30 Мамыр, 2014

Парламентаралық байланыстар жайы талқыланды

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Аргентинаның Сыртқы істер және ғибадат ету министрі Эктор Маркос Тимерманмен кездесті. Қ.Тоқаев сапардың екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа қуатты серпін беретініне сенім білдірді. Сенат Төрағасы мейманның сапары Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Еуразиялық эконо­микалық одаққа қол қойылатын тарихи күнге тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Э.Тимерман бұл оқиғаның алға қарай жасалған маңызды қадам екенін атап өтті. Сенат Төрағасы Қазақстанның жоғары заң шығару органының құрылымы және қызметімен та­ныс­тырды. Ол Қазақстан Пар­ламенті мен Аргентинаның Ұлт­тық конгресі арасындағы тікелей байланыс орнатуды ұсынды және аргентиналық сенаторларды Астанаға келуге шақырды. Жүздесушілер сондай-ақ, екі ел парламенттерінің жоғарғы палаталарында депутаттардың ынтымақтастық топтарын құру қажеттігін атап өтті. Қ.Тоқаев Аргентинаны Астанада болатын ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенділікпен қатысуға шақырды және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуына Қазақстанның кандидатурасын Буэнос-Айрестің қолдауына үміт артатынын жеткізді. Аргентина СІМ-інің басшысы Қазақстан мұндай мәртебеге лайық екенін және дүниежүзілік ұйым жұмысына біздің еліміздің белсенді араласуы істі жақсы жағына өзгертуге, оның ішін­де, шиеленістерді реттеуге көмек­те­сетіні туралы пікірін білдірді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.