Балалар болашағымыз десек, бүгінде елімізде оларға жасалып жатқан игі шаралар да жетерлік. Олардың қатарында ертеңгі ел иелері балғындарға арналған ана тілінде фильмдер ұсыну да бар. Астанадағы «Керуен» ойын-сауық кешенінде «Болашақ» қауымдастығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен голливудтық «Малефисента» фильмінің қазақша нұсқасының алдын ала көрсетілімін өткізді. Шараның ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек пен аталған туындының бас кейіпкері Малефисентаның дауысын қазақшалаған Гүлназ Әуесбаева келіп, жиылған жұртты құттықтап, фильмге сәттілік тіледі. Фильм дубляжын жасауға бас демеушілікті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жасапты.
«Болашақ» қауымдастығы төрт жылдан астам уақыттан бері осындай жобаларды бастады. Осы уақыттар ішінде сегіз жоба өмірге келді. Қауымдастықтың негізгі мақсаты озық технологиялар арқылы голливудтық фильмдерді қазақ тіліне аудару. Дәстүрімізді, мәдениетімізді, тілімізді жаңа халықаралық стандарттарға сәйкес халыққа, балаларға жеткізу. «Нұр Отан» партиясы биылғы жылдан бастап Елбасы саясатын жүзеге асыру барысында осы фильмдерді аймақтарда жастарымыз, балаларымыз бен ата-аналар, мұғалімдер көрсін деген ниетпен осындай игілікті істі атқарып отырмыз», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, Гүлназ Әуесбаева: «Мен үшін Анджелина Джоли кейіпкері Малефисентаны дыбыстау – зор жетістік. Дыбыстау актер үшін бұл жаңа толық құнды рөл тәріздес. Өзім «Болашақ» қауымдастығы және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен қазақстандықтардың белгілі голливудтық блогбастерді мемлекеттік тілде көру мүмкіндігіне ие болғанына шексіз ризамын. Фильм баршаңызға ұнайды деген үміттемін», – деді.
Мультимедиялық технологияларды пайдалану – тілдерді үйренудің тиімді тәсілі. Өзге тілдерден дубляж жасау қазақ тілін танымал етудің ықпалды құралы болып саналады. «Болашақ» қауымдастығы біраздан бері отбасылық көрсетілімге арналған голливудтық туындыларды дубляж арқылы таныстыру жобасын іске асыруда. Қазақ тілі ағылшын, француз, неміс, испан, португалия, орыс және өзге де тілдермен қатар, «Малефисента» фильмінің кейіпкерлері сөйлеген әлемдегі он тоғызыншы тілге айналды. Алда айтқанымыздай басты кейіпкерлерді дыбыстауға Гүлназ Әуесбаева, Гүлнар Құрманбекова (ханшайым Аврора), Азамат Қанапия (патша Стефан) сынды жалпы саны жиырмаға жуық актерлер қатысқан.
Ұйқыдағы ару туралы ертегіні жаңаша түсіндіруде басты рөлді танымал голливудтық актриса, «Оскар» сыйлығының иегері Анджелина Джоли сомдаған. Сондай-ақ, Уилл Смит, Джонни Депп және Томми Ли Джонс секілді актерлер алғаш рет қазақ тілінде сөйледі. 3D графикасының негізінде толық қалпына келтірілген ойдан шығарылған ертегі әлемнің әсері «Аватар», «Алиса ғажайыптар әлемінде» кинокартиналарын жасауға қатысқан шығармашылық топ жұмысының нәтижесі. Фильм ағылшынның белгілі Pinewood Studio студиясында түсірілген. Декорациялар, оның ішінде ескі қорған жаңадан жасалып, ішкі көрінісіне негізінен сирек кездесетін заттар пайдаланылған. «Малефисента» фильмі «Оскар» сыйлығын екі мәрте иеленген қоюшы-суретші Роберт Стромбергтің режиссерлік дебютіне айналған. Әлемдік сахнаға жол тартқан аталмыш фильмге 200 миллион АҚШ доллары жұмсалыпты.
Астанадағы алдын ала көрсетілім залдағы балалар назарын өзіне ерекше аударып, жалпы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл туындының тұсаукесері кеше, яғни, 29 мамырда еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».