Пікір • 18 Қараша, 2022

Қоғамдық сана өзгерді

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда билік басында болған тұлғалардың Алматыға деген ерекше ықыласына тән­тімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға әрбір сапарынан сондай бір жылылық байқаймын. Алматыға деген жып-жылы ықылас билік басында болған азаматтар үшін дәстүр сабақтастығы ретінде қалыптасып қалғаны жанымды жадыратады.

Қоғамдық сана өзгерді

Кешегі өткен Димекең – Дін­мұхамед Қонаев ағамыз Алма­тыны өмірінің бір бөлшегі ретінде қабылдап өткеніне біз куәміз. Алматының Қазақстан үшін, қазақтар үшін орны бөлек. Қазақ­стан тарихында орны бар саяси оқи­ға­лардың бәріне Алматы куә болды.

Президент Қ.Тоқаев Алматы сапары кезінде қаңтар оқиғаларына айрықша тоқталды, еліміз үшін сынақ болғанын айтты. Елдік тұтастығымызға сыртқы күштердің әр алуан жолмен араласып, экономикалық топтар мен діни ағымдардың «шайқасы» тұтастығымызға сызат түсіре жаздады. Мұндай оқиғаның енді қайталанбайтынына сенім білдір­ген Мемлекет басшысы «Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жат­қаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен, дәл сол сәтте абды­рап, уақыт ұттыруға еш қақы­мыз болған жоқ» деп жүрек түк­пірінде қордаланып қалған сырын алматылықтармен бө­лісті.

Қала экономикасын әртарап­тандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет екенін, Алматының еліміздің эко­но­микалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы болып қала беретіні Мемлекет басшы­сының назарынан тыс қалма­ды. Алматы тұрғындарының көп­шілігі, әсіресе жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керектігі де айтылды.

Мемлекет басшысының бизнес, қаржы орталығында өмір сүретін алма­тылықтарды орташа табыс тұзағында деп сипаттауы өзге басшыларға ой салса деймін. Қазақтың бір азаматы ретінде айтарым, облысты неме­се аудандарды басқарып отыр­ған әкімдердің қызметінің көрсет­кішін тұрғындарының орташа табысы, жұмысқа орналасу көрсет­кішімен бағалау жүйесі енгізіл­генде ғана қазақ­стандықтар орташа табыс тұзағынан құтыла алады.

Қала халқының мәдени мен­та­литетін қалыптастыру дамудың маңызды көрсеткіші екенін, БАҚ руханияттың барометрі болып танылған мәдениет тақырыбына басымдық беруі керек дегенді талайдан бері айтып келемін. Ел басына ауыртпалық түскен қиын-қыстау кезеңдер орнаса да, жалпақ жұрттың да, мемле­кет басшыларының жанынан ұлт­тың зиялысы табылады. Халық­тың ортасынан сайдың тасындай іріктеліп шыққан азаматтар саяси шешім қабылдар кезде зиялы­сының алдынан өтіп, батасын алады.

Мемлекет басшысы Алма­тының еліміздің іскерлік, рухани, ғылыми және туристік орталығы екенін, қаланың дамуына, оның тіршілікке қолайлы, жайлы болуына айрықша мән беретінін айтты. Сондай-ақ Президент не­гізгі мәдениет ошақтары қала­ның «тарихи орталығында» шоғыр­ланып қалғанына назар аударды, әкімдіктер қаланың жаңа аудандарында заманауи мәдени орта қалыптастыруы керектігін тапсырды.

Қазақстанда президенттік институт­тың қалыптасқаны көз алды­мызда өтті. Биліктің же­ке адамның немесе жекелеген топтар­дың қолына шоғырлануы дамуға кедергі болғаны, айналып келгенде жеке басқа табыну­шы­лықтың әсерінің қандай болға­нын бәріміз көріп отырмыз. Мем­лекет басшысының «Менің түсіні­гімде, Президент – жалдамалы ме­неджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасай­ды» деген бірауыз сөзі алдағы уа­қытта мемлекетті басқару инс­ти­туттарының мүлдем басқа ба­ғытпен дамитынын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бұл қыз­метті атқарған және атқара­тын әрбір адам ең қатал үш соттың – халық, тарих және өз ар-ұжданының алдында жауап береді» деген пікірі біраз адамға ой салатын шығар деп үміттенемін.

 

Асанәлі ӘШІМОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Алматы