АСТАНА. 29 мамыр. Бүгін Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру жөніндегі келісімге қол қойды. Ол 2015 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастайды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС тілшісі хабарлады.
Бұдан былай Ресей, Беларусь және Қазақстан одақ нарығындағы шынайы ниетті бәсекені ынталандырып отыруға ниетті болып отыр. Осымен бір мезгілде тұтынушылар мен одаққа қатысушы елдердің мүдделері барынша тиімді қорғалатын болады. Мұны өз сөзінде Владимир Путин айтты. Ресей Президентінің сөзіне қарағанда, келісімді дайындап, оған қол қою кезінде қатысушы елдер басшыларының ортақ ұмтылысы, тараптардың дайындығы мен ымыраға келе білушілігі арқасында көптеген кедергілерді жеңудің орайы келді. Ал бұл жөніндегі жұмыстар 2014 жылдың 1 маусымында басталған болатын.
«Еуразиялық экономикалық одақ әмбебап мөлдір қағидаттар, жалпыға ортақ түсініктер, соның ішінде Бүкіләлемдік сауда ұйымы талаптары негізінде жұмыс жасайтын болады, - деп мәлімдеді Путин. – Бұл - Ресей, Беларусь және Қазақстан үкіметтерінің тығыз қарым-қатынас жағдайында жұмыс жасауларының нәтижесі».
Ресей лидерінің сөзіне қарағанда, ЕАЭО келісіміне қол қою оған қатысушы елдерді интеграцияның принципті жаңа деңгейіне көтереді. «Біз мемлекеттік егемендікті толық қалпында сақтай отырып, сонымен бірге мейлінше үйлесімді экономикалық ынтымақтастық пен кооперация жасаймыз», - деп атап өтті ол.
Сәкен Майлыбай.
Дереккөз: ИТАР-ТАСС.
Фото: ИТАР-ТАСС/Михаил Метцель.