Сұхбат • 17 Қараша, 2022

Қазақстан-Қырғызстан: Қарым-қатынастың жауапты кезеңі

1599 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Қазақ, қырғыз – бір туған». Екі ел арасындағы ынты­мақтастықтың тамыры тереңге кеткені белгілі. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыс нығайып келеді. Екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілген. Мәңгілік достық және одақтастық туралы шарт қабылданды. Осы орайда екі елдің байланысы жөнінде тереңірек білмек үшін Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен әңгімелескен едік.

Қазақстан-Қырғызстан: Қарым-қатынастың жауапты кезеңі

– Құрметті министр мыр­за! «Egemen Qazaqstan» газе­тіне сұхбат беруге келіс­кеніңіз үшін алғыс айтамыз. Ең әуелі екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынастан бас­тасақ. Биыл дипломатиялық бай­ланыс орнағанына 30 жыл толып отыр. Қазіргі таңда Қазақ­стан-Қырғызстан қаты­насы қай деңгейде дамып отыр?

– Биылғы қазанда мемле­кет­аралық қарым-қатынасымызға 30 жыл толды. Қырғыз-қазақ қарым-қатынасында жоғары басшы­лықтың байланыстары ерекше рөл атқарады. Бүгінгі таңда мемлекеттер басшыларының арасында белсенді саяси диалог орнаған. Қырғыз-қазақ ынтымақтастығына Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың өткен жылғы Қазақстанға мемлекеттік сапары және Қазақстан басшысының мамыр айында қырғыз-қазақ әріптестігін тереңдетуге зор үлес қосқан Бішкекке ресми сапары оң серпін берді. Мамырдағы кездесуде Қырғызстан мен Қазақстан президенттері екі елдің соңғы отыз жылдағы өзара іс-қимылын жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарларын белгіледі.

Осы жылдар аралығында мем­лекеттеріміз арасында шарт­тық-құқықтық база қалып­тасты, 267-ден астам мемле­кет­аралық, үкіметаралық және ведом­ствоаралық екіжақты құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Мәң­гілік достық туралы шарт пен одақ­тастық қатынастар туралы шарт іргетас саналады. Қыр­ғыз­стан мен Қазақстан арасын­дағы стратегиялық және одақ­тас­тық әріптестік Жоғары мем­лекетаралық кеңес, Парламент­аралық кеңес, Үкіметаралық кеңес және Сыртқы істер министр­лері кеңесі секілді екіжақты орган­дардың қалыптасуына жағдай жасады. Бұл келіссөз алаң­дарында әскери-саяси, сауда-эко­но­микалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер бо­йынша қырғыз-қазақ ынты­мақ­тастығын ұзақмерзімді және тұрақ­ты дамытудың ортақ страте­гиялық мақсаттары, тұжырым­дамалық тәсілдері мен бағыттары талқыланады. Дипломатиялық бай­ланыс орнағалы бері тату көршілік пен достық қарым-қаты­настың берік іргетасы қаланғанын атап өткім келеді. Жыл са­йын өзара сауда мен инвестиция көлемінің артуы, іскерлік, ғылыми және мәдени байланыстардың жандануы байқалады.

– Биыл мемлекет басшы­лары­ның кездесуі өткені, Қазақ­стан Президенті Қырғызстанға барғаны белгілі. Бұл кездесуде көптеген келісімге қол жеткізілді. Сапар барысында қол қойылған келісімдердің орындалуы қалай жүріп жатыр?

