Саясат • 17 Қараша, 2022

«Олигархатпен күрес, саяси реформа»: Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды науқаны қалай өтіп жатыр?

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент сайлауына оппозициядан түсіп жатқан жалғыз кандидат – Нұрлан Әуес­баевтың сайлауалды бағдарламасын түсіндіру мақ­сатындағы үгіт-насихат жұ­мыстары Қазақ­стан­ның барлық өңірінде қызу жүргізілу үстінде.

«Олигархатпен күрес, саяси реформа»: Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды науқаны қалай өтіп жатыр?

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия­сының төрағасы Асхат Рахимжановтың айтуынша, сайлауалды науқан аясында 60-қа жуық іс-шара өткізу көзделген. Бүгінде ЖСДП-дан үміткер еліміздің бірқатар өңірінде сайлаушылармен – еңбек ұжымдары, ауыл тұрғындары, ШОБ өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, студенттер және халықтың басқа да топтарымен кездесулер өткізуде.

«Үгіт насихат жұмысы басталған уақыттан бері сайлауалды штаб бірқатар іс-шара өткізіп, бірқатар өңірге сапармен барды. Атап айтқанда, Нұрлан Әуесбаев Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында кездесулер өткізді. Одан бөлек, бірқатар ауылдық елді мекендердің тұр­ғын­­дарымен жүздесті», деп хабарлады Асхат Рахимжанов.

Бұған қоса, ол аймақтық сайлауалды штабтар Қазақстан бойынша 30-дан астам үгіт-насихат шарасын өткізгенін атап өтті.

Атап айтқанда, 5 қарашада ЖСДП-дан кандидат Республикалық сайлауалды штабтың ұйымдастыруымен өткен тығыз құрылысқа қарсы бейбіт митингіге қатысты. Аталған тақырып ірі қалалардың тұрғындарын алаңдататын өзекті мәселенің бірі екенін атап өткен жөн. Нұрлан Әуесбаев сайлауалды бағдарламасында құрылыс мәселесіне баса назар аударып отыр. Атап айт­қанда, ол тұрғын үй бағдарламаларын толықтай қайта қарастырмақ. Оның пікірінше, қазіргі кезде бағдарламалар құрылыс салушылардың мүддесіне әрі қалтасына жұмыс істеуде. Бұл жағдай тұрғын үйдің қымбаттауы мен әр бос телімге үй салу ниетіне әкеп соқтырып жатыр. Сондықтан ЖСДП үміт­кері қолжетімді ипотекаларды субсидиялауды жал­ғастырып, бөлінетін бюджетті жергілікті мәслихаттың қадағалауымен жұмсауды жоспарлап отыр.

Митингіге қатысқан белсенділер мен партия­лықтар резолюция қабылдады, онда ЖСДП тұрғын үй кешендерімен қатар, балабақша, мектеп, аурухана, саябақ құрылысын міндеттейтіні атап өтілген.

Еске сала кетейік, Н.Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында халықтың әлеуметтік әлеуетін көтерумен қатар, елде саяси реформа жүргізу, оның ішінде олигархат пен жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.

Кандидат егжей-тегжей тергеу жүргізіп, ұрланған және оффшорларға шығарылғанның бәрін, сондай-ақ жекеменшікке өтіп кеткен компанияларды мемлекетке қайтарып, Қазақстанда олигархиялық капитализмнің орнына халықтық экономика орнату керек деп есептейді.

Сонымен қатар парақорларға жазаны максималды түрде қатаңдатып, олардың түрмеден мерзімінен бұрын босауына тосқауыл қойып, жем­қорлықпен күресті күшейту керек деген пікірде.

Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, Қазақстан сая­си реформа жасап, халықтық экономиканы орнату арқылы мемлекеттің экономикалық гүлденуіне жағдай жасай алады.

Қазақстан Республикасының Президент­тігінен үміткер Н.С.Әуесбаевтың сайлауалды штабы әзірледі. Тапсырыс беруші: Н.С.Әуесбаев. Қазақ­стан Республикасының Президенттігінен үміткер Н.С.Әуесбаевтың сайлау қорының қар­жысынан төленді