Театр • 18 Қараша, 2022

Сахнада – қанатқақты туындылар

539 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Театр адамды ойландыруымен құн­ды. Бұл жерде жұмыр басты пен­де­лердің тағдыр тартысы, ішкі рухани толқынысы көрініс табады. Биыл Жүсіпбек Аймауытов атын­дағы облыстық қазақ музыка-драма театры жаңа эксперименттік драманы ұсынғалы отыр. Дра­ма­тургия заңдылықтарына бағын­байтын қойылым ерекше үлгідегі премьера болмақ.

Сахнада – қанатқақты туындылар

Соңғы жылдары театрдың режис­серлері көрерменнің талға­мы­нан шы­ғатын тақырып іздеуде батыл қадамдарға барып жатқанын мойын­дамасқа болмас. Адам өмір сүріп жатқан әлемнен бөлек кеңістікті шарлап көру­ге шабыттан­ған жас таланттардың әр қойылымы ны­санаға дөп тиіп, рухани дүниеге сусап келіп жатқан көпшілікті баурап алуда. Бұйыртса, қараша айының соңы мен жел­тоқсанның басында қазақ театры­ Керекудің өнерсүйер қауымын бір сіл­кінтіп алуды көздеп отыр. Өнер ұжымы бұл кезеңде «Премьералар аптасын» өткізеді. Дәлірек айтқанда, 28 қарашадан бастап 3 бірдей қойылым­ның тұсауы кесіледі. Әр қойылымда қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді өзге­ше қырынан көрсетуге деген талпы­ныс жатыр. Мұны режиссерлер мен актер­лердің дайындығынан аңғардық.

р

– «Премьералар аптасын» 28-30 қара­ша және 1-3 желтоқсан аралығына белгі­леп отырмыз. Алғашқы күні Н.Птушкина­ның «Күзгі махаббат» сатиралық комедия­сын, одан соң жас драматург Мерей Қосын­ның «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» атты эксперименттік драмасын және соңғысы А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасын ұсынамыз. Отыз жылдан астам тарихы бар қазақ театрында мұндай бояуы қою апталық бұрын-соңды болмаған. Барлық премьераны бір аптаға сыйдырып қою идеясы да тектен-тек келген жоқ. Қо­йылымдарға Алматы мен Астана шаһар­ларынан белгілі театр сыншыларын шақырып отырмыз. Өз қазанымызда өзіміз қайнап жата бермей, біз қай бағытта келеміз, актерлеріміздің деңгейі қандай сатыда тұр деген сауал­дарымызға сыншылардың көмегімен жауап табамыз деген сенім басым. Бүгінгі жұмысымызға жаңа көзқарастар мен заманауи тұрғыдан сын қажет. Қазіргі заманда отандық театрлардың бағыт-бағдары күн сайын дамып жатқаны шын. Айналадағы тенденциялар мен трендтерден қалып қалмау үшін қандай әрекет қажет?

Кейде театрлар фестивальдарында болып, өзге ұжымдар қойған қойы­лымдардан түк те түсінбей қайтатын жағдай кездеседі. Сондай кезде біз бүгінгі өзгерістен қалып бара жатырмыз ба, әлде мән-мағынасы аз дүмбілез дүниелер көбейді ме деген екіұшты ой жылт береді, дейді театр директоры Арман Темірбек.

Керекулік қоюшы режиссерлер мен актерлердің өнерін Т.Жүр­генов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сының театр өнері тарихының теориясы кафедрасының профессоры, театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс, аға оқытушы, театр сыншысы Айжан Ахмет және Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров арнайы келіп көріп, кәсіби тұрғыдан баға береді деп күтілуде.

Атап өтерлігі, театр басшылығы­ның шақыруымен Қазақстан Қарулы Күш­тері Ұлт­тық әскери-патриоттық орта­лы­ғын­дағы ансамбль концертмейстері Гүлсана Еңкебаева премьераларға хорео­графиялық жағынан көмек көрсе­ту үшін Павлодарға арнайы келген. «Мен хореографиялық жағынан өзімнің бар біл­генімді үйрету үшін келіп отырмын. Екі спектакльдің бірі арт-модерн мәне­рінде өрбиді. Сонда би элементтерін жаңа әрі заманға сай ырғақпен өңдей­міз. Көрермендер жаңашылдықты жылы қабылдайды деп үміттенемін», дейді Гүлсана Әскербекқызы.

Мұндай тақырыбы тың дүниелерді қолға алған жергілікті режиссерлер­дің есімдерін атап өткен дұрыс. «Кез­десу мен қоштасу» психологиялық драмасын қоюшы театр­дың бас режиссері Әділет Ақанов болса, «Күзгі махаббатқа» ұжымның көркемдік жетекшісі Ержан Қауланов, ал «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» спектакліне Жангелді Садықов жауаптанып отыр.

рто

Жангелдінің сөзіне құлақ түрсек, эксперименттік драма драматургия­дағы ешбір заңдылықтарға бағынбайды. Көрермен мұнда спектакльдің шарық­тау шегі мен финалының қай тұсында өрбігенін қойылым соңынан өзі ой қорытып табады.

– «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» қойылымы адамның көз жанарында сақталған әртүрлі суреттердің оқиғасы бойынша өрбиді. Яғни бұл адамның өмірі мен дүниетанымынан тыс өзге кеңістіктегі сезімдер арпалысы. Авторы – Мерей Қосын деген жас талант. 2018 жылы Қазақстандағы драматургтер фес­тивалінде бұл шығарма жүлде алған. Енді еліміз бойынша тұңғыш рет біздің театрымызда сахналанғалы отыр. Басты рөлдегі кейіпкердің рөлін бірден үш актерге бердік. Ақтілек Ақа­нова, Айкүн Бодаубек және Еркежан Төлеубек бас кейіпкерді сомдау үшін бәсекеге түсіп, сапа тұрғысынан алып шығады деген үмітіміз басым. Премье­ралық спектакльде шеберлігі басым түскенін таңдаймыз. Бұл драма – менің шығармашылығым­да­ғы алғашқы экспери­менттік дүние бо­лып отыр, – дейді қоюшы режиссер.

Ж.Садықов бұған дейін театрда «Күзгі оқиға», «Пай, пай, жас жұбай­лар-ай!», «Балалық шаққа саяхат», «Жәмила», «Алғашқы махаббат» және тағы басқа спектальдерін қойған.

Өнер ордасындағы әдеби драма бөлі­мінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбектің пікірінше, алдағы үш премьераның әрқай­сысының көтерер жүгі ерен, қоғам­ды алаңдатқан алуан түрлі тақырып.

– Эксперименттік драманың ерек­шелігі, қойылымда жасырылған жұм­бақты шешу әрдайым көрерменнің үле­сіне тиеді. Ал «Күзгі махаббат» са­ти­ра­лық комедиясында әлеуметтік жал­ғыздық, отырып қалған кәрі қыздар­дың тақырыбын қозғадық. Анасы мен қызының арасындағы үміт пен сенім ақыр-соңы әрқайсысын бақытқа жеткізеді. «Кездесу мен қоштасу» психо­логиялық драмасында бірден 22 актер ойнайды. Әр жұптың өзара сүйіп қосы­луы, арада уақыт өткенде ажырасу себептері, отбасын сақтап қалу мәселесі, ер мен әйел­дің өзара түсінісуі қозғалады. Әр алуан тағдырлардың қатпары көп құпиясына үңілу үшін көрерменнен талғам көңіл күтеміз, – дейді бөлім меңгерушісі.

ир

 

Павлодар облысы