– Бұл сапарда халық­тары­мыздың түпкі мүдделеріне жауап беретін қарым-қатынасты нығайтуға және одан әрі дамытуға бағытталған бүкіл салада келісімдерге қол жеткізілді. Екі елдің тиісті мемлекеттік органдары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, осы келі­сімдерді жүзеге асыру тетіктерін пысықтауға кіріскен. Үкі­мет құрылымдары бірқатар екі­жақты келіссөз жүргізді. Солардың қатарында сауданы әр­тараптандыру, Қырғыз-Қазақстан мемлекеттік шекарасы арқылы жүктерді тасымалдау және транзиттеу, өнеркәсіптік сауда-логис­тика кешені, Қамбар-ата ГЭС-1 құрылысы секілді мәселелер қаралады.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары логистика, өнер­­кәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік салаларында бірлескен кәсіпорындар мен жобалар құру арқылы өзара сауда деңгейін 2 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өзара тауар айналымы 568 миллион долларды құраса, былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда өсу қарқыны 24 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш үлкен болмаса да, түпкі мақсатқа жетудегі табандылығымызды көрсетеді. Сауда қатынасын ретке келтіруде біраз күш салу қажет.

Індетке байланысты шешімін таппаған кейбір мәселелер қа­зір­дің өзінде жүзеге асырылды. Қыр­ғыз-қазақ шекарасындағы жерүсті өткізу бекеттері, екіжақты жолау­шылар көлігі, соның ішінде әуе, теміржол және автомобиль көлігі толық жұмыс істей бастады.

– Мемлекеттер басшы­лары­ның кездесуінде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бірін­ші аймақаралық ынтымақ­тастық форумы талқыланғаны бел­гілі. Осы бағыттағы жұмыс­тарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Аймақаралық ынты­мақ­тастық – Қырғызстан мен Қа­зақ­стан арасындағы екіжақты қаты­нас­тардың ажырамас бөлігі. Ол қырғыз-қазақ ынтымақтастығын дамы­туда маңызды рөл атқарады. Осыны негізге ала оты­рып, прези­денттеріміз ынты­мақ­тастықтың осы саласына жіті назар аударып, оның іске асырылмаған әлеуе­тін, ең алдымен, сауда-эко­­но­­микалық және мәдени-гума­ни­­тарлық байланыстардағы мүмкін­­діктерін атап көрсетті. Осы тұр­ғыда өңіраралық форум прези­­дент­теріміздің тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткі­зу жөніндегі тапсырмаларын орын­дауға ықпал етеді.

Мамырдағы кездесуде мем­ле­кеттер басшылары екі елдің алты өңірі арасындағы ынты­мақ­тастық туралы тиісті құжат­тарға қол қойылғанын құптап, бірінші қырғыз-қазақ өңір­ара­лық форумын өткізу жоспарын қолдады. Қазіргі уақытта екі елдің тиісті мемлекеттік органдары мемлекеттер басшылары арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында аталған іс-шараның мазмұнын пысықтап, оны өткізу мерзімін келісіп жатыр. Өңіраралық ынтымақтастық форумы екі елдің облыстары мен қалалары арасындағы байланысты кеңейту және іскер топтар, іскер қауымдастықтар мен кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін маңызды алаңға айналатынына сенімдімін.

– Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы, жалпы Орталық Азиядағы өзекті мәселелердің бірі – су, яғни трансшекаралық өзендер. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанға құятын өзендердің бір бөлігі Қырғызстаннан бастау алады. Су мәселесін шешудегі жұмыстар туралы айта кетсеңіз?

– Бүгінде Орталық Азия өңірі түрлі себептерге байланыс­ты су ресурстарының тапшылығын сезініп отыр. Өңірдегі елдер кли­маттың өзгеруі, энергетикалық, әлеуметтік-экономикалық, эко­ло­гиялық және басқа факторлардың әсерін ескере отырып, су-энергетика мәселелеріне кешенді көзқарастың болмауы тұрақты дамуға кедергі келтіруі мүмкін екенін түсіну керек. Сондықтан Қырғызстан аймақтағы су ресурстарын кешенді пайдалануда Орталық Азияның барлық мемлекетінің оңтайлы дамуына бағытталған шаралар жүйесін анықтауды қолдайды.

