Сайлау • 20 Қараша, 2022

Көкшетаулықтар өз таңдауын жасауда

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысының орталығындағы Білім-инновация лицейінің ғимаратында орналасқан №24 учаскеге сайлаушылар таң сәріден келе бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көкшетаулықтар өз таңдауын жасауда

Учаскеде 2864 сайлаушы тіркелген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жұмабай Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, дайындық жұмыстары тиянақты жүргізілген. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға дауыс беру үшін қолайлы жағдай жасалады.

«16 адам үйлерінде дауыс береді.Ешкім де қалыс қалмауы керек қой. Біз азаматтардың дауыс беруіне барлық жағдайды жасаймыз», дейді комиссия төрағасы.

Сайлаушылармен де тілдестік. Халық ел болашағына бей-жай қарамайды. Саяси белсенділіктің жоғары болуы сондықтан.

«Ендігі арада адамдар бейжайлықты қоюы керек. Осының барлығы еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан шаруа. Сондықтан әркім өзінің жүрек қалауын айқындап, егемен еліміздің керегесі кеңіп, әділ де жайлы қоғам орнату үшін өз таңдауларын жасауы керек. Бүгін көршілеріміз де, жақын маңда тұратын таныстарымыз да ерте тұрып, сайлау учаскесіне келіп жатыр. Осының барлығы ел ішіндегі бірлікті, келешекке деген алаңдаушылықты білдіреді емес пе? Сәл ғана уақытыңызды алып, көкірегімде жатталып қалған ескі бір суретті тірілте кетейінші. Баяғыда бала кезімізде ата-аналарымыз құлқын сәріден тұрып, барын киіп, байлауын тағып, нақ бір мерекедегідей сайлау учаскесіне бет алатын. Біз, балалар үлкендердің бойындағы жауапкершілік сезімді жете түсінбесек те, солармен бірге тұрып, шығарып салатынбыз. Бүгін мен де балалар мен немерелердің құлағына құйып шықтым. Ертең олар да кәмелеттік жасқа толған кезде ел болашағын өздері таңдайтындықтарын біліп жүрсін дегенім ғой», дейді қала тұрғыны Ермек Жаңатов.

Облыс орталығындағы сайлау учаскелеріндегі жауапты науқан жауапкершілікпен жүріп жатыр.