Саясат • 17 Қараша, 2022

«Жалғызбасты ана баласына алиментті сұрап алмауы керек»: Салтанат Тұрсынбекова толық емес отбасы мәртебесін заңмен бекіткісі келеді

411 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президенттікке кандидат, құқық қорғаушы, қоғам қайраткері Салтанат Тұрсынбекова еліміздегі мыңдаған әйел­дерді алаңдатып отырған – алимент тө­леуден жалтару мәселесін кө­терді.

«Жалғызбасты ана баласына  алиментті сұрап алмауы керек»: Салтанат Тұрсынбекова толық емес отбасы мәртебесін заңмен бекіткісі келеді

Сайлау алдындағы кезеңде жалғыз­басты аналармен кездесіп, олардың сауалдарын тыңдап, баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ата-анаға деген қоғамның көзқарасын түбегейлі өзгерткісі келетінін айтты.

Құқық қорғаушы мемлекет қазір алимент төлемейтін арам пиғылды адам­дармен қалай күресіп жатқанын жеткізді. Ол ең бастысы, толық емес отбасылардың мәртебесін ресми түрде заң­мен бекітіп, жүйені қайта қарау қажет деп санайды. Сонда олар да көп­балалы аналар сияқты, мемлекет тара­пынан жәрдемақы мен басқа да қол­дауларға ие болады. Қазіргі уақытта жал­ғыз басты ата-аналар үшін бөлек санат жоқ.

«Алимент төлемеу – кең таралып жатқан өте өзекті проблема. Жалғыз­басты аналар алиментті сұрап алмауы керек, бұрынғы күйеуі мен бірге тұ­ратын адамдардың артынан жүгір­меуге тиіс. Онсыз да олар балаларын өсіріп, оларға білім, лайықты тәрбие береді. Сол себепті де, әйелдер барлық жауап­кершілік жүгін өз мойындарына ал­мауы қажет», деді Салтанат Тұрсын­бекова.

Құқық қорғаушы ІІМ-ге сілте­ме жасай отырып, статистика көрсеткіш­терімен бөлісті.

«2021 жылы Қазақстан Республи­касы Қылмыстық кодексінің 139-ба­бы бойынша алимент төлемегені үшін 300-ден астам борышкер қыл­мыстық жауапкершілікке тартылды, олардың жартысы нақты жаза мерзімдерін алды», деді ол.

Бұл ретте қарыздың жалпы сомасы жүздеген миллиард теңгені құраса, сот орындаушылар мыңдаған істерді жүргізіп жатыр.

Ақтаудағы кездесулердің біріне балалы келіншек қатысты.

«Екі жыл бұрын мен балама али­мент сұрадым. Әкесі алимент тө­ле­мейді және төлегісі де кел­мей­ді. Құ­қық қорғау органдары одан еш­теңе өндіре алмау үшін өзінің атын­дағы үйді басқаның атына аударып, жұмысын тастап кеткен. Әуелі әке­лігін мойындаған, енді келіп ақылы ДНК сараптамасын сұрайды», деп ша­ғымданды ол құқық қорғаушыға.

Әйел алимент өндірудің қолда­ныс­тағы әдістері тиімсіз деп санайды.

Салтанат Тұрсынбекованың айтуынша, алимент өндірудегі басты мәсе­ле­лердің бірі – борышкердің кі­рісін анықтаудың тиімді әдістерінің жоқтығы. Егер борышкердің жұмысы болмаса және жұмыс іздеуге тырыс­паса, онда алименттік қарыз орташа республикалық жалақыға сүйене отырып айқындалады.

«Сот орындаушылары борыш­кердің мүлкі туралы ақпаратты тек ашық көздерден алады. Мысалы, оның ресми табысының сомасы 50 мың теңге екені көрсетілсе, одан алимент ретінде ірі соманы өндіру мүмкін емес. Сот орындаушысы тарапынан оның қымбат көлікті қайдан алғаны және шетелге қандай ақшаға баратыны туралы түсініктеме беруді талап ету шектен шыққандық деп санайды», деп пікір бөлісті ол.

Салтанат Тұрсынбекова сарапшы­лардың деректеріне сүйене отырып, төрт таңбалы айыппұл салу немесе екі жылға дейін қамауға алу олардың алимент бойынша міндеттемелерін орындауына іс жүзінде ешқандай әсер етпейтінін айтты. Себебі алимент тө­лемейтін азаматқа қатысты қыл­мыстық іс қозғалған кезде ол аз ғана соманы, айталық, бірнеше мың теңге төлеп, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін.

