмыс маған қатты ұнады, әрбір деталына мұқият көңіл бөліп жасаған екенсіңдер. Қаншама жұмыстарды көріп жүрмін, кейбір мүсіндерге көңілім толмайтыны рас. Ал сіздерге көп рахмет, жұмыстарың табысты болсын!» деді. Мемлекет басшысының бұл бағасы біздің шабытымызға қанат бітіргендей болды. Бұйырса алдағы уақытта бұдан да жақсы жұмыстар істеуге тырысамыз.
Әрине, әр тұлғаға арналған ескерткіш сол тұлғаның келбетімен қоса, ішкі жан-дүниесін де ашуы тиіс. Ал ол үшін үлкен ізденіс керек.
Ұлт ұстазына қойылған ескерткішке келер болсақ, мүсін қоладан құйылған, тұғыры гранит тастан жасалған. Биіктігі – 3,5 метр, тұғыры – 1,5 метр, жалпы биіктігі 5 метр болады. Алаш арысы Ахмет атамызды білмейтін кісі жоқ шығар. Ұлт ұстазының бейнесін жасауда ол кісінің мұрағаттардағы суреттерін қарадық, жас кезіндегі, қартайған шағындағы бейнелерін іздедік. Өмір жолы туралы қайталап оқып шықтық. Бұл салада 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұған дейін де көптеген тұлғаның ескерткішін жасауға атсалыстық. Бәрі де жұрттың көңілінен шыққан туындылар.
Мәселен, бұған дейін Алматыда ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіштің бейнесін жасадық. Астана қаласына қойылған Әбу Насыр әл-Фараби, Алматыда Нұртас Оңдасынов, Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштері – біздің туындылар. Жақында Тараз қаласында қойылған Шерхан Мұртаза атамыздың ескерткіші де біздің еңбек. Тұлғаларға арналған туындының сәтті шығуы, оның сыртқы келбеті ғана емес, ішкі жан-дүниесіне терең үңілгендігімізден болар. Өйткені біз өзіміз кірісіп, жасайтын тұлғаның өмірімен толық танысамыз, оқып зерттейміз, суреттерін, бейнематериалдарын ақтарамыз, сол арқылы ескерткішке мінезін, жан-дүниесін сіңіруге тырысамыз.
Айдос БҮРКІТБАЕВ,
мүсінші