Осындай өзара іс-қимылдың мысалы ретінде Қырғызстан мен Қазақстанның Шу және Талас өзендері бойынша ын­ты­мақтастығы тәжірибесін келтіре аламын. Онда Қазақстан тарапы мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын ұстауға жұмсалған шығындарды өтеуге үлес қо­сады. Сондай-ақ алынған су көлеміне пропорционалды түрде келісілген іс-шараларды жүзеге асырады. Бұл тараптардың іс-әрекеттерін үйлестіру су жөніндегі үкіметаралық комиссия деңгейінде орындалады.

Бұл өзара тиімді ынтымақ­тастық тәжірибесін өңірдің су ресурстарын өзара тиімділікке қол жеткізу мақсатында пайдалану үшін облыстың басқа өзен бассейндерінде қолдана ала­мыз. Біз сондай-ақ Қазақ­станның Қырғызстандағы гидро­энергетикалық жобаларға инвес­тиция құюын құптаймыз. Бұл су-энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі да­мытуға және нығайтуға күшті серпін береді. Қырғызстан өз тарапынан аймақ мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, су-энергетика мәселелерінің барлық кешені бойынша жан-жақты және сындарлы диалогке әрқашан ашық.

– Су тақырыбынан ауыт­қымайық. Қазір жаһандық жы­лынудың салдарынан жер бетіндегі мұздақтар орасан зор қарқынмен еріп жатқаны белгілі. Осы орайда Қырғызстан елдегі мұздақтардың жойы­луын болдырмау үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?

– Қырғызстан аумағының 90 пайыздан астамын халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін суға, азық-түлікке, энергетикалық және басқа да ресурстарға бай таулар алып жатыр. Биік қы­рат­тардан бастау алатын өзен­дер Орталық Азиядағы су ресурс­тарының 40 пайызын құрай­ды. Қырғызстанның таулы эко­жүйелері климаттық өзгеріс­терден зардап шегіп отыр. Орта­лық Азияда соның салдарынан өңір­дегі бүкіл мұздақтың төрт­тен біріне жуығы еріп кеткен. Қырғызстандағы жаһан­дық жылынудың теріс әсеріне 2022 жылғы шілдеде британ­дық
ту­ристердің көзінше Ыстық­көл­ шатқалында үлкен мұздың опырылуы мысал бола алады.

Ғасырлар бойы қалыптасқан мұздақтар мен қарлы алқаптардың еруі, олардың қалпына келу әлеуетінің төмендеуі және соның салдарынан Қырғызстандағы су ресурстарының азаюы елімізге ғана емес, бүкіл Орталық Азияға да тигізер әсері ауқымды болмақ. Экологиялық, азық-түлік, энергетикалық, әлеуметтік-экономикалық даму салаларына зардабын тигізеді. Жыл са­йын тұрғындар мен экономикаға айтарлықтай зиян келтіретін сел тасқындарының көбеюі де мұздақтардың қарқынды еруінің салдары. Уран қалдықтарын көму орындарындағы сел тасқыны республикалық және аймақтық ауқымда экологиялық апат қаупін арттырады. Сондықтан тәуел­сіздік алғалы бері мұздақтар мен биоәртүрлілікті сақтау, таулардың тұрақты дамуы және тау эко­жүйелерін қорғаумен тығыз байланысты әртүрлі экологиялық бастамаларды белсенді түрде ілгерілетіп келеміз.

– Қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас қандай деңгейде? Болашақта тауар айналымын қаншалықты арттыра аламыз?

– Өткен жылы Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 35 пайызға өсіп, бір млрд доллардан асты. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өзара сауданың өсімі 24 пайызды құрады. Енді бұл көрсеткішті екі миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Келешекте мемлекеттер басшыларының бұл тапсырмасын орындаймыз деп ойлаймын. Бұған мүмкіндіктер бар. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары сауда, гидроэнергетика, туризм, тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту, қолданыстағы транзиттік және көлік коммуникацияларын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын қамтиды.