Борышкерге алимент толық төлен­генге дейін елден кетуге уақытша шектеу қою, сондай-ақ лицензиялардан, көлік жүргізу құқығынан айырып, түрлі рұқсаттар мен арнайы құқықтарды беруге және қолдануға уақытша ты­йым салу – елеулі шара болып табылады. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз деп есептейді құқық қорғаушы.

«Алименттерді тұрақты төле­мейтіндерге әсер ету механизмі жет­кілікті тиімді емес екенін мойындау керек. Неге жағдай өзгермейді?», деп атап өтті кандидат.

Айта кетейік, Салтанат Тұрсын­бекова толық емес отбасын қолдау тақырыбын көптен бері көтеріп келеді. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасы аясында толық емес отбасылардың мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекітуді, сондай-ақ отбасының қиын жағдайына байланысты тұрғын үйді әділ таңдау және бөлу механизмін әзірлеуді ұсынады.

Қазір жалғызбасты ананың мәр­тебесі қазақстандық заңнамада бе­кітілмеген, сондықтан арнайы жәр­­­дем­­ақылар мен төлемдер жоқ. Асы­раушысы қайтыс болған жағдайда ата-ананың бірі мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға ие бола алады, бірақ ажырасу болса, онда ешқандай қолдау көрсетілмейді.

Еңбек кодексінде «Бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана» деген ұғым бар. Кодекске сәйкес, штат қыс­қарған кезде мұндай әйелдерді жұ­мыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан шығаруға болмайды. С.Тұрсынбекованың пайымынша, бұл аздық етеді.

«Мен Еңбек министрлігі өкіл­дерінің «ажырасуды көбейтпеу керек, некесіз балалардың тууын ынталандырмау керек» деген пікірлерін оқыдым. Сон­дықтан Қазақстанда «жалғызбасты ана» ұғымы қарас­тырылмайды. Дегенмен, мен бұл пікірмен түбегейлі келіспеймін. Қазақ­станда қазірдің өзінде әрбір үшін­­ші неке бұзылып жатыр. Оның үстіне бұл әлемнің барлық да­мыған елдерінде бар үрдіс. Сіз де мұ­нымен күресе аласыз. Мен үнемі отбасылық құндылықтарды ны­ғайту керек деп айтамын. Бірақ елі­мізде қолдауды қажет ететін жал­ғыз­басты аналардың мүддесі үшін ғана ажырасумен күре­суге бол­­майды», деді ол.

Құқық қорғаушы әкесіз бала тәр­бие­леп отырған әйелдерге арнайы кө­мек көрсетілетін кейбір елдерді мы­салға келтірді.

Францияда арнайы жәрдемақы бар. Балаға алимент төленетіні маңызды емес. Егер әйел жұмыс істейтін болса, ол айына 177,5 еуро көлеміндегі қосымша көмекке сенім арта алады. Егер анасы еш жерде жұмыс істемесе, онда жүктіліктің соңғы айларында ол 400-ден 600 еуроға дейін ала алады. Бала туғаннан кейін және ол үш жасқа толғанға дейін ай сайын 600-ден 800 еуроға дейін төленеді.

Америка Құрама Штаттарында жалғызбасты аналарға арнайы сома түріндегі жәрдемақы жоқ. Дегенмен жал­ғызбасты аналарға көптеген жәр­демақы, азық-түлік талоны және белгілі бір қызмет үшін шағын ақшалай төлемі бар карта беріледі. Көмек грант түрінде көрсетіледі.

«Жалғызбасты аналарды қолдау – дамыған елдерде қалыпты тәжі­рибе. Қоғамның бұл бөлігін назардан тыс қалдыруға болмайды, бұл мәселе жылдан-жылға күрделеніп барады. Біз оған жай ғана көзімізді жұмып, мәселе өздігінен шешіледі деп үміттене алмаймыз. Жолдарда ілінген балаларға алимент төлеу қажеттігі туралы жарнама баннерлерінің барлығы жұмыс істемейді. Жүйені түбегейлі өзгерту маңызды, ал жалғыз өзі бірнеше ба­­­ланы тәрбиелеп отыр­ған әйелге деген көзқарасты да өзгер­ту керек. Жал­­­ғызбасты аналарды жоғары дең­гейде – мемлекеттік дең­гейде қолдауды қолға алсақ, түсінік те өзгереді», деді Салтанат Тұрсынбекова.

 

Қазақстан Республикасының  Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекованың сайлау қорынан төленді