30 Мамыр, 2014

Барша инвестор үшін тиімді алаң

241 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінің Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында өткізген кезекті брифингіне шетелдік қонақтар, яғни Қазақстан-Австрия қауымдастығының мүшесі Анна Цайтлингер, ЕҚЫҰ парламенттік тобының бұрынғы төрағасы, нидерландтық Коскун Чоруз және египеттік кәсіпкер, «Лос Амигос» компаниясының басқарушы директоры Галяль Махер Галяль Эльгор қатысты. Қазақ сырт көз – сыншы дейді. Ендеше, шетелдіктердің шынайы пікірі біз үшін аса маңызды. Сол себептен болар, шетелдіктер сөйлегенде, әрбір сөзіне мән беріп, ойынан астар іздеп отыратын әдетіміз. Орталық коммуникациялар қызметі де бұл жолы өзіміздің емес, өзге елдің сарапшыларына сөз тізгінін бергені осыдан болар. Әлбетте, брифингке қатысушылар Елбасы бастамасынан туындаған Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастамаға оң баға берді. Қазақстан басшысын Экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа қол қойылатын тарихи сәтімен құттықтаған Парламенттің төменгі палатасының экс-депутаты, ЕҚЫҰ парламенттік тобының бұрынғы төрағасы Коскун Чоруз бұл шартқа қол қойылғаннан кейін Одақпен тығыз жұмыс істейтіндерін жеткізді. Бұл ретте ол Нидерландтың Еуропамен де, Азиямен де бірлесе жұмыс істей алатындығына қуанышты екенін атап өтті. «Бізді болашақта не күтіп тұрғандығын білмейміз. Алайда барлығын жағымды тұрғыдан қарастырудамыз. Мен біздің ел мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен әріптестікті тек ұтымдылық тұрғысынан көріп тұрмын, деді Коскун Чоруз. Сондай-ақ, ол сөз арасында Еуропа одағының алғашқы кезеңдерін еске салды. «Кезінде Еуропалық экономикалық одақ құрылғалы жатқанда адамдар оған күдікпен қараған болатын. Ал олар бүгінгі күні бұл Одақтан көп пайда көріп отыр. Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің бірлескен Одағының да болашағы жарқын болатынына сенемін», деді ол. Сонымен қатар, «егер экономикалық тұрғыдан бағалайтын болсақ, Еуропа одағы миллиондаған адамға байлық әкелді. Еуропа одағынсыз көптеген банктер, Еуропа елдері тарап, құрдымға кеткен болар еді. Үлкен экономикалық мәселелер туындар еді», деген Коскун Чоруз мемлекеттер арасында интеграциялық байланыс орнап, Одақтың құрылуы экономикалық даму тұрғысынан пайдалы екенін алға тартты. Экономикалық одақ кедендік кедергілерді жойып, ел экономикасын көтеруге жол ашады. Бұдан бөлек, елімізде шетелдік инвестиция көзін тарту көрсеткіші артады. Қазақстан-Австрия қауымдастығының мүшесі Анна Цайтлингер де осындай пікірде. Оның айтуынша, Қазақстан үшін 170 млн. халқы бар базардың ашылуы – үлкен мүмкіндік. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан шағын және орта бизнес өкілдерінің саны артып, дамуына жол ашылады. Интеграциялық бірлестіктер, отандық кәсіпкерлер өнімінің сұранысқа ие болып, әлемдік нарықта орын алуына септігін тигізеді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде сыртқы рынокқа 700-ден астам тауар шығарылады. Енді бұл көрсеткіш арта түспек. «Бүгін біз тарихи оқиғаның куәгерлері болудамыз. Оның келешегi туралы көп айтылуда, әлi де айтыла бермек. Бүгiн мен Қазақстан-Австрия қауымдастығының атынан келiп отырмын. Бiздiң мақсат Қазақстанның мүддесiн Еуропада қорғау, Қазақстанға еуропалық инвесторларды, мамандарды, технологтарды тарту болып табылады. Еуропалық инвесторлар Қазақстанды перспективалы нарық ретiнде көредi. Еуразиялық ықпалдастықтың арқасында Қазақстан шетелдiк инвесторлар үшiн бастапқы алаң болады. Қазақстанды шетелдік инвесторлар бизнеске қолайлы, болашағы зор ел ретінде санайды. Еуропалық инвесторлар Қазақстанға келе отырып, Қазақстанның да, Ресей мен Беларусьтiң де нарығын игерудi көздейдi», деді Анна Цайтлингер. Еуразиялық экономикалық одақтың әр тарапқа да тигізер пайдасы мол, деп жалғады сөзін австриялық мейман. Қазіргі кезде қазақ жерінде шетел мемлекеттерінің қатысуымен 30-ға жуық инновациялық жоба іске асырылуда. Ендігі ретте Қазақстан базарына деген қызығушылық одан ары арта түседі. Осыған байланысты инвесторлардың қатары да көбейеді». Сонымен қатар, ол Еуразиялық экономикалық одақ төңірегінде қол жеткізілген келісімдер қағаз жүзінде қалмауы керектігін атап өтті. Анна Цайтлингер мәлімдегендей, Еуропа инвесторлары Қазақстанның осы бағыттағы әлеуетін мойындайды. Еуразиялық экономикалық одақ құрамына еніп отырған Қазақстан енді Еуропалық одақ төңірегінде, ТМД елдері арасында басты интеграциялық алаңға айналатын болады. Ал кәсіпкер Галяль Эльгор интегра­циялық саясат ең алдымен кәсіпкерлер үшін аса қажет екенін алға тартты. «Интеграция – бұл қазіргі қалыптасып жүрген жаңа ұран. Интеграция арқылы адамдар бір-біріне жақындай түседі. Жақындасқан адамдар жұмыла жүріп, дамудың кең даңғылына түсе алады. Бұл ретте бүгінгі интеграциялық келісімді мен өте маңызды деп есептеймін. Бұл алдымен Одаққа мүше елдер халықтарының өмір сүру деңгейін жақсартуға жағдай жасайды. Мүмкін, жақсылықтың бәрі бірден бола қоймауы да ықтимал. Бірақ болашақта интеграция игілігін міндетті түрде көреді, жақсы мүмкіндіктеріне қол жеткізеді. Мен мұнайшымын, сол себепті бұл саладағы зор мүмкіндіктерді білемін. Бұл бағыттағы Қазақстанның қуатын, байлығын бағамдаймын. Қазақстан әлемнің минералды байлығының айтарлықтай бөлігіне ие. Ал оның бәрін игеру, өндірісті дамыту, өнімді нарыққа шығару үшін сауда-экономикалық ықпалдастықтың пайдасы зор. Ал бүгінгі шарт осы мүмкіндіктерді ашып, барлық инвесторларға тиімді алаң тудырғалы тұр. Енді біз сіздердегі 17 млн. емес, 170 млн. халқы бар нарықты айтатын боламыз. Бұл – бизнес үшін өте ауқымды нарық. Мұнайшы ретінде, Қазақстан маған қашанда жақын, қазақстандықтар біздің ағайынымыз», деді Галяль Эльгор. Сондай-ақ, ол Қазақстан өнімін негізгі сатып алушылардың қатарында Италия, Қытай, Нидерланд, Франция, Щвейцария және Австрия мемлекеттері бар екендігін, ал бұл дегеніміз, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының айтарлықтай жоғарылағанын көрсететінін атап өтті. Ол өз сөзін Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның сыртқы саясатын жетілдіре түседі деп аяқтады.