Өзара тауар айналымының өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – қырғыз-қазақ шекарасында өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешеннің қалыптасуы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары барысында тиісті меморандумға қол қойылды. Оның негізінде киім-кешек, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

– Сіз бірнеше жыл Қазақ­станда елші болдыңыз. Екі ел арасындағы мәдени байланыс­тар туралы бірер сөз айтып өт­сеңіз.

– Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз өте жо­ғары деңгейде. Екі елдің зиялы қауымы мен жұртшылығының қатысуымен түрлі концерт, поэ­зия кеші, көрме, дөңгелек үстел, семинар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Олар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Бұл ретте екі елдің ғалымдары мен саясаткерлерінің кездесулері Бішкек пен Астанада мезгіл-мезгіл өтіп тұрады. Мәселен, өткен жылы Қырғызстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтіп, оның ашылу салтанатына Қырғызстан Президенті С.Жа­па­ров қатысты.

Биылғы мамыр айында Біш­кек қаласында Қырғызстан мен Қазақстан басшыларының қаты­суымен Абай Құнанбайұлы ескерт­кіші мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өткен жылы қазақ жазушысы Баянғали Әлім­жановтың қазақ тіліндегі «Манас», «Семетей», «Сейтек» кітап­тарының тұсауын кесті. 2020 жылы «Манас» эпопея­сын «Манас – Қыр­ғыз халқының эпосы» атты кітап ретінде қазақ тілінде басып шығарды. Осылайша, 60 жылдан кейін жарық көрген екінші басылым атанды.

«Манас» эпосын дамыту мен насихаттауға қосқан орасан зор үлесі үшін қазақ ақыны Баянғали Әлімжанов «Достық» орденімен марапатталды. Жоғары марапатты С.Жапаров 2021 жылдың наурыз айында Астанаға мемлекеттік сапары кезінде өзі тапсырды. Биыл біз Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерін абыроймен өткіздік. Сондай-ақ алдағы уақытта Астанада қырғыз эпо­сының қаһарманы Манас пен қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовқа ескерткіш орнатуды жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда, елдеріміздің мә­дени-гуманитарлық сала­дағы қарым-қатынасы жан-жақтылығымен ерекшеленеді.

– Кейінгі жылдары түркі әлемі арасындағы қарым-қа­ты­нас жаңа деңгейге көтеріл­ді. Түркі мемлекеттері ұйы­мы құрылды. Осы орайда түр­кі­тілдес елдердің ынтымақ­тас­тығын қалай бағалайсыз?

– Біз түркітілдес елдер ара­сындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Өйткені түркі халықтарын ортақ тарих, мәдениет және тіл біріктіреді. Ұйым құрылған сәттен бастап Түр­кі­тілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастығын кеңейту және дамыту бойынша елеулі, жемісті жұ­мыстар атқарылды. Бүгінге дейін тоғыз саммит өтті. Онда өзара қызығушылық тудыратын барлық саладағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды.

Мәселен, «Түркі әлемінің көзқарасы-2040» бағдарламасын қабылдауымыз – үлкен белес, Түркі ынтымақтастығының жа­ңа парағы. Құжатта саяси, экономикалық және әлеу­мет­тік-мәдени интеграция жө­ніндегі іс-шараларды қамтитын ұзақ­мерзімді перспективалар бел­гі­ленген. Құжатты кезең-кезеңімен жүзеге асыру мақсатында қазір­гі уақытта тараптар «2022-2026 жылдарға арналған Түркі мем­лекеттері ұйымы стратегиясы» жобасын келісіп жатыр. Құжат ұйымның одан әрі дамуына жол ашады. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, түркі бауырларымызбен ортақ құндылықтар негізінде жемісті жұмыс істеуге дайынбыз. Бүкіл қиындықты жеңіп, жақсы әлем құруға үлес қосамыз деп сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»