Сайлау • 20 Қараша, 2022

Алматыдағы 55 учаскеде тіркелмеген азаматтар дауыс бере алады

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматының сайлау учаскелерінде таңертеңнен белсенділік байқалады. Дауыс беру басталғаннан бір сағат өткен соң Қазақстан Республикасы Президенті сайлауынан хабар тарату жөніндегі баспасөз орталығында Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова сайлаудағы белсенділік туралы айтып берді.

Алматыдағы 55 учаскеде тіркелмеген азаматтар дауыс бере алады

Барлығы 600 сайлау учаскесі ашылды, оның алтауы таңғы сағат 6.00-де өз жұмысын бастады (әскери мекемелерде), қалғандары таңғы сағат 7.00-де ашылды. 55 сайлау учаскесінде тіркелмеген азаматтар дауыс бере алады, тағы бір ерекшелігі 68 сайлау учаскесі сайлаушылар дауыс берген бойда кез келген уақытта жұмысын тоқтата алады. Алматыда барлығы 1 миллион 176 мың сайлаушы бар.

Барлығы 8 аудандық және бір қалалық комиссия жұмыс істеп жатыр. Жанна Асанованың айтуынша, таңертеңнен сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің қарасы қалың.

«Тренинг барысында теориялық бөлімнен басқа, өткен науқандардың тәжірибесінен қалыптасқан кейстер пысықталды. Заңға сәйкес, егер сайлаушы бюллетеньді өз бетімен толтыра алмаса, ол сенім білдірген адамның көмегін пайдалануға құқылы, бірақ ол адам сайлау комиссиясының мүшесі, БАҚ өкілі немесе кандидаттың сенімді өкіл бола алмайды», дейді ол.

Алматыда 43 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген, олар үшін инватакси жұмыс істейтін болады, олардың жұмысын жергілікті атқарушы органдар реттейді.