Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазір әлемде орын алып жатқан геосаяси шиеленістердің, аймақтық қақтығыстардың салқыны Қазақстанға да тиіп жатыр. Сондықтан дәл осындай сәтте біз айтқан елдің бірлігіне, халықтың ауызбіршілігіне ерекше көңіл бөлуге тура келіп тұр. Меніңше, бірлік тек рухани құндылықтарда. Соның ішінде тіл мен дәстүр, дін бірлігі маңызды.
Философияда әртүрлі бірлік туралы айтылады. Мәселен, Қазақстандағы бірліктің астарында ұлттар арасындағы татулық, азаматтық бірегейлік жатыр. Ал саяси бірліктің символы – мемлекет, Мемлекеттік Ту, Гимн, Елтаңба.
Ғылымға жүгінсек, бірліктің екі деңгейі бар. Соның бірі – ішкі деңгей – ментальдық бірлік. Бұл салтқа, дәстүрге, өнерге, білімге, парасаттылыққа, адамгершілікке, жалпы рухани дүниеге деген бірлік. Егер ментальдық бірлік болмаса, басқа бірлік туралы айтудың өзі далбаса. Біз үшін маңыздысы дәл осы дүниетанымдық бірлік. Оның өзегі – тіл мен дін, діл мен дәстүр.
Мәдениеттер ағымындағы Қазақстанның рухани дүниесіне үңілсек, біздің дүниетанымға, сана-сезімге келмейтін құндылықтар да насихатталып жатыр. Ашық қоғамда өмір сүріп жатқан соң, бұлай болуы заңдылық. Сондықтан ұлттың идеологиясы болуы керек. Ол ұлттың, мемлекеттің, қоғамның, руханияттың мүддесін қорғауға бағытталуға тиіс.
Ментальдық бірліктің перефериялық шеңбері бар. Мысалы, жеріміз біртұтас деп айтамыз. Демек, жерге деген көзқараста да бірлік болуы керек.
Сондай-ақ моральдық-этникалық ұстанымдарға да бірлік қажет. Яғни ұлттың ғасырлар бойы қалыптастырған құндылықтар жүйесі бар. Біз осы құндылықтар жүйесінің арқасында ел болып отырмыз.
Қазаққа қызмет етудің өркениеттік үлгісін жасап кеткен ұлы бабаларымыздың істері мен ерлігі бүгінгі рухани жаңғыруымыздың шынайы негізі болуы керек. Қазаққа қызмет етудің өркениеттік үлгісіне деген бірлікті қалыптастыру қажет.
Қай жерде жасандылық болса, сол жерде дағдарыс, мағынасыз тіршілік бар. Сол жерде арын сатып, алға жылжуға, әділетсіздік пен заңсыздыққа жол беріледі. Бұлардың бәрі бірлікке жасалып жатқан кедергілер.
Рухани жауапкершілік болмаған жерде бірлік болмайды. Рухани жауапкершілік болған жерде ғана кемел халық болады. Кемел халық ең алдымен, рухани дүниені басшылыққа алуы керек.
Біз сырттан келіп жатқан құндылықтардың бәрін өз қазанымызда қайнатып, өз қажеттілігіміз бен дамуымыздың маңызды тетіктеріне айналдыруымыз керек. Сонда ғана біз рухани бірлікке жаңаша сипат беріп, өркениет көшіне ілесеміз.
Қазаққа тән ашықтық дегеніміз – бауырмалдық. Қазір Ресейден ағылып келіп жатқан орыс халқының өзіне бауырмалдық танытып отырмыз. Бұл ненің белгісі? Бұл қазақ қоғамының жасампаздығын, рухани жағынан өскендігін көрсетеді. Бұл құлдық психология емес. Бұған өркениеттіліктің белгісі деп қарауымыз керек. Олар осы тұрғыдан алғанда бізден үлгі алуға тиіс. Демек, адамгершілікті, парасаттылықты, ар мен ұятты ту ету – бірліктің жемісі.
Төлеуғали БӨРІБАЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор