Аймақтар • 18 Қараша, 2022

Ертістің үстінен жаңа көпір салынады

376 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертіс өзенінің үстінен құны 40,3 млрд теңге тұратын жаңа автокөлік көпірі салынады. Облыс орталығының батыс бөлігінен шығып, елордаға бағыт алатын республикалық жолдың бір бөлігі саналатын ескі көпір бүгінде әбден қаусап тұрғаны мәлім. Жаңа стратегиялық нысанға республикалық бюджеттен қаржы бөлінетіні туралы ақжолтай хабар керекуліктерді айрықша қуантып отыр.

Ертістің үстінен жаңа көпір салынады

Ертіс – еліміздегі ең ұзын өзен. Пав­лодар қаласын өзге өңірлермен байланыстыруға арналған екі бірдей авто­мобиль көпірі аталған су айдынының үстінен өтеді. Оның алғашқысы 1962 жылы салынған, әлі күнге қолданыста. Ал екіншісі «Астана – Өскемен» автожол құрылысы аясында 2016 жылы жаңадан тұрғызылды. Алғашқы көпір бүгінде әбден тозып, шықпа жаным, шықпаның күйін кешіп тұрғаны рас. Одан тек жеңіл көліктер мен қала маңына қатынайтын жолаушылар автобустары ғана жүреді. Үлкен жүк көліктерінің барлығы облыс орталығына кіріп-шығу үшін жаңа көпірді пайдаланады.

Биыл қазан айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Керекуге келгенде жұртшылықты жылдар бойы алаңдатқан бұл мәселеге нүкте қойылатынын айтқан еді.

– Павлодардың орасан зор тран­зит­тік әлеуеті бар. Бірақ Ертіс­тен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүм­кін­дік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтетін жаңа көпір салу жос­парланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет, – деген еді Президент.

Президент жүктеген тапсыр­маның нәтижесі көп күттірген жоқ. Осыдан бірер күн бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі жаңа көпірдің құры­лысы келесі жылы басталады деп сүйіншіледі. Жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, төрт жолақтан тұратын жаңа стратегиялық нысан ескі кө­пірдің жанынан салынатыны бел­гілі болды. Оның құрылысына ел бюджетінен 40,3 млрд теңге бөлінбек. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталып, шамамен 3,5-4 жылға жалғасады.

Атап өтерлігі, былтыр «Қаз­АвтоЖол» АҚ-ның өңірдегі фи­лиа­лының басшылығы облыс орта­лығында жаңа көпір құрылысы қолға алына қалса, біздің жобамыз дайын деп мәлімдеген-тұғын. Анықтап білгеніміздей, нысан сол жобаның негізінде тұрғызылатын болып шықты.

– Жаңа көпір ескісінің дәл жа­­нынан, ағыс­тың төменгі ­тұ­­сы­­нан салынатын болып шешім қа­былданды. Көпірдің ұзын­дығы 691 метрді құраса, оған қатысты барлық жолдың ұзын­дығы 2,7 километрге жетеді. Норматив бо­йынша жаңа көпірдің құрылысы 25 айда салынуы керек. Одан соң ескі көпір бұзылып, бөлшектеліп алынады. Оған шамамен қосымша 14 ай жұмсалады деп отырмыз. Сонда жоба барлығы 39 ай ішінде еңсерілуге тиіс. «ҚазАвтоЖол» АҚ негізгі тапсырыс беруші ретін­де таңдалды. Сондықтан негізгі жа­уап­кершілік те бізге түсіп тұр. Қаражат нақты бөлінгені белгілі болса, біз конкурс жариялау жұ­­мыстарын бастап кетеміз, – дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненко.

Құрылысы жағынан көпір Аме­ри­каның ірі қалаларында жиі салынатын экстрадоз типіндегі аспалы нысан ретінде тұрғызылмақ. Құрылысты 4 үлкен тірек ұстап тұрады. Мұндай конструкция өзі­нің беріктігін дәлелдеген. Әрі жа­салған жоба да мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті.

Алексей Александровичтің сө­зі­не қарағанда, көпір орнын да­йындау барысында Ертіс өзенінің оң жақ жағалауында шамамен 3,5 мыңдай ағаш оталады. Оның орнына кейін 35 мыңға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған. Егер қаражат уақтылы бөлініп, құрылыс жұмыстары көзделген мерзімде бас­талып кетсе, жер­лестеріміз жаңа көпір бойымен 2025 жылы жүре бас­тауы ғажап емес.

Айтпақшы, А.Логвиненко Пав­лодарда «Шығыс айналма жолы» жобасы да дайын тұрғанын айтып өтті. Транзиттік көліктердің қаланы шығыс жағынан айналып, өзге бағыттарға өтуіне мүмкіндік жасайтын жол тармағы шамамен 33 шақырымды құрайды. Алғашқы құны 22 млрд теңгені құраған жобада айналма жолдар, жол бойы сервисі, үлкен жүк көліктеріне арналған тұрақтар, басқа да қажеттілік толығымен қарастырылған. Шығыс айналма жолы жүзеге асса, облыс орталығы айналасындағы айналма жолдар шеңбері толық түзілмек. Жоба әзірше қаржыландыруды күтіп тұр.

ипм

 

ПАВЛОДАР